30.12.2016, 15:59
Қараулар: 450
Мадақ. Марапат. Мақтаныш

Мадақ. Марапат. Мақтаныш

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне және 25 жылдық мерейтойға арналған аудандық мәдениет үйінде оздырылған салтанатқа аудан әкімдігі, мәслихат аппараты, мекеме, кәсіпорын қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, еңбек ардагерлері, ауыл тұрғындары көптеп қатысты.

 

Мемлекеттік Әнұран ойналғаннан кейін сахнаға көтеріліп, жұртшылықты ұлық тоймен құттықтаған аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов ата-бабаларымыз арманының оңайлықпен келмегеніне, сол жолда төгілген қан мен тердің соңғысы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі екеніне, Егемендігімізді нығайтып, Қазақстан Республикасын Мәңгілік Елге бастап келе жатқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендік  саясатына қысқаша шолу жасап, ауданымыздың осы жылдар ішінде қол жеткізген табыстарын сөз етті.

Нұрлан Сағынтайұлы Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 29 қарашадағы Жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасының мемлекеттілігінің дамуы мен қалыптасуына және егемендігінің нығаюына қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталған Әбухан Исалиев, Болат Лұқпанов, Шәкира Ишанғалиева, Бақытжамал Бекеева, Рүстем Зұлқашев, Ерболат Таңатов, Талғат Саматов, Меңдібай Қитанов, Тілеген Арыстанбеков, Қобылан Жанғалиев, Әлібек Айтқалиев, Раушан Абдоллина, Ермек Меңдешев, Ардақ Әлиеваға наградаларын табыстады. Бисен ауылдық округінің әкімі Қайырсапа Саматовтың өңіріне «Еңбек ардагері» медалі, сайқындық зейнеткер Иран Дәуленовтің өңіріне «Құрметті жолшы» төсбелгісі тағылды.

Сахнаға аудандық мәслихат хатшысы Ерболат Таңатов пен аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева көтеріліп, Нұрболат Жанғалиев, Қайырсапа Саматов, Жанғуат Еркеғалиев, Сүйінбек Хайроллин, Самал Рахымжановаға облыс әкімі Алтай Көлгінов пен облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшардың Құрмет грамотасын, Ғалымжан Нанаев, Меңдібай Харесов, Уағиолла Нұрғалиевке Қазақстан Республикасы орталық сайлау комиссиясы төрағасы Берік Имашевтің Алғыс хатын тапсырып, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі директоры Дәржан Сыдықованың өңіріне «Кітапхана ісінің үздігі» белгісін тақты.

Мәдениет саласының бір топ қызметкерлеріне облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының, Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық кітапхана директорының, ал, облыстық мұражайда өткен ісмерлік бұйымдар көрмесінде көзге түскен шеберлер Нұрбақыт Еркеғалиева, Сандуғаш Ілиясова, Ұлжан Қадыралиева Қазақстан суретшілер одағы облыстық филиалы төрағасының және бір топ адам аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Кеуделерін мақтаныш сезімі кернеген осынау жерлестеріміз өздерінің ризашылықтарын жеткізуді де ұмыт қалдырмады.

Сондай-ақ, өз істерін беріле атқарып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, гүлденіп, көркеюіне елеулі үлес қосқандар арасынан аудандық комиссияның шешімімен саланың үздік қызметкері анықталып, төмендегілер «Жыл үздігі – 2016» атанды:

  1. «Үздік медициналық қызметкер» – Орда дәрігерлік амбулаториясының жоғары санатты медбикесі Төлешева Бақытжамал Қанатбайқызы.
  2. «Үздік мұғалім» – аудандық балалар саз мектебінің ұстазы Рахымжанова Самал Ғалымқызы.
  3. «Үздік мәдениет қызметкері» – Бөрлі ауылдық мәдениет үйінің директоры Әбдірешева Айнұр Мұратқызы.
  4. «Үздік кәсіпкер» – сайқындық жеке кәсіпкер Мақсотов Бердібек Амангелдіұлы.
  5. «Үздік спортшы» – аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Жұмағазиев Тұйғынбек Молдабайұлы.
  6. «Үздік ауылшаруашылық қызметкері» – республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының аудандық филиалы басшысы Дәуленов Жасқайрат Иранұлы.
  7. «Үздік полиция қызметкері» – аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметі басшысы, полиция подполковнигі Жоралиев Ерлан Шалбайұлы.
  8. «Үздік әлеуметтік қызметкер» – Ұялы ауылдық округінің әлеуметтік қызметкері Гүлфарам Закарина.
  9. «Үздік шаруа қожалығы жетекшісі» – Бисен ауылдық округіндегі «Ораз» шаруа қожалығының жетекшісі Момынов Мәлік Оразұлы.
  10. «Үздік балабақша қызметкері» – А.Құсайынов атындағы орта мектеп-балабақшасы мектепке дейінгі тәрбие саласының тәжірибелі маманы Хамзина Света Уәпқызы.
  11. «Үздік мемлекеттік қызметкер» – Саралжын ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Бекетов Болат Мақсотұлы.

Мерекелік салтанат соңы аудан көркемөнерпаздарының гала-концертіне ұласты.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мұндай шаралар әр округте ұйымдастырылып, оған облыс, аудан әкімдіктерінен арнайы өкілдер қатысты.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар