20.01.2017, 19:06
Қараулар: 264
Маңызы айрықша жиын

Маңызы айрықша жиын

Облыстық табиғи ресурстарды және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында оздырылған көшпелі кеңеске аталмыш басқарма басшысы Амангелді Дәулетжанов пен облыстық жергілікті полиция қызметі басшысы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдоллин, ауылдық округ әкімдері мен учаскелік полиция инспекторлары, аудандағы құқық қорғау органдары мен аудандық мекеме, бөлім басшылары қатысты.

 

Алғашқы кезекте аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов жиналғандарды қонақтармен және күн тәртібімен таныстырды. Бұл көшпелі кеңесте негізінен заңсыз аңшылық пен мал ұрлығына қарсы күрес, коммуналдық меншік пен меншік иесі анықталмаған нысандарды құжаттау, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын заңдастыру мәселелері қаралды. Ауданның тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Бисенбек Насимоллиннің округ орталықтары мен елді мекендердегі тұрмыстық қалдықтардың жойылуы, ауыл шаруашылық бөлімі басшысы Сүйінбек Хайролиннің су қоймасы мен бөгеттердің жайы, жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция подполковнигі Ерлан Жоралиевтің қоғамдық тәртіп пен заңсыз аңшылық жөніндегі хабарламалары тыңдалды.

Табиғи ресурстарды сақтау, жануарлар дүниесінің әр алуандығы мен санын қалыпты ұстау және оның экологиялық тепе-теңдігін қамтамасыз ету бүгінгі күннің басты тақырыбы екеніне тоқталған Амангелді Медхатұлы кең байтақ даламыздың ең ежелгі көшпендісі – киіктерді аулауға елімізде заңды түрде тыйым салынғанымен, жылдан жылға азайып бара жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол су қоймалары мен бөгеттерді, тұрмыстық қалдыққа арналған полигондарды жөндеуге қаржы сұрау үшін олардың иелері анықталуы, тиісті құжаттарының болуы қажеттігін ескертті.

Өз кезегінде Манарбек Серікқалиұлы жергілікті полиция қызметі хақында сөз қозғап, оның ауданымыздағы өкілдеріне сұрақ қойып, пайдалы кеңестерімен бөлісті. Т.Масин, Ұялы, Саралжын ауылдық округ әкімдері Меңдібай Қитанов, Бақытжан Оразғұлов, Нүркен Сабыровтар сауалдарын қоя отырып, өз пікірлерін де ортаға салды.

Кеңесті аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов қорытындылады.

К.ДӘУЛЕТӘЛИЕВ.