19.04.2016, 9:14
Қараулар: 324
Ана мен балаға қамқорлық

Ана мен балаға қамқорлық

Ана мен бала өлім-жітімін төмендету жөніндегі аудандық штабтың (төрайымы – аудан әкімінің орынбасары Л.Т.Қайырғалиева) отырысында осы бағытта өткен жылғы іс-шаралар қорытындыланып, алдағы жұмыс жоспары бекітілді. Жүкті әйелдерді уақтылы есепке алу жайына талдау жасалып, ана, сәби және бала өлімін болдырмауға бағытталған «Жол картасы» жобасы таныстырылды.

Иә, елімізде ана мен балаға қамқорлық жасау мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Өйткені, ол екеуі әр әулеттің ертеңі. Дені сау ана ғана мығым ұрпақты дүниеге әкелсе, бала өмірдің жалғасы. Тіршілік сабақтастығының үзілмеуін Жаратқанның өзі Адамға міндеттеген деседі дін өкілдері. Яғни, отбасын құрып, ұрпақ өрбіту – әр пенденің өмірдегі басты борышы. Біз осыған қалай қарап жүрміз? Бойдақтар мәселесі өз алдына бөлек әңгіме. Жұптасқандардың, ұрпақ өрбітуге қабілетті жастағы әйелдердің жағдайы нешік?

Отырыста хабарлама жасаған, сөйлеген штаб төрайымы Лариса Тельманқызы мен аудандық аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Айжан Сабырова, әлеуметтік психопрофилактикалық бөлім меңгерушісі Ағайша Хайырова, тағы басқалардың айтуына қарағанда, ауданымызда бұл салада біраз істер тындырылыпты. Ауылдағы, аудандағы медицина қызметкерлері тұрғындар арасына шығып та, аудандық «Орда жұлдызы» газеті арқылы да денсаулықты нығайту, жүктілікті жоспарлау, бала күтімі жайындағы түсінік жұмыстарын өрістеткен. Денсаулық сақтау мекемелері жанында жас отбасы, жас аналар мектептері жұмыс жасайтын көрінеді. Соның нәтижесінде жарық дүние есігін ашқан сәбилер саны алдыңғы жылмен салыстырғанда Сайқын, Бисен, Орда округтерінде 8-6 балаға артқан. Дегенмен, жүкті әйелдердің есепке кеш тұруы тыйылмауда. Егер уақтылы есепке алынып, тиісті ем-домы жасалғанда 4 шарананың перинатальдық (3-еуі облыстық перинатальдық орталықта, біреуі аудандық ауруханада), бір ерте неонатальдық (Бөрлі ауылынан) өліміне жол берілмес пе еді?! Европалықтар бала көтермес бұрын денсаулығын тексертіп, дәрігерден кеңес сұраса, біздің аданастарымыз медициналық  көмекке  айы-күні  жеткенде ғана жүгінеді екен. Өткен ғасырда осылай болған, әлі солай. Сонда жаңа дәуірге сай сауаттанғанымыз, сана-сезімдеріміздің өскені қайда? «Сауатты екеніңе, орысша-қазақша ағып тұрғаныңа таласым жоқ. Бірақ, ішімдікті сіміруің мен темекіні құмарлана соруыңа қарағанда санаң ашылмай қалған сияқты», дейтін марқұм әкем кей балдыздарына.

Отырыста 2015 жылы дүниеге келген балалардың төртеуінде туабіткен кемістік анықталғаны айтылды. Сөйтіп, ауданымыздағы бала кезден мүгедектер саны 59-ға жеткен. Бір көңіл толарлығы оларды сауықтыру шаралары  үзбей  жүргізілуде. Тілі  кеміс, қимыл-қозғалысы қиын, тағы басқа диагноздар қойылған балғындардың бірқатарымен аудандық педагогикалық-психологиялық түзеу кабинеті мамандары шұғылданса, 8 бала Алматы, Астана қалаларындағы сауықтыру орталықтарынан ем алған. Балапандарының сөйлеулері, жүріс-тұрыстары қалыпқа түсіп келе жатқанын сезіну ата-ана үшін қандай қуаныш! Ол емдеуші, емделуші һәм ата-анадан үлкен табандылықты, тынымсыз еңбекті талап етеді. Әркез дәрігерлер кеңесіне құлақ асып, өзіміздің де, отбасы мүшелерінің де саулығының сыр бермеуін қадағалап, салауатты өмір салтын ұстансақ, болашағымыздың жарқын болары хақ.

К.ҒАЙСИН.