16.08.2016, 15:54
Қараулар: 355
Санитарлық-эпидемиялогиялық қызмет қырағылық пен тиянақтылықты сүйеді

Санитарлық-эпидемиялогиялық қызмет қырағылық пен тиянақтылықты сүйеді

Тұтынушылар құқықтарын қорғау басқармасының ең басты функционалдық міндеті – халық арасында санитарлық ағарту жұмыстарын жүргізіп, олардың құқықтарын қорғау, эпидемиологиялық аурулардан сақтандыру, қадағалау, тексеру, санитарлық ережені бұзғандарды тәртіпке шақыру. Осы тұрғыда ауданда ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында санитарлық-эпидемиологиялық бағытта атқарылған жұмыс көлемін 2015 жылдың осы мерзім ішіндегі кейбір көрсеткіштерімен салыстыра отырып сөз етелік.

Жіті ішек жұқпасы аурулары бойынша ауданда былтырғы бірінші жартыжылдықта 1 ауру тіркелсе, биыл ондай ауру болған жоқ. Сальмонеллез ауруы да байқалмады. Жұқпалы аурулардың ошақтарында қарым-қатынаста болған адамдар зертханалық тексерістен өткізілді, бірақ, бактерия тасымалдаушы адамдар анықталмады. Әрі зерттелген тағам мен ауыз су сынамаларынан болымды қорытындылар табылмады.

Туберкулез ауруы бойынша былтырғы алты айда 5 адам (екеуі жұқпалы түрі) тіркелсе, ағымдағы жылдың өткен мерзімінде 3 адам тіркелді, олардың екеуі жұмыссыз, біреуі зейнеткер. Олар бактериоскопия және флюрография арқылы анықталып отыр. Сондай-ақ, биылғы бес айда жоспардағы 844-тің орнына 849 балаға Манту сынамасы жасалды. Флюрографиядан 5687 адам (жоспар 5651 адам) өтіп, көрсеткіш 100,6 пайызды құрады. Бала дүниеге келгенде төрт күн ішінде туберкулезге қарсы БЦЖ вакцинасымен егіледі. Аудандық ауруханада дүниеге келген 36 нәресте түгелдей БЦЖ екпесін алды. Туберкулездің алдын алу мәселесі бойынша 7 лекция оқылып, 33 жадынама үлестірілді.

Бруцеллез – ол да қауіпті һәм жұқпалы дерт. Адамдар арасында бұл ауру болмағанымен, мал арасынан жыл сайын шығады. Аудандық ветинспекцияның мәліметіне қарағанда, бруцеллез ауруына тексерілген 27421 ірі қараның 521-і, 64298 ұсақ малдың 22-сі оң нәтиже берген. Осыған байланысты біздің тарапымыздан 37 нұсқау беріліп, күні бүгін 110 ошақтың 80-і тексерілді. Аудандық СЭСО зертханасында Хеддельсон реакциясымен тексерілген 190 адамның 13-інен оң нәтиже байқалды.

Ветеринариялық санитариялық қағидаларды бекіту туралы ҚР Үкіметінің 2015 жылғы №136 қаулысында көрсетілгендей, балаларды қоса алғанда жеке шаруашылықтағы жануарлармен ошақта байланыста болған тұлғалар аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы нұсқауы бойынша дереу тексеруге (клиникалық тексеру, қанды Хеддельсон реакциясына зерттеуге) жіберіледі. Осы адамдарды бақылау ауру малды жойған және ошақты залалсыздандырған сәттен бастап алты айға (инкубациялық кезеңнің барынша ұзақ мерзімі) белгіленеді. Байланыста болған адамдарға әрбір екі ай сайын зертханалық зерттеу және бақылау жүргізіледі. Көрсетілген мерзім аяқталған соң шағым болмаса, ошақта бақылау тоқтатылады.

