5.01.2016, 11:37
Қараулар: 384
Ақпарат айдынындағы айшықты сәттер

Ақпарат айдынындағы айшықты сәттер

Секундтарды санаған сағат тілінің сыртылы болмаса, саналы тіршілік иесі – адамдардың көбі ай түгілі, жылдың да қалай зымырап өте шыққанын аңғармай қалатын тәрізді. Қара шаңыраққа бас сұққан ақсақалымыз, ардагер-журналист Тұрақбай аға Шәкеновтің Қазақ хандығының 550, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы атап өтілетін қой жылында аудандық газеттің шыға бастағанының 85 жылдық (жеті мүшел) тойы ескерусіз қалмауы керектігін айтып, мүшелтойға кіріспе іспетті мақаласын ұсынғаны күні кеше сияқты еді. Ол «Орда жұлдызының» 2015 жылғы 1 қаңтардағы санында жарық көрді. Сол бетте «Жайық Пресс» ұжымының жаңа жылды қарсылау кешінде «Ұрпақтар сабақтастығы» рәсімінің тұсауын кескені жайындағы корреспонденция да басылды.

«Ұрпақтар сабақтастығы», «еңбек эстафетасы» – журналистер қаламынан туған, оқырмандар жылы қабылдап, қоғамдық ортаға кіріккен тұрақты сөз тіркестері. «Газет тілі» деп кей филолог ғалымдар үрке қарағанымен, сол «өнімдердің» қолданыстан түспей келе жатқаны олардың өміршеңдігінің белгісі емес пе?! 1930 жылдың 7 қыркүйегінде «Жаңа жол» деген атаумен аудан оқырмандарына жол тартқан газет редакциясында да әлденеше ұрпақ ауысып, еңбек эстафетасының үлкеннен кішіге тапсырылғаны анық. Жерінің біраз бөлігі әскери сынақ полигонына берілуіне байланысты ауданымыздың 1952 жылы таратылуы, редакцияның  жабылып, қызметкерлерінің жан-жаққа кетуі аралық тінді үзіп, ақтаңдақтануға соқтырды.

…1972 жылдың 10 наурызында Орда ауданы қайта құрылып, 1973 жылдың 1 қаңтарынан «Орда жұлдызы» деген атпен аудандық газет қайта шыққанымен, олардың арасында бұрынғылардан ешкім жоқ-ты. Сол олқылықтың орнын толтыруға тырысқан редактор Хамит аға Сүлейменов Оралдан бастап Алматыға дейінгі өзі білетін көнекөздерге хат жолдап, естеліктер сұратты. Алматылық болып кеткен ордалықтар Ермекқали Неғметов пен Хамит Чуриннің үн қатып, біраз материалдар жібергені, оларға газетімізден орын тигені есімде. Қызыл империяның дәурені жүріп тұрған кезең ғой, кеңестік идеологиядан қаймықты ма, ол қариялар да көп нәрсені ашып айтпай, «ұмытыңқырап қалықпын-ауға» салған сыңайлы.

Сонымен, 85 жылдық тарихы бар газеттің мен тек 42 жылына араласыппын. Аз ба, көп пе?! Осы аралықта төрт редактормен қызметтес болыппын. Әрі корректорлықтан бастап, тілші, әдеби қызметкер, хат бөлімі меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары лауазымдарын атқарыппын. Газет жанрларының қай түріне де қалам тартыппын. Өзге әріптестерімдей, мен де біреулердің «башпайын» басып та кетіппін. Кектеніп қалған біреулер өтпелі кезеңде тобықтан қағуға тырысып еді-ау?! Әйтеуір, бас аман, ел тыныш. Қатарға қайта қосылдық. Газетіміздің 80, 85 жылдықтарында редакцияда істегендер хақында бірнеше естелік жазғандықтан, оларды қайталамай, биылғы мүшелтой несімен есімізде қалды, соны әңгімелемекпін.

