9.02.2016, 10:34
Қараулар: 305
Ауыл абаттанса, халық қанаттанады

Ауыл абаттанса, халық қанаттанады

2015 жылы аудандық бюджеттің кіріс бөлігі 2 млрд. 453 млн. 435 мың теңгені құрап, жоспар 101,9%-ға орындалған. Аудандық бюджетке 279 млн. 367 мың теңге салық пен басқа да міндетті төлемдер түсіріліп, кіріс те 128,6%-ға жеткен. Бұл алдыңғы жылғыдан 2,8%-ға жоғары.

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша 25 маманға 3 млн. 486 мың теңге көтерме жәрдемақы төленіп, 17 маманға тұрғын үй алуға 44 млн. 595 мың теңге бюджеттік несие берілгені де айтылды. Ал, 2016 жылға жас мамандарға көтерме жәрдемақы төлеуге 3 млн. 712 мың теңге, бюджеттік несиелендіруге 38 млн. 178 мың теңге қаржы қаралған.

Бұдан кейін ауыл шаруашылығы саласына тоқталған әкім ауданда 12 асыл тұқымды шаруашылық барын, соның ішінде, «Хан ордасы» ЖШС-і айыр өркешті бактриан түйесін, 9 шаруа қожалығы қазақтың ақбас сиырын, 2 шаруа қожалығы асыл тұқымды көшім және жабы жылқыларын өсіретіндігін сөз етті. Қазіргі таңда ірі қара 57138, қой-ешкі 106739, жылқы 18670, түйе 1204 басқа жетіп отыр. Әрі «Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында ауданда 7 жоба бойынша жұмыс жүргізілген. Есепті мерзімде 1 бордақылау алаңы («Каукешев А.» шаруа қожалығы) іске қосылса, 1 шаруа қожалығы («Ораз») 66 асыл тұқымды қашар сатып алған.

– Өткен жылғы есеп беру жиналысынан кейінгі іс-шаралар жоспарына ауылдық округтер бойынша шешімін табуы тиіс 20 мәселе енгізілген болатын, соның 12-сі орындалды, – деді баяндамашы одан әрі. – Біреуі, атап айтқанда, Жәрмеңке бастауыш мектебін табиғи газге қосуға қаржы бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары жасалды. Жаз шыға іске кірісіледі. 7 мәселе қаржылық жағдайларға байланысты орындалу мерзімдері ұзартылып, ағымдағы және алдағы жылдарға көшірілді. Бұлар – Көктерек және Жетібай ауылдарында ауылішілік су құбырын тарту, Мұратсай ауылындағы су қоймасының үлкен бөгетін жөндеу, Әжен және Қарасу ауылдарындағы клубты күрделі жөндеуден өткізу, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасына сай Сайқын ауылындағы көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеуді жалғастыру, М.Бегалиева, Ш.Жексенбаев атындағы орта мектептер ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізу.

Жарыссөзге бірінші болып шыққан аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Серік Таңатов Нұрлан Сағынтайұлының қариялар ұйымымен қоян-қолтық жұмыс істеп келе жатқанына, үлкендердің ақыл-кеңесімен санасып отыратынына ризашылығын білдіріп, қаржы тапшылығына байланысты кейінге сырылып қалған ауылдық округ орталықтары мен елді мекендерге табиғи газ, «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Сайқын ауылы тұрғындары үйіне су құбырларын жеткізу, тұрғын үй салу жұмыстарын жандандырып, жастарды ауылда тұрақтандыруды қолға алу қажеттігін айтты. Әрі жоғары оқу орнын бітірген ұл-қыздарымыздың ауылға оралуы кеміп бара жатқанына алаңдаушылық танытып, аудан, округ орталықтарынан дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін, спорт залдар салдыртуды сұрады. Аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дмитрий Семилидидің де пікірі осымен үндес шықты. Аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының маманы Татьяна Березина Нұрсұлтан Әбішұлының салиқалы саясаты арқасында елімізде ұлтаралық татутылық пен қоғамдық келісімге, діндердің өркендеуіне қол жеткізгенімізді дәріптеп, биыл ғана құрылған «Луч добра» («Жақсылық нұры») славян этно-мәдени бірлестігінің Рождество мейрамын қалай тойлағанын айтып берді. Қазақтар шаңырақ, өзгелер уық бола білген Қазақстандағы халықтар достығы нығая берсін, «Мәңгілік Ел» арманы жүзеге ассын деген тілегін жеткізді.

