31.08.2016, 17:52
Қараулар: 308
Қауіпсіздік шараларын қалтқысыз орындайық!

Қауіпсіздік шараларын қалтқысыз орындайық!

А-76-1«Өрт – тілсіз жау» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Өрттің шығу себептері әр түрлі, кейде адамдардың өрт қауіпсіздігіне салғырт қараған шалағайлығынан болса, кейде қаскөйлердің әрекетінен біреудің үйі немесе қора-жайы жалынға оранады. Осындай оқиға Орда ауылдық округінде орын алды. 24 тамыз күні түнгі уақыт 00.41-де Хан ордасы ауылының Жәңгір хан көшесіндегі №19 үйдің қорасы, шөбі және 00.46-да сол көшедегі №9 үйдің дәлізінің төбесі мен қабырғасы өртенді. Оқиға бойынша алғашқы құжаттар жинақталып, тергеу ретімен аудандық ішкі істер бөліміне жолданды. Өрттің себебі мен келтірілген шығындар анықталуда.

Өрттің негізгі себептері отты ұқыпсыз пайдалану. Сондай-ақ, оған тұрмыстық электр немесе газ құралдарын монтаждау, техниканы пайдалану кезінде ережелерді сақтамау және балалардың отпен ойнауын қосуға болады. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі жұртшылықты өрт қаупі төнген жағдайда дереу 101 телефонына қоңырау шалып, қауіпсіздік шараларын қалтқысыз орындауға шақырады.

Т.АПАҚАЕВ,

аудандық ТЖ бөлімінің басшысы,

азаматтық қорғау капитаны.

 

* * *

Кейбір тұрғындардың салғырттығы, темекі тұқылын сөндірмей тастай салуы үй-жай, қора-қопсыны, ал, шөп шабушылардың  қауіпсіздік  техникасын сақтамауы қызыл жалынның өршуіне себепші болуда. Айталық ағымдағы жылдың 21 тамызы күні жергілікті уақыт 18:25-те Сайқын ауылдық округіне қарасты Қаракөл, Жанқуат елдімекендерінде, 390-разъезд маңында дала жану оқиғасы (441 гектар)  орын алды (суретте). Тексеру барысында анықталғандай, жанулардың басым көпшілігі шөп шауып жүргендердің бейқамдығынан болған.

Мал азығын дайындау кезінде байқалатын осындай келеңсіз оқиғалардың алдын алу мақсатында, шаруа қожалық иелері мен науқанға қатысушыларға техникасын дұрыс сайлап,  қауіпсіздік шараларын сақтауды, өрт шыға қалған жағдайда сөндіруге қажетті құрал-жабдықтармен қамтылуын талай мәрте ескерткенбіз. Кейбіреулердің осыған әлі күнге құлақ аспай жүргені өкінішті-ақ.

Б.КАТЧЕКОВ,

аудандық ТЖ бөлімінің бас маманы,

азаматтық қорғау лейтенанты.