28.01.2016, 15:08
Қараулар: 298
Жауапты хатшы

Жауапты хатшы

г-112-1Заман көшінен қалмай, ауданның тыныс-тіршілігін, жаңалығын тың әдіс-тәсілдерімен тасқа басқан «Орда жұлдызы» газетінің журналистері мен ауылдық тілшілері өмірдің сан-саналы құбылыстарын көсілте жазып, келелі мәселелердің жүзеге асуына ой тастап келеді. Солардың ішінде қаламы ұшты, пікірі салмақты, көргені мен түйгені мол ардагер-журналист Тұрақбай ағамыз да бар. Басылым бетінде бірде Т.Шәкенов деп фамилиясын көрсетсе, бірде Т.Шариғалиев, Т.Оңқаев, Т.Нарынов, Т.Толостов, Т.Құмашев, Т.Дүйсин, Т.Есенгелдин, Т.Нұрышев деп, бүркеме атпен (псевдониммен) мақала төкпелеткен Тұрақбай ағаны оқырмандары ұмытпаса керек. Сол кездегі аудандық «Октябрь туы», «Орда жұлдызы» газеттеріндегі ол  туралы қаламдастарының да жазғаны жетерлік.

Музей қашан да көне жәдігерлерді, тарихи маңызы бар деректерді іздестіріп отырады ғой. Сондай бір жоғымыз аудандық газеттің «Орда жұлдызы» деген атпен жарыққа шыққан бірінші нөмірі еді. Кітапханалардан, мекемелер мен жеке адамдардан газет тігіндісін іздестіргенімізде Тұрақбай аға «Менде бар» деп «Орда жұлдызы» газетінің №1 және №2 санын ұсынды. Алғашқысы 1973 жылдың 1-ші қаңтарында, екіншісі 3-қаңтарында басылыпты. Бастапқыда ксерокөшірмелерін алуға сұрап алдық. Кейін ақсақалдың өзі «Менің музейге сыйым болсын», − деп әлгі газеттерді бізге басыбайлы берді. Осыдан бастап Тұрақбай ағамен жиі хабарласып, оның жеке мұрағатында аудандық газеттің тігінділері сақталғанын білдік.

Музей кешенінде жаңадан бой көтерген «Тұңғыш қазақ кеңестік баспаханасы» музейі экпозициясы жасақталып жатқан кезде де ағамыз бізге үлкен көмек көрсетті. Орда аудандық баспаханасында әр жылдарда істеген адамдар жайында мол мәліметтерді өзінде сақталған әріптестерінің суреттерімен қоса тапсырды. «…Бұл газеттерді оқуға қазір көзім де көрмейді, құлақ та ауырлады» деп неше бір жылдар өзі де қолтаңба қалдырған, бірнеше үзеңкі жолдас әріптестерін еске түсіретін «Октябрь туы» (1964, 1970-1971 ж.ж.) «Орда жұлдызы» (1973, 1974, 1975, 1976 ж.ж.) газеттерінің тігінділерін қолымызға ұстатты. Сарғайған газеттердің бірінші бетінің жоғарғы бұрышында кезекші Наурызғалиев, Шәкенов, Ғайсин, т.б. фамилиясы мен атының бірінші әрпі жазулы тұр. Бұл сол күнгі шыққан газетке жауапты адам екенін ұқтық. Осының өзі-ақ ұқыпты қолдың табын айқын аңғартып тұрғандай. Саналы ғұмырында аудандық газетте отыз жыл жауапты хатшы қызметін атқарған көкірегі толы сыр сандық, қазыналы қарияға көнекөз ел адамдары туралы сауал тастап, тың мәліметтерге де қанықтық. Фототілші (фотокорреспондент) Төлеу Бәйішев, «Сталин» колхозының басқарма төрағасы Мәмбет Теміралиев, ұзақ жыл бөлімше басқарған Исағали Бисекенов, тағы басқалар туралы сұрағанымызда өз білгенін баяндап, тағы кімдермен байланысуға болатынын айтып, телефоны мен үй-жайларын хабарлады.

2014 жылы Хан Ордасы ауылында өткізілген Орда кеңшарының 50 жылдық мерейтойында бұрындары кеңшардың әр саласында қызмет атқарып, аудан экономикасының өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосқан жерлестеріміздің еңбектерін қайта насихаттауда, музей кешені дайындаған «50 жылда – ел жаңа» атты тақырыптық экпозициясы жасақталғанда осы газеттерді парақтап, көп сырларға қанықтық.

Отыз жылдан астам газет жұмысының қазанында қайнап, түйгені мол ардагер журналистің ел алдындағы еңбегі бағаланып, бірнеше рет аудан, облыс басшыларының Мақтау қағаздарымен марапатталған.

Өткерген бұл өмірдің дүрмектерін,

Тек қана жақсылықты құрметтедім.

Барым да, базарым да арналды әр күн,

Ел үшін арманы не тер төкеннің!

 

Сондықтан түн болса да ерінбедім,

Досы боп көргенім жоқ көрінгеннің.

Мейлің ұқ, мейлің ұқпа мен әйтеуір,

Еңбектің дүрілдеген төріндемін, – деп ақын ағамыз Хамидолла Қыдыров жырлағандай, журналистердің әр күнінің тынымсыз еңбекпен өтетінін бағалап, насихаттай жүрейік демекпіз. Өйткені, газеттің өзі бір күндік болғанымен, сөзі мың күндік. Оған жоғарыдағы жәйттер куә. Айтпақшы, мына суретте сол Тұрақбай ағамыз бен оның бір топ әріптестерінің сенбілікте жүрген сәті бейнеленген.

Бақыт ДӘУЛЕТОВА,

Бөкей ордасы тарихи музей кешенінің бас қор сақтаушы.