14.12.2016, 16:17
Қараулар: 271
Естелік медаль табысталды

Естелік медаль табысталды

%d0%b0-296Аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 және желтоқсан оқиғасына 30 жыл толуына орай  әсерлі кеш өтті.

Оған аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов пен орынбасары Лариса Қайырғалиева, ішкі саясат бөлімі қызметкерлері, еңбек ардагерлері, желтоқсан көтерілісіне қатысушылар, кітапхана ұжымы, жастар ресурстық орталығы, аудандағы қос орта мектеп оқушылары мен колледж студентері қатысты.

Аудан әкімі Нұрлан Сағынтайұлы аңсап, зарығып жеткен  Тәуелсіздіктің мән-маңызына тоқталып, егемендіктің арқасында бүгінгі ұрпақ алдында үлкен мүмкіндіктер ашылғанын, Алматы қаласында 1986 жылдың 16-17 желтоқсанында алаңға шығып, кадр саясатын жүргізудегі кеңестік өктемдікке наразылық білдірген қазақтың жалынды жастарының өр рухының  егемендікке жол салғанын кеңінен әңгімеледі. Бұл жиында желтоқсан оқиғасына қатысушыларға естелік медаль да табыс етілді.

Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева  еркіндік аңсаған қазақтың  өрімдей  жастарының саяси тұрғыдан қуғындауға ұшырағанын, көбінің армандаған оқуларын бітіруге мүмкіндіктері де болмай, кері елге оралғанын, енді бірі жазықсыз жала жабылып, темір торға тоғытылғанын сөз етті. Еңбек ардагері, ауданның құрметті азаматы Чарльз Қойшыбаев ол күндер қазақ тарихына өшпес таңба қалдырғанын тебірене жеткізді.

Айта кетелік, бірқатар желтоқсаншылар өздеріне көрсетіліп жатқан құрметке алғыс сезімдерін білдірсе, Арон Уәлитханұлы Бөкей ордасы тарихи мұражай кешенінде тоталитарлық жүйеге тас атып, түбегейлі қарсылық білдірген желтоқсаншыларға арнайы бұрыш ашылса деген ұсынысын айтты. Әсерлі шара соңында оқушылар тәуелсіздік мерекесіне арналған ақындар  өлеңін оқып, жиналғандар естелік суретке түсті.

Г.ТАСБОЛАТҚЫЗЫ.