19.07.2016, 19:08
Қараулар: 343
Қызмет ұсынудың ережесі қатайды

Қызмет ұсынудың ережесі қатайды

Қазақстан Республикасының «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңының (№ 482-V, 6 сәуір 2016ж.) 28 бабы 2 тармағында жұмыс берушінің бос қызмет орны туралы мәліметті үш жұмыс күні ішінде еңбек жағдайы мен төлемақысын көрсете отырып, халықты жұмыспен қамту орталығына жіберуі тиіс екендігі жазылған. Алайда, бұл талаптың кей жерлерде орындалмайтындығы облыстық прокуратураның 24 маусымда оздырылған кеңейтілген алқа отырысында ерекше атап көрсетілді. Сынға іліккендердің арасында біздің аудан да бар.

Аудан әкімінің орынбасары Л.Т.Қайырғалиева облпрокуратура алқасы отырысының №5 хаттамасына байланысты әкімдіктің мәжіліс залында аудан орталығы мекемелері басшылары мен орта мектеп өкілдерінің, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, жұмыспен қамту орталығы қызметкерлерінің қатысымен жиналыс өткізді. Оған аудан прокуроры Н.Е.Байменов пен прокуротура қызметкері Р.Р.Шәкіржанов қатысты. Руслан Рахымжанұлы аталмыш Заңның жұмыс берушілерге қатысты талаптары мен өздері жүргізген тексерістің қорытындысы туралы баяндама да жасады. Нартай Елібайұлы аталмыш мәселеге қатысты жайларға түсінік беріп, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Ж.Ж.Еркеғалиев өз пікірін ортаға салды.

Қорытынды сөз сөйлеген Лариса Тельманқызы мекеме басшыларына заңға сай жұмыстану қажеттігін қатаң ескертті.