24.01.2017, 23:01
Қараулар: 274
Зейнетақы мен жәрдемақы өсімі туралы біле жүріңіз

Зейнетақы мен жәрдемақы өсімі туралы біле жүріңіз

Биыл зейнетақы төлемдері екі рет өседі. Біріншісі, Қазақстан Республикасының «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» 2016 жылғы 29 қарашадағы № 25-VI Заңына сай, облысы бойынша 82 мыңнан астам зейнеткерге 2017 жылдың 1 қаңтарына дейін тағайындалған ынтымақты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 9%-ға арттырылды. Екіншісі, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы төлемдері 2016 жылдың деңгейіне сәйкес 20%-ға ұлғайтылады. Егер ынтымақты зейнетақы мөлшері 2016 жылы 40 000 теңге болса, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 9%-ға арттырылып, 43 600 теңгені құрайтын болады. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап тағы 11%-ға ұлғайтылып, жалпы мөлшері 48 396 теңгеге жетеді. Осылайша, 2017 жылы ынтымақты зейнетақы мөлшері 2016 жылмен салыстырғанда 20%-ға артады. 1 қаңтардан 7%-ға өскен базалық зейнетақы да Мемлекет басшысының тапсырмасына сай 1 шілдеде тағы да 13%-ға ұлғайтылады. Яғни, «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 7%-ға арттырылып, 12 802 теңгені, 1 шілдесінен бастап тағы 13%-ға ұлғайтылып, жалпы мөлшері 14 466 теңгені құрайтын болады. 2017 жылы базалық зейнетақы мөлшері 2016 жылмен салыстырғанда 20%-ға өсті деген осы.

Жоғарыда аталған өзгерістерді ескере отырып, зейнетақының ең төменгі мөлшері (базалық зейнетақыны есептегенде) 2016 жылғы 37 789 теңгеден 2017 жылғы 1 шілдеде 45 711 теңгеге өседі. Зейнетақының орташа мөлшері (базалық зейнетақыны есептегенде) 55 154 теңгеден 66 721 теңгеге дейін ұлғаяды.

Бала тууына байланысты берiлетiн бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 2017 жылғы 1 қаңтардан 7%-ға, ал, 1 шілдеден тағы 20%-ға арттырылады. Нәтижесінде 2017 жылы 2016 жылмен салыстырғанда өсім 27%-ды көрсетпек. Егер былтыр бірінші, екінші, үшінші баланың тууына байланысты берiлетiн бiр жолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 66 621 теңге болса, 2017 жылғы 1 қаңтарда 71 270 теңге болып, 1 шілдеде 86 222 теңгеге дейін көтерілмек. 2016 жылы төртінші баланың тууына байланысты берiлетiн бiр жолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 111 035 теңге болса, биылғы 1 қаңтарда 118 мың теңгені, 1 шілдеде 142 947 теңгені құрамақ.

«2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңы негізінде 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап:

1) жалақының ең төменгі мөлшері – 24 459 теңге;

2) мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiнiң мөлшері – 12 802 теңге;

3) зейнетақының ең төменгі мөлшері – 28 148 теңге;

4) жәрдемақыларды және өзге де әлеуметтiк төлемдердi есептеу үшiн айлық есептiк көрсеткіш – 2 269 теңге;

5) базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерiн есептеу үшiн ең төменгi күнкөріс деңгейiнiң шамасы 24 459 теңге болып белгіленді.

Сонымен қатар, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептiк көрсеткiш және ең төменгi күнкөрiс деңгейiнiң шамасы өзгеруіне байланысты барлық жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түрлерінің мөлшері 7 (жеті) пайызға өсірілді.

Ж.БЕРІКОВ,

еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон

комитеті облыстық департаменті

басшысының орынбасары.