14.12.2016, 15:39
Қараулар: 278
18 САҒАТ, 14 МИНУТ талқыланған тұғырлы Заң

18 САҒАТ, 14 МИНУТ талқыланған тұғырлы Заң

%d0%b3-492-1Көрнекті ғалым, заң ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның академигі Сұлтан Сартаевтың есімі біздің елімізге жақсы белгілі. Ол 1995 жылдан бастап республикамыздың ірі заң жобаларын дайындауға атсалысып келеді. Бұлардың ішінде «Қазақ КСР Президенті туралы» Заңның, «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияның, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңның жобасы бар. Біз Тәуелсіздік күні қарсаңында ұлтымыздың мақтанышына айналған сол қайраткер ағамыздың баспасөз бетінде жарияланған ой-толғамдарынан бір үзік сырды оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

 

…Кешегі кеңес дәуірінде егемен республикамыз деп жүргеніміз жай сөз. Ол кезде біз Ресейдің құрамында болдық. КСРО болғанымен, ол – Ресей еді ғой. Үш мемлекет қайраткері, бұрынғы Одақты құрған мемлекеттердің өкілдері, біріншісі Ресей Президенті Б.Ельцин, екіншісі Украина Президенті Л.Кравчук, үшіншісі Белоруссия Президенті Ш.Шушкевич: «Біз барлық республикаларға бостандық берейік, әлемдегі соңғы империяны таратайық» деген шешімге келді. Сөйтіп, 1991 жылы 8 желтоқсанда Одақ таратылды. Үш мемлекет басшысының бұл кездесуі Беловеж келісімі ретінде тарихта қалды.

Одақтың таратылғаны бұл тәуелсіз мемлекетті қалыптастыруға жолдың ашылғаны еді. Міне, сол кезде мемлекетіміздің басында халқымызды алға жетелейтін, алысты болжай білетін біздің Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұрды.

Сонымен, осыдан тура жиырма бес жыл бұрын Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған тұста дербес мемлекет ретіндегі мәртебесін айқындап, халықаралық талаптарға сай құқықтық негізін қалайтын, мақсат-мұратын белгілейтін төтенше маңызды заңдар мен декларацияларды қабылдау тіптен оңай болған жоқ. Әсіресе, Егемендік туралы Декларация, Тіл туралы Заң және басқалары Жоғарғы Кеңес депутаттары арасында қызу пікірталас тудырды. Осынау ел тағдыры таразыға түскен сын сәтте бір топ депутаттарымыз асқан біліктілік, батылдық, қайсарлық танытып, халқымыздың мүддесін қорғап қалды.

…1990 жылы 25 қазанда «Егемендік туралы» Декларацияны қабылдау кезінде белгілі заңгер-ғалым Салық Зиманов екеуміз Жоғарғы Кеңестің мінберіне қайта-қайта шығып жүріп, мемлекетіміздің егемендігі мен нақты тәуелсіздігін білдіретін осы бір тарихи құжатты әрең дегенде қорғап қалдық. Бұл оқиға әлі күнге дейін көз алдымда. Кейіннен 1991 жылдың 16 желтоқсанында «ҚР Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң жобасын қабылдау да тура осы секілді өрбіген-ді. Еркеш Нұрпейісов, Талғат Данақов үшеуіміз дайындаған аталмыш Заң жобасы жөнінде Жоғарғы Кеңесте менің жасаған баяндамамды талқылау, сенсеңіз, аттай 18 сағат 14 минутқа созылды. Мұндай жағдай бұрын-соңды әлемдік дипломатияның тарихында болмаған да шығар. Әрине, бүгінгі түсінікпен қарасаңыз, мұның бәрі де оңай сияқты көрінуі мүмкін. Ол кезде таным-түсініктер, көзқарастар мүлдем басқаша еді ғой? Себебі, 70 жыл үстемдік еткен тоталитарлық жүйенің шырмауынан арыла қоймаған депутаттарда оның әсері әлі күшінде тұғын. Сонан кейін барып Тәуелсіздігімізді жарияладық. Бостандықты, Тәуелсіздікті жариялау әркімнің үлесіне тие бермейді. Оны жария ететін бір адам болады. Сол бақытты сәт маған бұйырды. Ал, біздің сол Тәуелсіздігімізді ең алғаш мойындаған мемлекет Түркия еді. Несін жасырайын, біз ол кезде қорлықты ескіше ойлайтын депутаттардан көрдік. 1993 жылы қаңтардың 28 күні Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясын қабылдау барысында да екі түрлі пікірталастар болды. Онда елімізде 140 ұлттың өмір сүріп жатқандығы, әсіресе, қазақ ұлтының басқалардан аз екендігі, сондықтан мемлекетімізде орыс тілін ортақ тіл ретінде қабылдау керектігін талап еткендердің басым болғандығы еді. Сол кездегі депутаттық корпустағы Манаш Қозыбаев, Салық Зиманов, Шерхан Мұртаза сынды ұлт рухын биік ұстаушы әрі оны қорғаушылармен бірдей атсалыспағанымызда, бүгінде ана тіліміздің жағдайы не болар еді?!

Біздің еліміз біртіндеп халықаралық аренадағы саясатын, шетелдермен достастығын жүргізетін мемлекеттердің қатарына қосылды. БҰҰ-ның мүшесі де болдық. Осылайша, халықаралық құқықтарға қайшы келетін әрекеттерді жасамаймыз деген міндет арқаладық.

Міне, Тәуелсіздік деген осы. Бұған да 25 жыл толып отыр. Ширек ғасыр ішінде біздің еліміз қатты көркейді, өсті. Оны өсірген, көркейткен Елбасымыз, мемлекет қайраткері, ұлтымыздың лидері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев деп танимыз. Солай екені де шындық.