Аудан әкімі Н.С.Рахымжанов аудандық мекеме басшыларының қатысуымен жылдың өткен мерзімінің қорытындысын және түйткілді мәселелерді айқындап, шешу жолдарын бірлесе анықтау мақсатында округ орталықтарына шығып, кездесулер өткізуді бастағанын газетіміздің 9 тамыздағы санында жазғанбыз. Белгілі себептермен араға үзілістер салып, ол кездесулер қайта жалғасты. Бұл жорықта Нұрлан Сағынтайұлы бастаған топ Саралжын, Ұялы, Т.Масин ауылдық округтерінде болды.
Саралжын. Мінбеге алдымен көтерілген округ әкімі Нүркен Сабыров ауылдастарының тыныс-тіршілігін, алты айлықта атқарылған істер мен алдағы жоспарларын жіпке тізіп баяндап, күні кеше ғана болған дала жануын тоқтатуда жерлестерінің бірлесе қимылдап, ауызбіршілік танытқанын әңгімеледі, оларға рахмет айтты. Ынтымағы жарасқан ауылда атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы жоқ екенін баса көрсетті.
Осы округтің халық қалаулысы әрі мәслихат хатшысы Ерболат Таңатов алтыншы шақырылымда сайланған аудандық мәслихаттың бес айдағы жұмысынан хабардар етті. Өз сайлаушыларымен, яғни, саралжындықтармен байланысының жақсы екенін байқатып, қажет болғанда қайсыбіреулерінің телефон арқылы хабарласатындығын да, мүмкіндігінше көмектесіп жатқанын да жеткізді.
Жарыссөзге қатысқан Қ.Сағырбаев атындағы орта мектептің директоры Төлеген Сметов, округ ардагерлері кеңесінің төрағасы Жұмабай Кенжеғалиев, зейнеткер Ақылай Ғұбашева ауыл, аудан әкімдері мен аудандық мәслихат жұмыстарына оң баға беріп, өз ойларын ортаға салды. Олар да жол, су, құрылыс жайына алаңдаулы екендіктерін білдіріп, интернет жүйесін жақсартуды, орта мектеп пен дәрігерлік амбулаториядағы тозығы жеткен автокөліктерді ауыстыруды сұрады. Ұзақ жыл кітапханашы болған Ақылай ауылда тындырылып жатқан істердің, мәдени шаралардың мерзімді басылымдарда жарық көруі мардымсыздығын тілге тиек етіп, жастардың жазуға жоқтығына, барды көрсетуге ұмтылмайтынына ренжіді. Бұрын орта мектепте жұмыс істеген жас тілшілер постысының соңғы жылдары үндері естілмей қалғандары шындық. Жаңалықтарды уақтылы хабарлап, оқырмандармен ой бөлісіп отырса, нұр үстіне нұр емес пе!?
Кездесуде жалпы аудандағы жағдай туралы біраз мәліметтер беріп, алдағы міндеттерге тоқталған аудан әкімі қойылған сұрақтарға да жауап қайтарды. Өңір басшысының жуықтағы сапары жайында да айтуды ұмытпады. Алтай Сейдірұлының біздің аймақта газдандыру, жол қатынасын реттеу, ауыз су мәселесін шешу жөніндегі ойларын кеңірек жеткізді.
Ұялы. Мұнда да округ әкімі Бақытжан Оразғұлов, кейін аудандық мәслихат хатшысы Ерболат Таңатов сөз алды. Және осы округтегі мәслихат депутаты, «Ұялы» ЖШС-і директоры Серік Садықов есеп берді. Екі округ (Ұялы, Саралжын) орталығы тұрғындарын ауыз сумен қамтып отырған ЖШС-і басшысы суға қатысты біраз жайларды қозғады. Соның бірі – су құбырын үй ішіне кіргізіп, жуыну, тіпті әжетхана бөлмелерін жабдықтап алғандар туралы болды. Әрине, ақысы есептегіш (счетчик) бойынша төленеді. Мұндай жүйені оқу-тәрбие, емдеу орындары да пайдаланып отыр. Ал, лас суды сорып алатын арнайы техника екі округте де жоқ. Сатып алуға құны қымбат, аудан орталығынан шақыртуға арақашықтық тым шалғай. Ауылдағылар да қаладағыдай тұрмыс кешкісі келеді. Көмектесу керек. Ұялылықтар газ баллонының уақтылы жетістірілмейтініне де өкпелі көрінеді. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген қағиданы ұстанған сайқындықтар бастамасымен олардың зираттарды қоршауды және бөгеттерді тереңдетуді қолға алып жатқандары да құптарлық.
