26.07.2016, 16:23
Қараулар: 310
«Өрлеу» жобасы біз ол туралы не білеміз?

«Өрлеу» жобасы біз ол туралы не білеміз?

Елбасы Н.Назарбаевтың Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамның 84-інші қадамы әлеуметтік көмек жүйесін жаңғыртуға бағытталғаны белгілі. Онда әлеуметтік көмектің атаулы сипатын күшейте отырып, оңтайландыру қажеттігі көзделген. Сондай-ақ, «Әлеуметтік көмек тек оған шынымен зәру азаматтарға ғана берілетін болады. Кірісі төмен, еңбекке қабілетті азаматтарға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тек олардың еңбекке ықпал ету және әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларына белсенді қатысуы жағдайында ғана берілмек» делінген. Осыған байланысты біздің ауданда да биылғы сәуір айынан бастап «Өрлеу» жобасы іске қосылғанын айта кетейік. Бұл жоба – отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларына қатысу жағдайында, әлеуметтік бейімдеуден өту шартымен отбасына кіріс көзін есептей отырып, шартты ақшалай көмек беру бағдарламасы.

Жобаның басты мақсаты:

– еңбекке қабілетті, шартты ақшалай көмек алушылардың еңбек әлеуетін жақсарту;

– ақшалай немесе заттай нысанда тұрақты дербес табыс қоры есебінен табысы аз азаматтардың өмір сүру деңгейін көтеру;

– отбасы мүшелерін әлеуметтік бейімдеу;

– шартты ақшалай көмек алушылардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру және олардың масылдық пиғылдарын төмендету;

Күні бүгін ауданда бұл аталмыш жобаға 51 адамы бар 10 отбасы тартылып отыр. Оларды малдандырып, жеке шаруашылығын дамытып, әл-ауқатын көтеру мақсатында үш айға бір миллион теңге қаражат төленді. Атап айтқанда, бөлінген қаржыға Сайқын ауылдық округінен Рәшид Шаяхметов, Самал Сабырова, Қайырболат Аманжолов, Жасұлан Молдашев отбасыларының әрқайсысы бір-бір бастан ірі қара, Орда ауылдық округінен Көркем Қарабасова бір бас ірі қара, Бисен ауылдық округінен Гүлсара Ибрагимова бір бас ірі қара мен үш қой, Мұратсай ауылдық округінен Іңкәр Берекенова он қой, Т.Масин ауылдық округінен Айғали Байдилдин төрт қой, Саралжын ауылдық округінен Мәди Өтешев жеті қозы, Ұялы ауылдық округінен Ботагөз Ерғалиева бес қозы сатып алып, оны өсіруді қолға алды. Оларға келесі үш айға да қаралған қаражаттары төленіп, оған да мал сатып алулары тиіс.

Айта кетелік, «Өрлеу» жобасына қатысушыларды малдандырумен қатар оларды тұрақты жұмысқа тартуға да көңіл бөлінуде. Аудан орталығының тұрғындары Р.Шаяхметов пен Қ.Аманжолов аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне, Ж.Молдашев жеке кәсіпкер Қ.Шәріпқалиевтің, Н.Әлмұратов пен С.Сабырова жеке кәсіпкер Г.Әлмұратованың қарамағына жұмысқа, Р.Аманжолова жеке кәсіпкер А.Камалованың  «Жұлдыз» дүкеніне еден жуушылыққа орналасты. Ал, ауылдық округтердегі аталмыш жобаға қатысушыларды жергілікті жерде жұмыс көзінің болмауына байланысты, ақылы қоғамдық жұмыстардан қалыс қалдырып жатқан жоқпыз. Бұл азаматтарды да тұрақты жұмыспен қамту жоспарда бар.

2018 жылдан бастап «Өрлеу» жобасы арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті, мемлекеттік балалар жәрдемақысын біріктіру арқылы жаңа үлгідегі шартты ақшалай көмек қолданысқа енгізілмек. Әрі жаңа үлгідегі ақшалай көмек шартсыз және шартты болып екіге бөлінеді. Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері жоқ (мүгедектер, егде жастағы зейнеткерлер, мектеп жасына дейінгі балалары бар жалғызілікті ана), жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатыса алмайтын отбасыларына ұсынылмақ. Жалпы, осынау үш төлемді біріктіру жолы тараптардың қай-қайсысына да тиімді. Өйткені, үш түрлі әлеуметтік төлемге бұрынғыдай бөлек-бөлек құжат тапсырылмайды, керісінше, үшеуіне бір құжат алынады.

Ал, жаңа үлгідегі шартты ақшалай көмекті енгізудің маңыздылығы:

– еңбекке қабілетті әлеуметтік көмек алушыларды жұмыспен қамтудың шараларына қатыстыру арқылы кедейлік деңгейін қысқарту;

–    әлеуметтік масылдықтың алдын алу;

–  халықтың объективті себептермен және мүмкіндігі шектеулі жандардың өзін-өзі қамти алмайтын жекелеген санаттары үшін табыстың минималды қолжетімді деңгейін мемлекеттік стандарттарды іске асыру арқылы қамтамасыз ету болып табылады.

Тұжырып айтқанда, әлеуметтік көмек жүйесінің жаңа бағдарламасы алдағы уақытта өз жемісін береріне еш күмән жоқ.

Бисен ҚАДЫРОВ,

аудандық жұмыспен қамту және

 әлеуметтік бағдарламалар

бөлімінің бас маманы.