31.01.2017, 15:41
Қараулар: 348
Көршілер көмегі

Көршілер көмегі

Сол күні толассыз боран соқты. Бет қарыған аяз болмаса да, жел күшті еді. Екі күннен бері оқтын-оқтын жауған жұмсақ қарды таңнан бастап қуалап, қуыс-қуысқа тығып жатыр. Түске таман тағы да қар себелеп, боран далалықта көз аштырмайтындай, жол үстіндегі көліктің адымын алға бастырмайтындай күйге жетті.

Осы боранды күні аудандық ауруханаға шұғыл көмекті қажет ететін аурулар түсті. Оларға облыстық деңгейде көмек қажет екендігі белгілі болды. Аудандық аурухана басшылары мен дәрігерлер облыс орталығындағы мамандармен хабарласып, кеңестер алды. «Казгидрометеорология» орталығының «Бүгін жолға шығу қауіпті, сақ болыңыздар!» деген ескертпелеріне қарағанда, облыс орталығынан дәрігерлердің жетуі мүмкін емес-ті. Ал, науқастарға шұғыл көмек, ота жасау қажет. Қайтпек керек? Облыстық денсаулық басқармасының ұйғарымымен көрші Жәнібек ауданынан көмекке дәрігерлер жіберілетін болды. Қай кезде де іргесі ашылмаған, ынтымақ-бірлігі жарасқан бөкейліктер мен жәнібектіктер бір-біріне қолұшын беруге әзір тұрады емес пе?! Әсіресе, денсаулық сақтау саласындағы байланыс ерекше.  Науқастар жайлы хабар жеткеннен кейін, Жәнібек аудандық ауруханасының мамандары алай-дүлей боранға қарамастан жолға шықты. Олардың бірі – Ихсанов Бірлес Сейсенбайұлы. Ол Ақжайық ауданының Ілбішін ауылында туып өскен. 3-4 жыл қызмет атқарған жас маман қазір директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары әрі оңтүстіктегі үш – Жәнібек, Бөкей ордасы, Қазталов аудандарының реаниматолог- анестезиологы. Екіншісі, дәрігер-хирург Ержанов Айдын Асқарұлы. Ол – Орал қаласының тумасы, «Үміт» гимназиясының түлегі, еңбек жолының басталғанына екінші жыл. Екеуі де М.Оспанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік медициналық университетін бітіргеннен кейін жолдамамен, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша келіп, Жәнібек аудандық ауруханасына орналасқан. Олар Сайқынға келген бойда күтіп отырған мамандармен бірлесіп, ауру меңдеп, жан азабын кешкен науқастарды қарап- тексеріп, жұмыстарына  кірісті.

Мұратсай ауылының тұрғыны, 35 жасар Меңдігүл Ғұмарова бір сағаттық жолды екі сағаттың үстінде жүріп кештете, ал, екі күн ауырған 11 жасар бала Жансерік  Рахат Кеңой елді мекенінен Ұялыға келіп, одан аудан орталығына алты сағаттан аса уақыт боранмен арпалысып, түнделете жеткізілген болатын. М.Ғұмароваға жедел соқырішек, Ж.Рахатқа соқырішек диагноздары қойылып, оларға екі аурухананың дәрігерлерінің бірлесуімен ота жасалды. Екі отаның  да сәтті аяқталғаны дәрігерлердің шаршағанын да, түн ортасы болғанын да ұмыттырып жіберді.

Ота жасаған  жәнібектік Айдын Ержанов мен Бірлес Ихсанов, бөкей ордалық дәрігер-хирург Әлімжан Жұмағалиев, ота мейірбикесі Гүлбаршын Мөкешева, медігер-анестезиолог Саят Сағын және жас маман, дәрігер-хирург Лунара Ысқақоваға сырқаттары сылынып тасталғандар да, олардың ата-ана, туысқандары да ақ тілектері мен алғыстарын жаудырып жатыр. Боранның қиындықтарын да, аурудың ауыртпалықтарын да жеңген жандар әрбір сәтті істің соңында  болатын рахат сезімге бөленгендей. Сапарлары сәтті аяқталған Бірлес пен Айдын  аудандық аурухана басшылығының, әріптестерінің, науқастар мен олардың жақындарының алғыстарын арқалап ауылдарына қайтты.

Кәкима ҚАЖИПАНОВА.

Сайқын ауылы.