2015 жылдың алты айында итке қабылып, мысыққа тырналған 51 адам тіркелсе, биылғы алты айда антирабиялық көмекке 21 адам жүгінген. Итке қабылғандар-19, мысыққа тырналғандар-2. Ауылдық округтерге бөлетін болсақ, Сайқында-9,  Ордада-5, Мұратсайда-2, Бисенде-3, Ұялыда-1, Бөрліде-1. Олардың 13-і ер адам, 8-і әйел. Жиырма жерлесіміз 0-4 күн аралығында дәрігерге көрінсе, біреуі дәрігерге 8-14 күн өткеннен кейін келген. Бәрі де антирабиялық екпелерін алды, екпеден бас тартқандар жоқ. Есепті мерзім ішінде қаңғыбас хайуандарды ату ұйымдастырылып, 137 ит пен 1 мысықтың көзі жойылды. Құтыру ауруының алдын алуға арналып бір семинар өткізіліп, бір лекция оқылды және «Орда жұлдызы» газетінде бір мақала жарияланды. Бұған қоса 21 жадынама таратылып, 21 әңгіме жүргізілді. Аудандық ішкі істер бөлімі арқылы ит ұстау ережесін бұзған 10 адамға айыппұл салынды. Аудан бойынша есепті кезеңде күл, сіреспе, сал, көкжөтел аурулары кездескен жоқ. Былтырғы алты айда ауданымызда 19 желшешек ауруы тіркелсе, биылғы көрсеткіш-14.

Айта кетелік, Сайқында аудандық «Арай» сауықтыру демалыс лагері жұмыс істейді. Онда әр ауысымда (барлығы 10 ауысым) 35 баладан бір жылда 350 оқушы демалады. Аталмыш объект жоспар бойынша тексеріліп тұр. Жалпы, мектептердің санитарлық-гигиеналық жағдайы қалыпты болғанымен, төмендегідей ереже бұзу фактілері орын алды. Жиһаз (парта, орындық, тақта т.б.), электр жарығы жағдайы мәз емес (лампочка жеткіліксіз және жанып кете береді). Барлық білім ұяларында бір мезгіл ыстық тамақ та ұйымдастырылып отыр. Кей жерлерде тендерді жеңіп алған жеке кәсіпкерлердің азық-түлікті уақтылы жеткізбейтіні өкінішті. Тамақ сапасын растайтын құжаттар да дер кезінде жасалмайды. Бекітілген тамақ мәзірі жүйелі орындала бермейді.

Аудан әкімдігінің 2016 жылғы 28 наурыздағы №1 хаттамасына сай, 11 сәуір мен 11 мамыр аралығында санитарлық-экологиялық айлық өткізілді. Ауданымыздағы 15915 адамның 11865-і (74,7%) құбыр суымен, 2367-сі (14,8%) құдық суымен, 1683-і (10,5%) тасымал ауыз сумен қамтылған. Айлық барысында жеті ауыз су құбырының бесеуі, атап айтқанда, «Қазсушар» мекемесі мен Саралжын, Ұялы, Бисен, Жиекқұм ауылдарындағы ауыз су құбырларына көктемгі жуып-шаю жұмыстары жүргізілді. Айлық кезінде жеті ауыз су құбырынан бактериологиялық зертханаға-7, санитарлық-химиялық зертханаға-7, паразитологиялық зертханаға 7 су сынамасы алынып, қорытындылары теріс нәтиже көрсетпеді. Сонымен қатар барлық округтерде сенбіліктер өткізілді. Нәтижесінде 2531 тонна тұрмыстық қалдықтар шығарылып, 3091 түп көшет отырғызылды. Тұрмыстық қалдықтарды тиеп, түсіруге жұмыссыздар арасынан 50 адам жұмысқа тартылды.

Есепті мерзімде аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы арқылы 77 тексеріс (65-і жоспарлы,12-сі жоспардан тыс) жүргізілгендігін де жеткізе кетейін. Санитарлық ережені бұзған 36 тұлғаға (заңды және жеке) 1102420 теңге айыппұл салынса, оның 1060500-і өндірілді. Кінәлілер арасында 16 емдеу-профилактикалық  мекемесі, 17 балалар мен жасөспірім, 1 коммуналдық объекті бар. Ал, берілген 27 ұйғарымның 16-сы орындалса, қалғандары бақылау үстінде.

Қорыта айтсақ, жыл басынан бері жергілікті баспасөзде үш мақала жарияланса, медициналық және басқа да ұйымдармен он бес семинар-кеңес өткізілді. Мұның сыртында жұқпалы аурулар бойынша 159 жадынама таратылып, 64 лекция оқылды, 120 әңгіме оздырылды. «Тазалық – табалдырықтан басталады» дегендей, санитарлық-ағарту жұмыстары алда да жүйелі жүргізіле бермек.

 Света РАМАЗАНОВА,

аудандық ТҚҚБ басшысы.