Мұғалімдердің төл мерекесіндегі жайдары жымиыс, ыстық ықылас, бірі біріне айтқан құттықтаулар аудандық мәдениет үйін көңілді жадыратар көтеріңкі күйге толтырғандай. Бұл «Жан қалауым – ұстаздық» атты салтанат тұғын. Кең ауқымда оздырылған оған ауданның атқамінерлері, өмірін ұстаздыққа арнаған ардагерлер және кәсіби мереке иелері көптеп қатысты.
«Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді» деген Ахмет Байтұрсынов сөзімен ұстаздардың қоғамда алар орнын айқын аңғартқан аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов барша педагогтарды кәсіби мерекемен құттықтап, сала үздіктерін марапаттады. Аудан басшысы аудандық балалар техникалық шығармашылығы орталығының директоры Мереке Мақымов пен аталмыш орталықтың педагогы әрі Б.Жәнекешев атындағы орта мектептің технология пәні мұғалімі Әбдірахман Құрақовқа республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының Алғыс хатын, «Victory club» орталығының ағылшын тілі пәні мұғалімі Ақжүніс Нұрлановаға республикалық «Білім шыңы – ғылым сыры» журналының грамотасын өз қолымен табыс етсе, Эльмира Неғметова, Ботагөз Мұсағалиева, Айнұр Мусина, Ұлжан Қадыралиеваларға аудан әкімдігінің Алғыс хатын ұсынды. Ауданның бас мұғалімі Ержан Иманбаев та өз әріптестерін қызу құттықтап, «Үздік педагог» байқауының, оқушылар арасында жүргізілген сауалнама негізінде «Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз» номинациясының жеңімпаздарын мадақтады.
Еліміз тәуелсіздік алған тұста шаңырақ көтерген, бүгінде ширек ғасырлық, яғни, күміс той иелері анықталды. Жахатовтар әулетінің екі отбасы, нақтырақ айтсақ, Нұрлыбек-Светлана (А.Құсайынов атындағы орта мектеп) пен Руслан-Нұргүл (М-С.Бабажанов атындағы орта мектеп) «Мұғалімдер отбасы – Тәуелсіздік құрдастары» аталымына ие болды. Биылғы мерейтой иелері, ардагер ұстаздар да назардан тыс қалмады. Әр мектептің ұстаздары әріптестеріне музыкалық сәлем жолдап, өнерлерін көрсетіп, мерекелік жиынның сәнін келтірді.
Өткелі бұралаң, белесі алыс, шыңы биік ұстаздық жолды таңдаған ұрпақ бағбандарына әрдайымда сәттілік тілейміз.
Р.БАҚЫТОВА.