Осы жайларды сөз еткен орта мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Дамир Бегишанов, мектеп директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Мәншүк Мұқамжарова, ауыл молдасы Ерболат Имашев, тұрғындар Есенкелді Жолдығалиев, Еламан Қисметовтер ауыл, аудан әкімдерінің жұмысына көңілдерінің толатынын жеткізіп, газ, жол, құрылыс сынды өзекті мәселелер тезірек қолға алынып, атқарылса деген тілек білдірді.
Бөрлі. Т.Масин ауылдық округ әкімі Меңдібай Қитанов, учаскелік полиция инспекторы Ерлан Өмірғалиев, аудандық мәслихат хатшысы Ерболат Таңатовтардың хабарламалары тыңдалғаннан кейін мінбеге көтерілген «Нарын» шаруа қожалығы жетекшісі Нағим Тәжімұратов мәслихат депутаты ретінде де, ауыл тұрғыны ретін де сөз сөйлеп, біраз жайдың басын қайтарды. Тізе берсе түйткілді мәселелер баршылық сияқты. Жиі-жиі сөнетін электр жарығының салдарынан тұтыну жабдықтары (шайнек, тоңазытқыш, т.б.) істен шықса, оны жөндейтін шебер жоқ. 1978 жылы тартылған электр желісі содан бері жөндеу көрмей, әбден тозығы жеткен. Қисайып кеткен бағаналар, шоқпытталған сымдар көзге қораш. Тұрақты учаскелік шебер (мастер) болмағасын ба, электриктердің дүңгіршегі де ескіріпті.
Депутат денсаулық сақшыларының аудандағы басшыларына деген өкпесін тағы да жайып салды. «Бір шірік жедел жәрдем көлігін екінші бір шірік көлікпен алмастырғанда кімнің не ұтқанын білмеймін, біздің медицина қызметкерлеріміз бен науқастар діттеген жерлеріне жете алмай, зардап шегіп жүр, — деді ол. – Оған портал күтудің, биохимиялық анализ алудың азабын қосыңыз…».
«Сансызбай» шаруа қожалығының жетекшісі Нәсіпханым Қимашева мал дәрігерлерінің жұмысына біраз сын айтты. Ветанықтама алудың қиындығын ұзақ әңгімелеген ол Ержанның «Ниваға» мінгелі жұмыс орнында отырмайтынына, Аймұқанның телефон тұтқасын көтермейтініне өкпе артты. Шынында да, сол күнгі жиынға округтегі мал мамандарының ешқайсысы қатыспады. Бетімен кетушілік деген осы емес пе?!
«Балдәурен» балалар бақшасының директоры Айбарша Бейісова өзі басқарып отырған ұжымның қам-қарекетінен біраз мәлімет беріп, кезекте тұрған балғындардың көптігін, балабақшаны кеңейту қажеттігін құлаққағыс жасады. «Жұмыссыз сенделіп жүрген жігіттер біздің ауылдан да табылады, — деп сөзін жалғады Айбарша. – Ал, шаруа қожалықтары мал бағатын адам іздеп әлек. Қаладан, өзге жерлерден келетін бейсеует жандарға қалай сенім артарсың? Келісім-шарт тұрғызып, ауыл жастарын малға тарту керек. Сондай-ақ, құрылысшылар бригадасын жасақтаса да артықтық етпейді».
Ұл-келіні мен немерелерін қосқанда отбасындағы алты жанның өзінің зейнетақысына қарап отырғанын тілге тиек етіп, балаларына жұмыс сұраған зейнеткер Тотай Құмарғалиеваға ауыл әкімінің: «Апа, сол келін-балаңыз менің алдыма бір рет те келген емес. Неге өздері тырбынбайды? Сіз оларды қашанғы асырамақсыз? Өзіңіз жүгіре бермей, жұмсаңыз», — деген жауабын жиналғандардың біразы құптады.
Иә, баланы жастан деген, кішкентайынан ортаға қосып, еңбекке баулынбаса, кісікиіктеніп кетері хақ. Жастар ұйымының құлағына алтын сырға, орта мектеп бітірсе де, отбасынан ұзамай, үй шаруасымен ғана айналысып, қарайып қалған жастар туралы естіп жүрміз.
Кездесу жиналыстарында аудандық мәслихат депутаты, аудандық электр торабының басшысы Самат Оңаев, аудандық мал дәрігерлік станция директорының орынбасары Бекбол Жұмабекұлы сөйлеп, қойылған сұрақтарға жауап қайтарса, өзге мекеме басшылары мен мамандар келушілерді жекелей де қабылдап, ақыл-кеңестерін берді. Кездесулерді аудан әкімі Н.Рахымжанов қорытындылап отырды.
К.ҒАЙСИН.