31.08.2016, 15:58
Қараулар: 336
Жалын-жігер – жастарға тән қасиет

Жалын-жігер – жастарға тән қасиет

Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында құрамында облыстық «Жас қанат» жастар қоғамдық бірлестігінің менеджері Манарбек Әжікенов, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының менеджері Нұрбол Қырықбаев, дін істері басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығы маманы Дәурен Нағымов және «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ БҚО филиалының кеңесшісі Азамат Сағынбай бар ақпараттық топ өкілдері бөкейлік жастармен кездесті. Басқосуды жүргізіп отырған аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Исатай Құрмашев жиналғандарды меймандармен таныстырып, ой бөлісіп, пікір алмасып, жиынға белсене араласып отыруға шақырды.

Алдымен сөз алған Манарбек Малкенжарұлы облыс жастарының бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабардар етіп, «Өрле, Қазақстан!» жобасы аясында осындай келелі кездесулер ұйымдастырылып жатқандығына, бұл сапарлары да негізінен Елбасы Жолдауын насихаттау екендігіне айрықша назар аударды.  Сонымен қатар келесі жылғы «ЭКСПО-да» шетелден келген қонақтарға қызмет көрсетуге  арнайы волонтерлер дайындалып, тегін курстардан өтіп жатқандығын, жоғары және арнаулы орта оқу орындарына грант негізінде түскен студенттердің жатақханамен қамтылуы және жастардың жазғы лагерьлерде демалуы жайын да сөз етті.  Өз кезегінде Нұрбол Мұсаұлы экологиялық мәселелер мен жұмыссыздықты жою жолында «Жасыл ел» бағдарламасының рөлі зор екендігін, ондай маусымдық жұмыстар Орда орман шаруашылығында да жүргізіліп жатқандығын айтты. Оған тек студенттер ғана емес, жұмыссыз жастар да тартылатындығына, қазіргі күні жалақы мөлшері 40 мың теңгені құраса, алдағы жылы ол 50 мыңға көтерілетіндігіне тоқталды. Ал, кейбір жат ағым жетегінде жүрген қандастарымыздың лаңкестік іс-әрекеттері діни сауаттылықтың төмендігінен туып отырған келеңсіздік екеніне және сол теріс пиғылдылардың арбауынан сақтану турасында Дәурен Нағымов та тарқата түсінік берді. Түрлі сала қызметкерлерінің әңгімелері деректі бейнебаяндар арқылы да көрініс тапты.

Өз сөзінде Азамат Сағынбай «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» шот ашқан салымшының өз салымын баспана немесе жер алуға, үй салуға және жөндеуге пайдалануына мүмкіндігі барын, келер жылы өз күшіне енетін «Нұрлы жол» бағдарламасында да салымшыларға оңтайлы мүмкіндіктер қарастырылатындығын жеткізе келе, тағы да басқа мағлұматтарды аталмыш банктің аудандағы пунктінен нақтылауға болатындығын мәлімдеді. Айта кетелік,  бұл бағдарлама қатысушылардың үлкен қызығушылығын оятты.

Аталмыш шара барысында қозғалған қай-қай мәселенің де маңызы ерек, ауқымы кең. Әрі ол жиналған жас мамандарға салмақты ой салды деген сенімдеміз.

Г.БАДЕЛОВА.