16.08.2016, 16:07
Қараулар: 263
Мәміле ғана көңілді марқайтады

Мәміле ғана көңілді марқайтады

д-277Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен бабалардан қалған бітімгершілік дәстүрді қайта жаңғырту, еліміздің сот саласын жетілдіру бағытында бірқатар шаралар қолға алынды. Соның бірі – 2011 жылдың 28 қаңтарында қабылданған «Медиация туралы» заң. Ол медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, істі жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін айқындайды. Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы, қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар (жанжалдар) және атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастар медиацияның қолданылу саласы болып табылады. Басты мақсат – дауласушы екі тарапты да қанағаттандыратын шешім нұсқасына қол жеткізу, тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету. Істі жүргізудің қағидаттары: 1) еріктілік; 2) медиация тараптарының тең құқылығы; 3) медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы; 4) медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік, 5) құпиялық.

Тараптардың өзара келісімі бойынша таңдалған, тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, медиаторлар тізіліміне қосылған және медиатордың функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға медиатор бола алады. Медиатордың қызметі кәсіби негізде (кәсіпқой медиатор) және кәсіби емес негізде (қоғамдық медиатор) жүзеге асырылуы мүмкін.

Медиатор медиация барысында бір мезгілде барлық тараптармен де, тараптардың әрқайсысымен жеке-жеке де кездесулер өткізуге және оларға дауды шешу жөнінде ауызша әрі жазбаша ұсынымдар беруге;  құпиялылық қағидатын сақтай отырып, өз қызметін жүзеге асыруы туралы жұртшылықты хабардар етуге құқылы. Сонымен қатар ол медиацияны жүргізген кезде тараптардың келісімімен ғана әрекет етуге, медиация басталғанға дейін олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге тиіс. Медиация дегеніміз, делдалдық ету, тараптардың өзара тиімді шешім жасауына жетісу. Медиатор арызданушы екі жақ тараптармен жеке әңгімелесіп, барынша тараптарды татуластыруға күш салады.

Бітімдестіру рәсімі қазақтың бұрыннан келе жатқан билер институтында болған. Ол бүгінгі таңда қайта жаңғырып, енгізіліп отыр, яғни, тың нәрсе емес. Баяғыда халқымыздың билері, шешендері, данагөй ақсақалдары дауларды қарап, әділ шешім шығарып отырған. Олардың негізгі ұстанған қағидасы қандай да бір іс-әрекетпен келтірілген шығынды қалпына келтіру, дауласқандарды, яғни, тараптарды татуластырып, бітімгершілікке тарту. Қазақ қашанда кешірімшіл, бітімге бейім халық. Сондықтан дауласушылар өрілі сөзге тоқтап, билердің шешіміне келіскен. Бұл қасиет арызданушы тараптарды жүйкесіне күш түсіруден, эмоциялық күйзелістен сақтаған.

2015 жылдан бастап Сайқын ауылдық округінде кәсіби емес негізде медиатор қызметін атқарып келемін.  Биылғы наурыз айында округ әкімдігі ғимаратында медиатор бөлмесі ашылды. Құқықтық дауларды реттеу үшін татуластыру институтын дамыту бойынша бірлескен ынтымақтастық туралы үш жақты меморандумға қол қойылды. Ниет білдірген азаматтарға осы заңның қолданылуы жөнінде кең ауқымдағы кеңестер беруге кәсіпқой емес медиатор ретінде әрқашан да дайын екенімді айтқым келді. Жыл басынан бері аудандық сотта қаралатын 8 азаматтық іске араласып, тараптарды келістірдім. Сөйтіп соттағы істердің тоқтатылуына қол жеткіздік.

«Елдестірмек–елшіден, жауластырмақ–жаушыдан» демекші, арағайындық жасап, дауласқандарды мәмілеге келтіргеніме, жөн сөзге бас иген ауылдастарыма риза болып, көңілім марқайып қалды.

Ноқаш ҚАДЫМОВ,

 ауданының Құрметті азаматы,

кәсіпқой емес медиатор.