28.01.2016, 15:12
Қараулар: 387
Кооперативтің көмегі шаруамызды ілгері бастырды

Кооперативтің көмегі шаруамызды ілгері бастырды

д-14Ауылдық тұтынушылыр кооперативі (АТК) туралы алғаш «Орда жұлдызы» газетінен оқығанмен онша терең мән бере қоймағанбыз. Бізге ол бұрынғы совхоз, бөлімше орталығы тұрғындарына ғана қатысты нәрседей көрінген. Әрі «…кооперативке ешкімді мәжбүрлеп кіргізбейді. Оған кіру де, одан шығу да ерікті» деген жолдар қазақы жайбасарлығымызға тіптен қолайлы тигендей. Тек кейін аудандық ауыл шаруашылық бөлімі басшысы Сүйінбек Хайроллин мен кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалы директоры Бибігүл Жұмағұлова қыстағымызға арнайы келіп, егжей-тегжейлі түсінік бергеннен соң ойлана бастадық. Кооперативті екі үй, 50 немесе одан да көп үй бірігіп құра алатын көрінеді. Басты талап − аналық сиыр саны 30-дан кем болмауы, әр 30 аналыққа бір асыл тұқымды бұқа қосылуы керек. Мүшелікке кірушілердің тізімі, ортаға қосқан малының саны (соған сай пай есептелді) хатталып, жарғы да тұрғызылады екен.

Шаруа қожалығымыз шағын болғандықтан біз көрші ауылдардағы шаруа қожалық иелері Елтай Қонақбаев, Тайыр Бөкеновпен бірлесе отырып, «Жәңгір» кооперативін құрдық. Елақаң төраға ретінде бүкіл құжаттарды ретке келтірді, әділет басқармасына тіркетті. Міне, соның нәтижесінде ірі қараның әр басына 18 мың теңгеден қайтарымсыз қаражат қолымызға тиді. Бұл біздің жем сатып алуымызға толық мүмкіндік жасады. Егер біз кооперативке кірмесек, мұндай жеңілдікті пайдалана алмас едік. Осы жайды салғырттыққа салынып, өзімен-өзі оқшау күй кешіп отырған малшыларға жеткізсем бе деген оймен қолыма қалам алдым. Олар да кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына не ауылшаруашылық бөліміне жолығып, қажетті құжаттарды жинап, кооператив құрып, әділет басқармасына тіркетсе жетіп жатыр. Тек ерінбей, белсенділік таныту, сілкіну қажет. Сілкінбесек, қимылдамасақ, жаһандық дағдарыстың құрсауына ілігуіміз мүмкін.

Айнагүл ТАУБАЕВА,

«Жәңгір» АТК мүшесі.

Сайқын ауылдық округі.