4.01.2017, 11:59
Қараулар: 378
Үш буын өкілі сөз алады

Үш буын өкілі сөз алады

%d0%b2-21-1– Аяқталар жылдың басты оқиғасы – Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерекесі болғаны даусыз. Ата-бабаларымыздың орындалған арманының маңыздылығын қазіргі жастардың бойына дарыту аға ұрпақтың міндеті. 2016 жыл біздің отбасымыз үшін де ерекше есте қалмақ. Өзім 70 жасқа толсам, екі немерем тұрмысқа шықты. Жиеннен жиеншар сүйдім. Өңіріме «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі тағылды. Аллаға шүкір, бәрі тыныштықтың арқасы.

Бүгінгі күні аға буынның өкілі ретінде барша жерлестерімді Жаңа жылмен құттықтаймын. Еліміз гүлденіп, көркейіп, Елбасымыз межелеген биіктерге жете берейік. Соған әрқайсысымыз өз үлесімізді молынан қосуға тырысайық,-дейді ауданымыздың құрметті азаматы Әбухан аға Исалиев.

* * *

– Осы Сайқында дүниеге келіп, М.Мәметова атындағы кеңшарда еңбек жолымды бастадым. Әкем Сәрсенбай қасына алып, құрылыс жұмыстарына баулыды. Шаруашылық тарағанда бәріміз бос қалдық. Отбасын асырау керек. Мал өсіріп, жеке шаруамызды күйіттеп кеттік. Бұл күнде әкеміздің есімімен аталатын қожалығымызда түйеден басқа малдың бәрі бар. Өзіммен төрт адам сол малдың бағым-күтімін келістіруге тырысудамыз. Мемлекет тарапынан да қолдау білдірілуде. Лизингке трактор алдық. Одақ ыдырап, кейбіреулер абдырағанда қариялар: «Заман тыныш болсын, бәрі де түзеледі» деп еді. Айтқандары айдай келді. Егемендікке ие болған еліміз ширек ғасырда әлемге танылды. Заман тыныш болса, өркениетті озық мемлекеттердің алдыңғы отыздығына да ілігеріміз хақ,-дейді нық сеніммен шаруақор азамат Бекболат Сыралиев.

* * *

– «Досмұқасан» ансамблінің белді мүшесі, әнші-гитарист, республикаға танымал музыкант Есқайыр Жәрдемұлы менің атам. Жастайымнан сол кісіге еліктеп өскен мен М.Мәметова атындағы орта мектептің 9 сыныбын бітіргеннен кейін Құрманғазы атындағы саз колледжіне оқуға түстім. 2014 жылы домбыра класын ойдағыдай бітіріп, еңбек жолымды аудандық балалар саз мектебінде бастадым. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша баспаналы болдым. Егемен елімізде еңбек етемін деген адамға бар мүмкіндік жасалған. Біз, жастар, мұндай қамқорлыққа жалын-жігермен жұмыс істеп жауап беруге тиіспіз, — дейді аудандық балалар саз мектебінің жас мұғалімі Абаханов Жасұлан Ерланұлы.