2.09.2016, 10:38
Қараулар: 294
Саралжындықтардың іс-қимылы ширақ

Саралжындықтардың іс-қимылы ширақ

д-268Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы сарабдал саясатының арқасында Тәуелсіз еліміз өркендеп, жыл өткен сайын қарыштап дамуда. Мемлекетіміздің бір бөлшегіндей шалғайда орналасқан Саралжын ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі ұйымдастыру жұмыстары да Елбасы  Жолдауында айқындалған басымдықтарға және оны жүзеге асырудағы аудан әкімдігінің іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізіліп келеді.

 

Округтегі  282  отбасында 1169  адам бар. Олардың 621-і экономикалық белсенді жан, 433-і мектепке дейінгі және оқу жасындағы балалар, 115-і зейнеткер, 40-ы мүгедек. Соның ішінде, 4-еуі 16 жасқа дейінгі бала болса, 16-сы бала кезден мүгедек, 20-сы жалпы аурудан шыққандар. Олар «Капустин Яр» сынақ полигонына байланысты төленетін жәрдемақыны алып отыр. Сонымен қатар, ауылдық округте 12 тыл ардагері, 1 ауған соғысына қатысушы жауынгер-интернационалист,  1 Семей сынақ полигонынан зардап шеккен адам,  16  «Алтын алқа», 12  «Күміс алқа» иегерлері тұрады.

Ауыл тірлігінің өзегі – мал шаруашылығы. Округтегі 22 шаруа қожалығы (оларда 77 адам жұмыс істейді) мен тұрғындардың жеке шаруашылығындағы мал басы жыл санап өсу үстінде. Ірі қара 5437, қой-ешкі 15230, жылқы 2373-ке жетті. Өнімі де былтырғымен салыстырғанда әжептәуір артты. Биылғы алты айда 2570  центнер ет, 1507 центнер сүт өндірілді. Малдәрігерлік шаралар уақтылы жүргізілуде. Ірі қара тұқымын асылдандыру бағытында жеке сектордың малына «Нариман», «Әдемі», «Жайық» шаруа қожалықтарының аталық бұқалары  қосылды 2738 ірі қара мен 7872 қой серологиялық тексеруден өткізіліп, бруцеллезге шыққан 13 ірі қара Орал қаласы мен Жаңақала ауданына апарылып, етке тапсырылды. Шаруа қожалықтары мен ауыл тұрғындарының малдарын бірдейлендіру, оның электрондық базасын жақсарту және ауылшаруашылық малдарына малдәрігерлік паспорт беру жұмыстары да жүйелі орындалуда. Шаруа қожалықтары асыл тұқымды 54 бұқа сатып алды. Алдағы қысқа 210000 центнер мал азығын дайындау жоспарланса, күні бүгін 126000 центнер мал азығы дайындалып отыр. Тұрғындарға әр рулоны  1500-2000 теңгеден  сатылуда.

Округ әкімдігі халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мен жұмыссыздықты азайту жайын үнемі назарда ұстап келеді. «Жұмыспен қамту –2020» бағдарламасы аясында тігін, тіс емдеу қызметтерін ұйымдастыру үшін 3 адам несие алу бағытында  жұмыстануда. «Өрлеу» жобасы аясында Мәди Өтешев 92000 теңгеге 7 қой сатып алды. 18 жасқа дейінгі баласы бар 40 отбасына мемлекеттік жәрдемақы төленуде. Бір қуанарлығы, округімізде атаулы әлеуметтік көмек алатын, табысы төмен, аз қамтылған, тұрмысы нашар отбасылар жоқ. Біз бұған адамдарды бюджеттік мекемелерге, шаруа қожалықтарына жұмысқа орналастыру, отбасы мүшелерін ақылы қоғамдық еңбекке тарту арқылы қол жеткіздік. Жарты жылда 3 адам тұрақты жұмысқа, 2 жас маман жастар практикасы негізінде жұмысқа орналасты. Сауда, тойхана, автокөлік жуу, дөңгелектерді жамау, суретке түсіру сынды кәсіпкерлікпен айналысатын 7 адам өздеріне 9 адамды қосымша жұмысқа алды. Күні бүгін Саралжын ауылдық округінде 78 адам жұмыс іздеуші ретінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде тіркеуде тұрғанын да айта кетелік.

Қазіргі уақыт талабы – шәкірт білімінің тереңдігі. Осы талап деңгейінен көрінуге ұмтылған Қ.Сағырбаев атындағы орта мектеп-балабақшасы жеткіншектерге сапалы білім, саналы тәрбие беруде аудан мектептерінің алдыңғы сапында келеді. Биылғы мектеп бітірген 9 түлектің ҰБТ-дағы орташа көрсеткіші 92,4 балды құрады. Айнара Мейірбек пен Наргиза Ерес «Ерекше аттестат»  иегері атанды. Мектеп оқушылары түрлі аудандық, облыстық олимпиадалар мен жарыстарда да жүлделі орындардан көрініп жүр.

Тұрғындардың денсаулығын қадағалап, медициналық қызмет көрсету үшін округ орталығында дәрігерлік амбулатория жұмыс жасайды. Онда бір жоғары санатты жалпы тәжірибе дәрігері, 4 мейірбике қызмет етеді. Ана мен бала денсаулығын қорғау, жұқпалы аурулардың алдын алу, ауыл халқын скринингтік тексеруден өткізу жұмыстары «Саламатты Қазақстан» және «Денсаулық» бағдарламалары аясында орындалып келеді. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында үнпарақтар үлестіріліп, сауалнамалар жүргізіліп, әңгімелер өткізілді, дәрістер оқылды. Бала тууға қабілетті жастағы әйелдер мен диспансерлік есептегі ауруларға рецепт бойынша тегін дәрілер де берілуде.

Ауыл тұрғындарының мәдениетін көтеру, рухани байлығын арттыру, демалысын, бос уақытын тиімді өткізу бағытында мәдениет үйі қызметкерлері біркелкі жұмыстар тыңдырды. Жастарымыз өткізілетін шараларға, байқауларға белсене қатысып, мәдениетіміздің дамуына өз үлестерін қосуда. Ауылдық мәдениет үйінде домбыра, қобыз, драма, терме, би, тағы басқа  үйірмелер жұмыс жасайды. Жергілікті тұрғындардың мәдени іс-шараларға қатысу белсенділігін арттыру мақсатында халыққа, әсіресе, жастар арасында мәдени-көпшілік шаралар, би кештері, тренигтер өткізілсе, «Сағындырған әндер-ай», «Сыйынар ек, ана деген тәңірге», «Наурыз-көктем – жыл басы», «Кеш жарық», «Ән мен әзіл», «Бір шаңырақ астында», «Тағзым саған, Ұлы Жеңіс», Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына орай Сайқын ауыл тұрғындарына көрсетілген «Тәуелсіздік – тірегім» атты театрландырылған мерекелік жыр-шашу. Сол шаралардың толық емес тізімі, міне, осындай. Ал, «Мерейлі отбасы» байқауында Серғалиевтер отбасы ауданнан озық шығып, облыста «Сегіз қырлы отбасы» номинациясына ие болды.

Саралжын ауылдық кітапханасында 9288 кітап қоры, 805 оқырман бар. Кітап қорын сақтау, оқырмандар сұранысын қанағаттандыру, көркем әдебиетті насихаттау мақсатында көпшілік шаралар өткізіліп келеді. Халықаралық  әйелдер  күніне «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлерімен кездесу, «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» тақырыбында дөңгелек үстел және тағы басқа да көпшілік шаралар, сонымен қатар, мерекелік, саяси-қоғамдық тақырыптарда кітап көрмелері ұйымдастырылды. Әсіресе, ауыл халқын бір серпілтіп тастаған 1941-1945 жж. Ұлы Жеңістің 71 жылдығына байланысты «Әдемі» шаруа қожалығының жетекшісі Есбол Хамитовтың демеушілік танытып, ұйымдастырумен өткізілген ат бәйгесі, қазақша күрес, спорттық жарыстар болды десек артық айтқандық болмас.

Ауылда санитарлық-экологиялық айлықты өткізу ұйымдастырылып, нәтижесінде, көшелер күл-қоқыстан барынша тазартылды. Тарқатып айтсақ, тұрғын үй мен мал қораларының айналасындағы 745 тонна күл-қоқыстар тасып шығарылды. Бұл істі орындауда үш «ГАЗ-53», бір «ЗИЛ» автокөлігі  және бір «МТЗ-80» тракторы тіркемесімен бөлінді. Жалпы ауыл тазалағын ретке келтіру, санитарлық-экологиялық жағдайын жақсарту, мекемелерді ақтау жұмыстарын орындау мақсатында 4 рет сенбілік өткізіліп, оған 537 адам  қатысты. Айлық кезінде 15 бұралқы иттің көзі жойылды. Санитарлық-экологиялық айлықты өткізу барысында ауылдық округ аумағында 1 рет тұрғындардың жалпы жиналысы (сход) оздырылды.  Жиында далалық жерлерді, шабындық алқапты, көлдерді тиімді пайдалану, ауыл көшелерін, тұрғын үйлерді күтіп ұстау, көшелерге күл-қоқыс төкпеу, қоршаған ортаны  қорғаудың басқа да мәселелері қаралды.

Қысқасы, қазіргі таңда ауыл әлденіп келеді, меже – биік, мақсат – айқын. Саралжындықтар алда да табанды іс-қимыл, қажымас күш-жігер танытып, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын лайықты қарсы аларына сеніміміз мол. Және бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, барша жерлестерімді Конституциямыздың мерейлі мерекесімен құттықтаймын.

Нүркен САБЫРОВ,

Саралжын ауылдық округінің әкімі.

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар