31.08.2016, 17:19
Қараулар: 414
Отбасын жоспарлау – ұрпақ қамы

Отбасын жоспарлау – ұрпақ қамы

Отбасын жоспарлау жауапты түрде ата-ана болу деген сөз. Отбасын жоспарлау негізінде балалар дүниеге қалаулы түрде келеді әрі ол жасанды түсіктің алдын алу жолы. Әрбір жан ұрпағының дені сау, саналы болғанын қалайды. Сондықтан да отбасын құрғалы жүрген жан өзінің репродуктивті денсаулығын сақтау жолдарынан хабардар болуы керек. Репродуктивті денсаулық дегеніміз адамның ұрпақ әкелетін дене мүшелері функцияларының сырқатсыз болуы және жалпы физикалық жетілуі. Отбасын жоспарлау, біріншіден, ерікті (тұрақты) отбасын құруға, екіншіден, ата-ананың дені сау, саналы әрі қалаулы ұрпақты дүниеге әкелуге, үшіншіден, жүктілік арасындағы үзілістерді реттеп, босану уақытын таңдауға, бала санын жоспарлауға, төртіншіден, әйелдер мен балалардың аурушаңдығын төмендетуге және денсаулығын сақтауға зор септігін тигізеді. Осы жайларды кеңінен насихаттау бағытында аудандық ауруханада отбасын жоспарлау кабинеті жұмыс жасауда. Онда 19-45 жас аралығындағы босануға қабілетті әйелдерге жүктілікті жоспарлау, одан сақтану әдістері мен тәсілдері туралы кеңестер, жүкті әйелдерге ақпараттар, ал, жасөспірімдерге жетілу туралы мағлұматтар беріледі. Бүгінгі таңда осы жас аралығындағы 3221 әйелдің 328-і жүктілікті жоспарлауда. 2014 жылы 298, 2015 жылы 295 нәресте дүние есігін ашса, ағымдағы 7 айда 165 жан ана атанды. Айта кетелік, бұл кабинетте отбасын жоспарлау және босануға дайындық мектептері де дәріс өткізеді. Онда айтылған жайларға сай ақпараттар таратылып, сауалнамалар өткізіліп, бейнероликтер көрсетіледі, арнайы жаттығулар жүргізіледі. Мұндай жұмыстар ауылдық амбулаторияларда да оздырылуда. Аталмыш кабинетке жаңадан шаңырақ көтергелі жүрген жандар да келіп, өздерін толғандырған сауалдарын қойып, толымды жауап алуларына болады.

Біз қай кезде де әр жанұяда қалаулы нәресте, бақытты сәби, дені сау ана болғанын қалаймыз. Бір сөзбен айтқанда, отбасын жоспарлау – ұрпақ қамы.

А.ӘЖІҒАЛИЕВА,

отбасын жоспарлау кабинетінің медбикесі.