«Газеттің өзі − бір күндік, сөзі − мың күндік» демекші, оның қозғамайтын мәселесі, араласпайтын ісі жоқ. Қоғамдағы әр құбылысқа үн қатып, бұқараға жеткізіп, насихат жүргізуі қажет. Кейде ағымдағы ақпараттарды қуалап жүргенде, ойға алған бастапқы ісің аяқсыз қалады. Біз де «Сарғайса да газеттің ақ парағы, өткен күндер тарих боп сақталатына» оқырмандарымыздың назарын маусым айында ғана аудара бастадық. Аға тілші Амантай Хамзиннің дайындауымен «Жаңа жол» газетінің 1941, 1942, 1943 жылдардағы мақалалар көшірмесі басылды. Оларда халқымыздың қан майдандағы, тылдағы ерекше қимылдары баяндалған. Одан кейін «Тасқа басылған тарих» атты жаңа айдар ашып, өткен жылнамаларды қайта суыртпақтаттық. Хан Ордасындағы ХIХ ғасырдың сәулет ескерткіші болып табылатын ғимаратынан, дәлірек айтсақ, Бөкей ордасы тарихи мұражай кешені директоры Ғайса Махимов отырған үйдің қабырғасынан «Жаңа жол» газетінің 1930 жылдың 8 қазанында басылған 9-ыншы санының бес данасы табылуын біздер де, оқырмандарымыз да мүшелтой  қарсаңында жасалған «тосын сый» ретінде қабылдадық. Шиыршықталып оралып, белінен кендір жіппен байланған газеттердің ағаш үйдің қабырғасы арасында ылғал тимей, тышқан кемірмей 85 жыл сақталуы таңқаларлық нәрсе ғой! 23 маусымдағы газетіміздің басты жаңалығы да осы болды.

Сондай-ақ, 25 маусымда Орал қаласында облыстық филармонияда «Жайық Пресс» медиахолдингінің (басшысы Сафуллин Жантас Набиоллаұлы) ұйымдастыруымен қаламгерлердің төл мерекесіне арналған шырайлы шара өтті. Облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен редакторымыз Бауыржан Бисеновке Құттықтау хатқа қоса,  су жаңа «Нива» автокөлігінің кілтін табыс етсе, ордалық музей қызметкері Мира Құтышева екеуміз медиахолдинг басшысының қолынан Алғыс хат алдық. Салтанатта сөйлеген Жантас Набиоллаұлының қазақ баспасөзі қарлығаштарының бірі «Қазақстан» газеті мен облыстық «Орал өңірі» газетінің де бастауы Ордада жатқанын баса көрсетуі мерейімізді тіптен асқақтатты. Ал, 30 қыркүйекте оздырылған  газетіміздің мүшелтойына «Жайық Пресс» басшысының өз орынбасары Ғайсағали Сейтақпен бірге 2 облыстық, 12 аудандық газет редакторларын ерте келуі, Хан Ордасындағы  Қазақстандағы тұңғыш баспахана үйіне «Бұл үйде 1917-1918 жылдары заңгер, ағартушы Ғабдолғазез Мұсағалиевтің редакторлығымен бөкейлік Алаш қайраткерлерінің саяси басылымы «Ұран» газеті шығып тұрған» деген қосымша тақта орнатуы, «Қазақстан» газеті туралы деректі фильм түсірттіріп, онымен таныстыруы бөкейліктер үшін ерекше тарту болды. Сол күні Сайқындағы бұрынғы баспахана (қазіргі спорт мектебі) ғимараты қабырғасына «Орда жұлдызының» редакторлары Хамит Сүлейменов пен Балмолда Тоқсановқа ескерткіш тақта қойылуы да  елдігіміздің айшықты белгісіндей әсер қалдырды. Осы күні аудандық Мәдениет үйінде ғылыми-практикалық конференция және «Күй-ғұмыр» атты аймақтық күйшілер байқауы өтті. Осынау шараларда аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов, «Жайық Пресс» басшысы Жантас Сафуллин, республикалық «Егемен Қазақстан»  газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі Темір Құсайын, Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов және облыстық, аудандық газет редакторлары ізгі тілектерін жеткізіп, тарту-таралғыларын ұсынды. Шынында да, ол күн Сайқынға «Журналистер жауған күн» (Гүлнар Қадырова «О.Ж.», 6 қазан 2015) болды.

Иә, той тәлімі ішіп-жеумен өлшенбейді. Ол – өткенді саралау, ой қорыту, бүгінгі деңгейіңді пайымдап, болашақты жоспарлау. Бұл тұрғыдан алғанда көздеген мақсатқа жеткендейміз. Ұжымымыз да, оқырмандарымыз да бір серпіліп қалды. Жастарымыздың құлшынысы артты. Қол жеткенге тоқмейілсімей, ынтымағымызды нығайтып, алда да биіктерден көріне берейік. Жаңа жылда да бірге болайық, құрметті оқырман!

Каримолла ҒАЙСИН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар