Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева Батыс Қазақстан облыстық соты кеңсесінің басшысы Е.О.Айтпайдың және облыстық соттың ішкі қауіпсіздік және соттардағы сыбайлас жемқорлыққа байланысты алдын алу бөлімінің басшысы С.Ш.Далиевтің қатысымен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2015 жылғы 30 қарашадағы №119 Жарлығына сәйкес Бөкей ордасы аудандық сотының төрайымы болып тағайындалған Г.Т.Сағитованы аудан активіне таныстырып, оның жаңа қызметіне сәттілік тіледі. Әрі Гүлжихан Темірболатқызының қасиетті өлкеде де кәсіби шеберлігін шыңдап, ел-жұртпен қоян-қолтық жұмыс жасайтындығына сенім білдірді.
* * *
Сағитова Гүлжихан Темірболатқызы 1969 жылы 5 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысының бұрынғы Чапаев ауданы Батурино ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары, 1999 жылы Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша тамамдаған. Ал, еңбек жолын Батыс Қазақстан облыстық сотында сот мәжілісінің хатшылығынан бастап, жетекші маман, бас маман болған.
2003-2010 жылдар аралығында Жаңақала аудандық сотының судьясы, 2010-2015 жылдары Ақжайық аудандық №2 сотының төрайымы қызметтерін атқарған. Ағымдағы жылдың 30 қарашасынан Бөкей ордасы аудандық сотының төрайымы.