28.05.2016, 11:46
Қараулар: 325
Алтай Көлгінов: Елге сәлем айтыңыздар!

Алтай Көлгінов: Елге сәлем айтыңыздар!

Биылғы Ұлы Жеңіс мерекесін Орал қаласында қарсы алдық. Облыстық ауруханада емделіп жатқан жұбайым Серік Нәсиұлы сұранып үйге шықты да, қаладағы ұл-келініміз Ғалымжан-Светалардың қолқалауымен 9 мамыр күні майдангерлерге арналған Жайық жағасындағы ескерткіштерге (Стеллаға) бардық. Онда сол бір сұрапыл жылдарда ел қорғауға облысымыздан аттанған жауынгерлердің қаза тапқаны бар, тірі оралғаны бар, баршасының есімі мәрмәр тасқа ойылып жазылған екен. Атамыз, соғыс ардагері Нәси Нүркеновті іздей бастадық. «Н.Нұрханов», «С.Нүркенов» дегендерді ұшыраттық. «Мүмкін, әріптен жаңсақтық кеткен шығар» деп апарған гүлімізді қойдық. Соңынан білгеніміздей, бұл майданға қаладан аттанғандардың тізімі екен. Аудандар бөлек-бөлек жазылыпты. «Бөкей ордасын» іздеп таппадық. Сөйтсек, «Орда» ауданы деп жазылыпты. Бірақ, атамыздың аты-жөні онда да болмай шықты.

Көңілі сәл пәс тартқан отағасын (өзгемізден гөрі майдангердің ең жақыны сол ғой) ортаға алып, жағалай қойылған скамейкалардың босағанына келіп жайғастық. Халық көп. Бірі плиталарға гүл шоқтарын қойып, бірі жазуларды оқып, бірі жай серуендеп жүр. Кенет бір топ адаммен бірге суретке түсіп жатқан облыс әкімі Алтай Көлгіновті көзіміз шалды. Туыстарымен келген шығар деп ойладық. Қасындағылар бөлініп кетіп, әкім ілгері беттеді. Жанымызға жақындаған сәтте үлкен ұлымызбен жасты болса да, лауазымын сыйлап, орнымыздан тұрдық.

  • Ассалаумағалейкум! – деп амандасты ол отағасымен.
  • Уағалайкумассалам!-деген Серік оны жаңа орынтағымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. «Алыс ауданнан келіп едік, рұқсат болса, бірге фотоға түссек»-деді.
  • Алыс болғанда қай жер?
  • Бөкей Орда…
  • Е, киелі мекеннен келген екенсіздер ғой. Онда үш рет болғанмын. Бұйырса тағы

да барамын. Елге сәлем айтыңыздар!-деді Алтай Сейдірұлы.

Облыс әкімінің осы сәлемін жерлестеріме жеткізу мақсатында қолыма қалам алып отырмын. Бізге әкімнің қарапайымдылығы, қазақы сөз мәнері қатты ұнады. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген осы шығар, сірә?!

Нәсіп НҮРКЕНОВА,

аудандық аурухана дәрігері.