16.08.2016, 15:58
Қараулар: 250
Жаңа жүйенің ерекшеліктері

Жаңа жүйенің ерекшеліктері

Міндетті  әлеуметтік  медициналық  сақтандыру жүйесін  түсіндіру  бағытында   таяуда аудандық  ауруханада  семинар оздырылды.

 

Оған облыстық  тегін  медициналық көмектің  кепілдік  көлемі   (ТМККК)  бөлімінің  басшысы Құртқа Батырниязова, осы  мекеменің  бас маманы  Сергей Қарасаев және  аудан әкімінің  орынбасары Лариса Қайырғалиевалар қатысып, 2017 жылдан бастап  жүзеге асатын міндетті әлеуметтік  мемлекеттік  сақтандыру (МӘМС)  туралы  ақпараттар  беріп,  жаңа  жүйенің  ерекшеліктерімен  таныстырды.

Қазақстанда үздік халықаралық тәжірбиені есепке ала отырып, мемлекет, жұмыс беруші және әрбір адамның ынтымақты жауапкершілігі негізінде әзірленген медициналық сақтандыру жүйесі енгізілмек. Экономикалық белсенділігі төмен халық үшін мемлекет, жалдамалы жұмысшылар үшін жұмыс берушілер, ал, қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтитын азаматтар өздері үшін жарна төлейтін болады.  Экономикалық белсенді емес халық үшін төленетін жарна көлемі 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап 4, 2018 жылы 5, 2023 жылы 6, 2024 жылы 7 пайыз болып, сатылап өсе бермек. Жалдамалы жұмыскерлер үшін кірістен 2017 жылы 2, 2020 жылы 5 пайыз ұсталады. Қызметкерлер  үшін олардың кірістерінің 2019 жылы 1, 2020 жылы 2 пайызы, өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтардың (жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негізде келісім бойынша табыс табатын жеке тұлғалар) табыстарының 2017 жылы 2, 2018 жылы 3, 2019 жылы 5, 2020 жылы 7 пайызы ӘМСҚ қорына жарна есебінде жіберілмек.

Мемлекет азаматтарды тегін медициналық  көмектің кепілдік  көлемімен   (ТМККК)  әрі қарай қамсыздандыруын жалғастырады. Олардың қатарына әлеуметтік мәні бар аурулар, шұғыл жағдайлар, жедел медициналық көмек, санитарлық авиация және профилактикалық екпелер кіреді. Әрі бұл көмек баршаға қолжетімді болады. Азаматтардың денсаулығын  қорғаудың жалпыға бірдей құқығын қамтамасыз ету мақсатында сақтандырылмаған азаматтарға 2020 жылға дейін ТМККК аясында амбулаториялық дәрілермен қамсыздандырылған амбулаториялық-емханалық, ал, сақтандырылған азаматтарға МӘМС аясында жоғары технологиялық медициналық қызметтер, стационарды алмастыратын технологиялар, ұзақ мерзімді мейіргерлік күтім, амбулаторлық дәрілермен қамсыздандырылған амбулаториялық-емханалық жәрдем беріледі.  Егер азаматтар ерікті  сақтандыруға қатысатын болса, МӘМС жүйесінде қарастырылмаған медициналық көмек алуға мүмкіндік беріліп, ол  келісім шарт негізінде жүзеге асады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) жарнасын төлеуден халықтың 15 санаты босатылады. Олардың 12-сі  халықтың осал тобы, яғни, балалар, «Алтын», «Күміс» алқа иегерлері, бұрын «Батыр ана» атанғандар және І, ІІ дәрежелі «Ана даңқы»  орденімен марапатталғандар, ҰОС ардагерлері мен мүгедектері, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар,  интернат тәрбиеленушілері, студенттер, бала тууға, бала асырап алуға, 3 жасқа дейін бала күтімімен отырған жұмыссыз азаматтар, зейнеткерлер, сондай-ақ, ҚАЖ мекемелерінде айыбын өтеушілер, уақытша ұстау, тергеу изоляторларындағылар. Қалған 3 санатқа әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жұмысшылары кіреді. МӘМС арқылы көрсетілетін медициналық көмек ӘМСҚ-ға төленетін жарна көлеміне тәуелді емес. Жарна уақтылы және үнемі төленіп тұруы керек. Семинарды өткізушілер осы жөнінде жиналғандарға кең көлемде түсінік берді.

К.ҚАЖИПАНОВА.