31.08.2016, 17:48
Қараулар: 375
Сауал – сізден, жауап – бізден

Сауал – сізден, жауап – бізден

БЖЗҚ-ға күнделікті байланыс арналары  (байланыс орталығы, БАҚ, әлеуметтік желілер, т.б.)  арқылы көптеген сұрақтар түсуде. Соның бірқатарына төменде тиісінше жауаптар беріліп отыр.  

 

  1. Зейнетақы жинақтарының сомасы мен БЖЗҚ салымшыларының жалпы саны қаншаға жетті?

 

2016 жылдың 1 маусымында зейнетақы жинақтарының сомасы 6,14 трлн. теңгені құрады. Зейнетақы жарналарының барлық түрлері бойынша шарттардың жалпы саны 10,13 млн. бірліктен асып түсті, оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары есебінен шарт жасасқан салымшылардың (алушылардың) саны шамамен 9,7 млн. болса, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша жасалған шарттар 400 903 бірлікті құрады. Ерікті зейнетақы жарналары бойынша жеке зейнетақы шоттарының саны 38 871.   

  1. Өз жинақтарының сомасы туралы ақпаратты азаматтар қалай ала алады?  Телефон арқылы  білуге бола ма?

  

БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтары туралы ақпаратты алудың бірнеше тәсілі бар. Салымшы (алушы) олардың ішінен өзіне ең ыңғайлысын таңдай алады, мысалы:

— салымшы (алушы) БЖЗҚ кеңсесіне тікелей өзі барады (Қазақстан бойынша БЖЗҚ-ның 236 кеңсесі бар);

— электрондық пошта арқылы, ақпарат салымшының (алушының) жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтінішінде не хабарлау тәсілін өзгерту туралы келісімге қол қою кезінде көрсеткен электрондық мекенжайына жолданады;

— логин мен пароль немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдаланып, www.enpf.kz  сайтындағы «Интернет-үзінді көшірме» бөлімі арқылы алуға болады. Сондай-ақ, хабарландырудың «интернет арқылы өзі хабарласу» тәсілін таңдап, БЖЗҚ мамандары Android, iOS (iPhone, iPad) және Windows Phone операциялық жүйелерінде қызмет жасайтын смартфондар мен планшеттер үшін әзірлеген ENPF ұялы қосымшасын пайдалануға болады;

– ол egov.kz электрондық үкімет порталындағы «Азаматтар» санатының «Әлеуметтік қамсыздандыру» айдары, «Зейнетақымен қамсыздандыру» бөлімінде қолжетімді. Қызметті алу үшін ЭЦҚ мен электрондық үкімет порталына тіркелу қажет;

— зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта немесе өтініште көрсетілген мекенжайға пошта байланысы арқылы ақпарат жіберу әдісін пайдалана алады.

Қор Сізге интернет-ресурстар арқылы қашықтықтан ақпарат алудын ыңғайлы, жедел және үнемді тәсілін таңдап, логиніңіз бен пароліңізді тіркетіп, ЭЦҚ алып үйден не кеңседен шықпай-ақ өз шотыңыздың жағдайын біліп, міндетті зейнетақы жарналарыңыздың уақтылы түсуін бақылауды ұсынады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Зейнетақы қағидаларында жеке зейнетақы шотының жағдайы туралы ақпаратты қоңырау шалу арқылы алу тәсілі көзделмеген.

 

  1. Зейнетақы жинақтарын мұраға қалдыруға бола ма?

 

Міндетті, кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы жинақтары белгіленген тәртіпте өсиетхат арқылы да, заң негізінде де мұраға қалдырылады. Мұрагерлік құқықтарын ресімдеген және зейнетақы жинақтарын төлеу үшін қажетті заңнама талаптарына сәйкес құжаттарды БЖЗҚ-ға өткізген соң, зейнетақы жинақтары мұрагерлердің  зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініштерінде көрсеткен банк шоттарына аударылады.

 

  1. Алыс шет елге шыққан кезде төлемдерді қалай алуға болады?

