25.10.2016, 13:57
Қараулар: 237
Жаңа төраға сайланды

Жаңа төраға сайланды

«Нұр Отан» партиясы Сайқын бастауыш ұйымының кезекті есеп беру жиынын партия ұйымының төрағасы  Б.Насимоллин ашып, жыл бойы атқарылған жұмыспен таныстырды.

Бисенбек Жамбылұлының мәліметіне сүйенсек, «Нұр Отан» партиясы нақты адамға, оның мүддесі мен мәселесіне бағытталған орталықтан жергілікті жерге дейін «жобалық вертикалды» әдіске көшкен. Бүгінгі күні ұйымда 233 мүше болса, оның 1-еуі мүгедек, 19-ы зейнеткер, 26-сы жұмыссыз және 164-і жұмыспен қамтылғандар. Әлеуметтік топтар арасында 12 ірі  жоба іске асырылуда. Нақтырақ айтсақ, «Қуатты бизнес – қуатты мемлекет», «Жастар – Отанға!», «Біздің ауыл», «Сәтті қадам» атты шаралар негізінде әртүрлі игі бастамалар ұйымдастырылуда. «Нұр Отан» партиясы мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыспен қамтылуына да мұрындық болуда. Мүгедектерді әлеуметтік ортаға белсенді түрде тарту бойынша «Кедергісіз келешек» жобасы арқылы 2015 жылы 14, 2016 жылдың 9 айында 12 мүмкіндігі шектеулі жан жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, ауылдағы 23 мекемеге мүмкіндігі шектеулі адамдар қиналмай кіру үшін пандус жасалды. Қолжетімді белгілер үшін республикалық бюджеттен 52 мың теңге бөлінген. «Жастар – Отанға!» бағдарламасы да кең өріс алып, саяси, спорттық, мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылуда. Жастардың бастамасымен қайырымдылық, экологиялық және денсаулық акциялары оздырылды. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен ауылға атбасын бұрған мамандардың өткен жылы 16-сына, биыл 11-іне көтермеақы төленді. Ауылда тұрақтап қалғысы келетіндерге жеңілдетілген несие арқылы 2015 жылы 13, үстіміздегі жылы 6 тұрғын үй сатып алуға қаржы бөлінген. «Қуатты бизнес – қуатты мемлекет» бағдарламасы негізінде былтыр 7 адам 20 млн. 50 мың теңге, биыл 7 адам 14 млн. 200 мың қаржы алып, өз істерін ұршықша үйіріп әкетті. Жалпы, округ бойынша 212 кәсіпкерлік субъекті тіркелген. Сайқын ауылында көшелерге және орталық спорт алаңының ішіне жаяу жүргіншілер жолын, 4 балалар ойын алаңын салуға және «Қару аманаты» саябағының жарықшамдарын жөндеуден өткізуге бюджеттен 15634,0 мың теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Аудан орталығындағы бес көшеге жарық шамдар орнатылды. Жалпы, қайырымдылық айлығы аясында түрлі шаралар өтіп, ақсақалдарға үлкен көмек көрсетілуде. «Сыйласаңдар кәріңді, жарылқармын бәріңді» сөзінің мәнін нұротандықтар да біркісідей насихаттауда.

Б.Насимоллиннің баяндамасынан кейін жарыссөзге шыққан С.Оңаев, Б.Бектелеуовалар өз учаскелеріндегі мәселелер төңірегінде толымды пікір айтты.

Бастауыш партия ұйымның есептік жиыны соңында қаулы қабылданып, өзге лауазымдық қызмет тізгінін қолына алуына байланысты Б.Насимоллин бастауыш партия ұйымының төрағалығынан босатылып, оның орнына Сайқын ауылдық округінің әкімі М.Аққалиев сайланды. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков Бисенбек Жамбылұлына абыройлы қызметі үшін алғыс білдіріп, жаңа төрағалыққа ұсынылған Мейрамбек Сағынғалиұлына сәтті қадам тіледі.

Гүлнар ТАСБОЛАТҚЫЗЫ.