30.12.2016, 11:05
Қараулар: 301
Жылы шырайлы жүздесу

Жылы шырайлы жүздесу

Тәуелсіздіктің 25 жылында сот жүйесінде орын алған өзгерістерге арналған алқалы жиында аудандық соттың төрайымы Гүлжиһан Сағитова ең алдымен барша қатысушыларды ұлық мерекемен қызу құттықтап, еліміздің бүгінгі бағындарған биіктеріне тоқталды.

 

Соттың кеңсе меңгерушісі Зияш Зайноллина Елбасы жүктеген міндеттер мен тапсырмаларды орындау барысында аудандық сот ұжымы да аянбай еңбектенуде десе, бас маман Ықылас Абдоллин осынау ширек ғасырда сот ісінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында жаңа технологиялар (аудио, бейне таспаға жазу, «Сот кабинеті» электрондық жүйесі) енгізілгедігінен хабардар етті. Соңғы кездері ауданымызда сот шешімінің бұзылғандығы тіркелмегендігін, әрі ақыл айтып, сабырлылыққа шақыра білетін ақылшыларымыздың көмегімен би төрелігі біркелкі жолға қойылғандығын, яғни, медиация тәртібімен бірнеше іс қысқартылғандығын жеткізген Гүлжиһан Темірболатқызы осы ретте ауыл тұрғыны, кәсіби емес медиатор Ноқаш ақсақал Қадымовтың еңбегін жоғары бағалап, оған Құттықтау хат табыстады. Әрі аудандағы сот жүйесінде ұзақ жыл қызмет еткен зейнеткер Бақыт Камаловаға да құрмет көрсетіп, сый-сыяпатын ұсынды. Өз кезегінде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков және көпті көрген Ноқаш Қадымұлы өткен күндерге көз жүгіртіп, естеліктерімен бөлісіп, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын деген үлкендік тілегін де білдірді. Айта кету керек, бұл жиынға заң органдарының басшыларымен қатар, кәсіби емес медиаторлар, ауыл әкімі және Тәуелсіздіктің қарлығашындай болған Желтоқсан оқиғасына қатысушы Тілек Бекесов те қатысты.

Р.БАҚЫТОВА.