Ал, Саралжын ауылдық округінің «Бескөл» елді мекені тұрғыны Ғалымжан Нанаев шалғайда тіршілік кешсе де, тұрмыстарының ешкімнен кем еместігін, өткен жылы округ орталығындағы орта мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, Сайқын-Орал грейдеріне дейінгі жолдың тегістелгенін мәлім етіп, ендігі армандары табиғи газ желісі мен облыс орталығына дейінгі жолдың дұрысталуы екенін айтса, сайқындық кәсіпкер Қуаныш Шәріпқалиев бизнеспен айналысуға кең жол ашып, жәрдемдесіп отырған Елбасымызға, ал, «Нарын жастары» ЖҚБ жетекшісі Жалғас Әшенов жастарға қолдау білдіріп, қамқорлағаны үшін Нұрлан Асқарұлына рахмет айтты.

– Қайырлы күн! – деп сөзін бөкейліктермен амандасудан бастаған облыс әкімі жиналғандарды Жаңа жылмен құттықтап, «Жақсы істер алда да жалғасын таба берсін» деді. Еліміз үшін тойлы жыл болған қой жылындағы елеулі оқиғаларға қысқаша тоқталып, биылғы атқарылар істерді – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы, Парламент Мәжілісі мен өңірлік мәслихаттардың алдағы сайлауы, Елбасы тапсырмаларына байланысты өлкемізде жүзеге асырылар жұмыстарды таныстырды. Сөйлеушілердің сөзінде қозғалған мәселелерге қатысты облыс басшысының өзі және тиісті сала жетекшілері түсінік берді.

Нарынның мал өсіруге қолайлылығын хан Жәңгірдің тиімді пайдаланғанын ерекше атап көрсеткен Нұрлан Асқарұлы қазіргі мал бағу технологиясының өзгере қоймағанын тілге тиек етіп, құм көшкінін болдырмау үшін отар-табындарды жаз шыға қырға көшіру, яғни, ата-бабаларымыздың жайлау тәсілін қолдану, бабалар рухын сезіну қажеттігіне тоқталды. Жерлес ақынымыз Ғайсағали Сейтақ толғаған «Егер Бөкей көшпесе…» төңірегінде ой қозғап, шекаралық аймақ екенімізді еске салды. Жастарымызды бақытты басқа жерден іздемей, атакәсіпті өркендетуге батыл кірісіп, туған ауылды түлетуге шақырды. Сөз арасында «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша несие алып, қарыз ақшаларын қайтармай жүргендердің арасында бөкейліктердің де барын айтып өтті. Қазіргі таңда жерлестеріміздің мойынында 27 миллион теңге ілулі тұрған көрінеді.

Әр сөйлеушінің қозғаған мәселесіне жауап берген тұста облыс әкімі аудан жастарының жетекшісі Жалғасқа қарап: «Алғысты Елбасына бағышта, мен тек орындаушы ғанамын», − деді. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген осы. Әрі көпті көрген өңір басшысы ауыл абаттанса, халық қанаттанатынын алға тартып, елдің ертеңі бүгінгі білімді жастардың қолында екендігіне екпін сала сөйледі. Шынында да, мемлекеттік қызметкер алғыр да адал, талапшыл да турашыл, мерейлі де мейірімді болып, бұқарамен тіл табысып, Елбасы тапсырмаларын бұлжытпай орындай білсе, ел еңсесі биіктей түсері хақ.

К.ҒАЙСИН.