16.08.2016, 16:24
Қараулар: 229
Фракция отырысы

Фракция отырысы

Аудандық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы фракциясының отырысында екі мәселе қаралды.

Алдымен «Қазақстан Республикасының жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 2 қарашадағы заңының нормаларын түсіндіру хақында аудандық жер қатынастары бөлімі басшысы Р.Ғ.Кариннің хабарламасы тындалды. Қазіргі күнгі ең өзекті бұл тақырып аудандық қоғамдық кеңесте (төрағасы С.Қ.Таңатов) талқыланып, ол жөнінде газетіміздің 2 тамыздағы санында ақпарат бергенбіз. Сондағы жайлар бұл отырыста да қайталанды. Белсенділік танытқан сол жермен жұмыс істеп отырған шаруа қожалығы иелері, депутаттар Нағим Тәжімұратов пен Сағындық Сәрсенов. Бірақ, олар жерді бөлшектеп жекешелендіргеннен гөрі, қауымдық меншік түрінде пайдалануды қалайтындай.

– Біздің өңірімізде болмағанымен, өзге аймақтарда билік басында отырған шенеуніктер жекешелендіру науқаны кезінде біраз жерді иемденіп алып, оны өзге біреулерге жалға беріп, қосымша табыс тауып отырған көрінеді. Тіпті, қостанайлық Кулагиннің меншігінде 80 мың гектар жер бар деседі. Астанадан келген бір жас мемқызметкердің «64 мың гектар жерім, 400 жылқым бар» деп бөскенін өз құлағыммен естідім. Осылар туралы облыстық бір жиында айтамын деп жаманатты болғанмын. Әрине, орынтақ иелерінің басшыларына қарсы пікір білдіретіндер некен-саяқ. Алайда, елдік мәселеге келгенде бұғып қалмаған жөн,-деген Нағим Қитанұлы сұраушыларға жер телімін бөлу, қазығын қағу сынды жұмыстарға да ыждағаттылықпен қарау, берілген жерлердің мақсатты пайдалануын тексеру, қадағалау қажеттігін тілге тиек етті.

– Осы нақтылықтың кемдігінен де қожалықтар мен тұрғындар арасында келіспеушілік туындауда, — деді әріптесінің сөзін қолдаған Сағындық Наушаұлы. – Орталықта отырып 30-40 сиыр, 200-300 қой ұстайтындарды қыстақтарға көшіру керек.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.К.Арыстанбеков жерге қатысты ауылдағы дау-дамайды реттеу, заңды насихаттап, тұрғындар пікірін жинақтау және оларды сұрыптап, жоғары жаққа ұсыну үшін комиссия құру жөнінде ой тастады.

Фракция отырысындағы екінші мәселе – Сайқын, Орда, Мұратсай ауылдық округтері әкімі лауазымына тіркелген үміткерлермен кездесу еді. Кездесуге олардың бәрі де сенімді өкілдерімен бірге келіп, сенімді өкілдері үміткердің өмірбаяны, қабілет-қарымы хақында сөз қозғаса, үміткерлер бағдарламаларымен таныстырды, сұрақтарға жауап берді.

Фракция отырысын аудандық мәслихат хатшысы Е.Қ.Таңатов қорытындылады.

К.ҒАЙСИН.