28.05.2016, 11:52
Қараулар: 323
Мерекелік сый-құрмет

Мерекелік сый-құрмет

г-346Әрбір мереке қарсаңында жұмыстары тіптен қыза түсетін мәдениет қызметкерлері әр мейрамның, жақсылықтың жаршысындай көпшілікке өнерлерімен көтеріңкі көңіл сыйлайтыны жасырын емес. Өзге жұрт сияқты мейрамдарды отбасымен өткізуді білмейтін олар өздеріне жүктелген істі абыроймен атқарып та жүр. Дәстүр бойынша биылғы мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов  қызығы мен шыжығы мол осы саланың үздік қызметкерлерін қабылдап, ыстық ықыласын білдірді. Мәдениеті жоғары елдің рухы биік болатындығын сөз еткен аудан басшысы оны сол дәрежеде ұстау талай дүлдүлдердің кіндік қаны тамған өлке перзенттерінің, яғни, жерлестеріміздің қолында екенін баса айтты. Аудандық мәслихат хатшысы Ерболат Таңатов, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Айтқалиев, демалыс орталығының директоры Миллат Насыров та қатысушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, Құрманғазы, Сейтек, Дәулеткерей, Дина сынды қазағымды дүйім елге мәшһүр қылған бабалар салған сара жолдың үзілмеуіне игі тілектестіктерін білдірді. Осындай жылы лебіздерден соң Нұрлан Сағынтайұлы ауданымыздың әр округінен келгендерге және өнерпаздарды ерекше қамқорлайтын ауылдық округ әкімдері Нүркен Сабыров пен Мейрамбек Аққалиевке Алғысы пен естелік сыйлығын табыстады.

Айта кету керек, аталмыш қабылдауда әкім «Ақжайық өңірінің оқырман отбасы» облыстық байқауының жүлдегері бөрлілік Арыстановтар жанұясын жеңістерімен құттықтап, оларға да сый-сияпат көрсетті. Өз кезегінде марапатталған меймандардың бірқатары, нақтырақ айтсақ, Бөкей Ордасы тарихи музей кешені директорының орынбасары Назымгүл Оразгелдиева, Саралжын ауылдық округі әкімі Нүркен Сабыров, Арыстановтар отбасының отанасы, Бөрлі мәдениет үйінің директоры Айнұр Әбдірешева, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдіскері Раушан Жүсіпқалиева көрсетілген құрмет үшін ризашылық сезімдерін жеткізді.

Р.БАҚЫТОВА.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар