8.12.2016, 18:10
Қараулар: 267
Әрлі әңгіме, әсерлі кездесулер

Әрлі әңгіме, әсерлі кездесулер

%d0%b3-542Астанадағы ұлттық музейде өткен VІІ Азаматтық форумға облыс делегациясы құрамында мен де қатысып қайттым. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында оздырылған бұл жиынның негізгі арқауы қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдар арасындағы ықпалдастықты дамыту болды.

 

Форумның «Азаматтық қоғам дамуының жағдайы және перспективалары» тақырыбындағы пленарлық отырысында мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова Елбасымыздың жиын делегаттарына құттықтауын оқып берді. Одан кейін сөйлеген Премьер-министрдің орынбасары Иманғали Тасмағанбетов үкіметтік емес ұйымдардың бүгінгі таңдағы жұмысын саралап, оларды қуаты мен қабілеті жағынан оң өзгерістердің қозғаушы күші бола алатын ниеттестер қауымдастығына балады. Жарыссөзге қатысушылар да форумда қозғалған мәселелерге үн қосып, азаматтық қоғамның атқарған қызметі, оның рөлі жөнінде баяндады. Мемлекеттік органдар басшыларымен кездесуде делегаттар меморгандар мен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылын және әлеуметтік қызмет көрсету сапасын жетілдіру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдар жетістіктерін көрсететін көрме ұйымдастырылып, үздік қоғамдық бірлестіктердің тәжірибесі насихатталды. Республикалық «Таным» байқауы жеңімпаздары марапатталды.

Форум жұмысы тобының басшысы Айгүл Соловьева қорытындымен таныстырып, делегаттар ұсынбасын бірауыздан қабылдады.

Мен үшін шараның тағы бір есте қалар сәті, үзілісте «Қазақстан» телеарнасы  тілшілеріне  аяқастынан  сұхбат  беруім болды. Олардың сұрақтарына жауап бере отырып, тұңғыштардың отаны – Бөкей ордасын Қазақстан жұртшылығына таныстыруға тырыстым. Ұлттық рух, бабалар дәстүрі, әйелдер қауымының қоғамдағы рөлін әлсіретпеуге шақырдым.

Гүлжан БИСЕКЕНОВА,

«Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық

 бірлестігінің төрайымы.