 

Зейнетақы заңнамасына сәйкес,  міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы төлемдерін алу құқығына БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен (ТТК), Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету фактiсiн растайтын құжаттарды ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар ие.

Олар зейнетақы төлемін ресімдеу үшін БЖЗҚ-ға құжаттарды тапсыруды мына тәсілдердің бірін қолдану арқылы іске асыра алады.  БЖЗҚ кеңсесіне өзі келіп тапсырса, олар БЖЗҚ-ға шетелдік паспорт көшірмесі мен салыстыру үшін түпнұсқасын, сондай-ақ, алушының банктік шоты туралы мәліметтерді ұсынады.

Егер төлем үшінші (сенім білдірілген) тұлға арқылы жүзеге асырылатын болса, онда БЖЗҚ кеңсесіне сенім білдірілген тұлға келген кезде алушының шетелдік паспортының (белгі соғылған беттерінің) нотариат куәландырған көшірмесін, үшінші тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін және салыстыру үшін оның түпнұсқасын, нотариат куәландырған сенімхаттың түпнұсқасын немесе оның нотариат куәландырған көшірмесін, сондай-ақ, алушының банктік шоты туралы мәліметтерді ұсынады.

Бұдан бөлек, төлем алуға өтінішті пошта байланысы арқылы да беруге болады. Мұндай жағдайда БЖЗҚ-ның ішкі құжатымен бекітілген нысандағы алушының өзі толтыратын зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініші, ондағы алушының қолын нотариат куәландырады, алушының шетелдік паспортының (белгі соғылған беттерінің) нотариат куәландырған көшірмесі және алушының банктік шоты туралы мәліметтер  жолданады.

Егер құжат көшірмесінің түпнұсқаға сәйкестігін, алушының өтініштегі қолының түпнұсқалығын растау, сенімхатты куәландыру бойынша нотариаттық әрекеттер шет мемлекетте жүргізілетін болса, Қазақстан Республикасында ратификацияланған халықаралық шарттарда басқаша белгіленген жағдайларды қоспағанда, оларды заңдастыру қажет.

Өткізу тәсіліне қарай құрастырылған қажетті құжаттар тізімі, соның ішінде өтініштердің бланкілері мен оларды толтыру үлгісі, сенімхаттардың үлгілері www.enpf.kz адресі бойынша БЖЗҚ-ның корпоративтік веб-сайтына орналастырылған.

Егер ұсынылған құжаттар пакеті Қазақстан Республикасы заңнамасының барлық талаптарына сай болса, зейнетақы жинақтарының сомасы алушының зейнетақы төлемін тағайындау туралы өтінішінде көрсеткен банктік шотына құжаттарды қабылдаған не олардың БЖЗҚ-ға түскен күнінен бастап 10 жұмыс күні ішінде аударылады.

 

  1. Адвокаттар, жеке сот орындаушылары, жекеше нотариустар, кәсіби медиаторлар, сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қалай қатысады?

 

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңның 25-бабына сәйкес, адвокаттар, жеке сот орындаушылары, жекеше нотариустар, кәсіби медиаторлар, сондай-ақ, жеке кәсiпкерлер үшiн бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленуге жататын мiндеттi зейнетақы жарналары салық кезеңiнiң әрбiр айы үшiн есептелетiн, алған табыстың 10 пайызы мөлшерiнде, бiрақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген ең төмен жалақы мөлшерiнiң 10 пайызынан кем емес және ең төмен жалақының 75 еселенген мөлшерiнiң 10 пайызынан аспайтын мөлшерде белгiленедi. Олар мiндеттi зейнетақы жарналарын өз бетінше айқындайды. Әрі табыс болмаған жағдайда бұл санаттағы адамдар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына заңда белгіленген ең төмен жалақы мөлшерінің 10 пайызы есебінен өз пайдасына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуге құқылы.

Б.БЕКБОЛСЫНОВА,

«БЖЗҚ» АҚ БҚОФ Сайқын ҚКО басшысы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар