31.01.2017, 16:24
Қараулар: 281
Жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасы

Жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасы

«Қазақстан – 2050» Стратегиясы мен Елбасының Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 9 қыркүйектегі кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сай, «Жұмыспен қамту – 2020. Жол картасы» бағдарламасының орнына «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» жасалды. Оның мақсаты – халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту. Сол үшін республикалық бюджеттен ағымдағы жылға  40 295 647 мың теңге, жалпы сипаттағы  трансферттердің есебінен 45 038 436 мың теңге қаржы бөлінді.

Бағдарламаның үш бағыты бар. Бірінші бағыт – бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету. Сарапшылар жүргізген сауалнамалар ел кәсіпорындарында кадрларға қажеттіліктің 73 %-ға жуығы техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарға және жұмысшы кәсіптеріне келетінін көрсетті. Осыған байланысты жастардың алғашқы жұмысшы кәсібін тегін игеруге қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы кәсіптері бойынша ересек тұрғындарды қайта даярлау және олардың дағдыларын арттыру қажеттілігі туындады. Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу іс-шараларын жүзеге асыруға қомақты ресурс бөлу көзделуде.

Еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау, жұмысшы кадрларды еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер және дағдылар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту қолға алынуда. Өткен жылы ауданымызға 4 адамды кәсіби даярлауға 924 мың теңге бөлінсе, ұлттық қордан 18-24-ке дейінгі жастардың кәсіби оқуына 964 мың теңге қаралып, қайта даярлауға 4 адам, біліктілігін арттыруға 3 адам жолданды.  55-64-ке дейінгі тұлғалардың оқуына тиесілі 324 мың теңге қаражат негізінде 1 адам біліктілігін арттырып қайтты. Жергілікті бюджеттің 1340 мың теңгесіне 14 адам кәсіби оқуға жолданды. Қаралған ақша толық игерілді.

Өмірлік қиын жағдайға тап болған және тұрмысы төмен отбасылардың мүшелері қатарындағы 9 және 11 сыныптарды бітірушілер, оқу орындарына түспеген, жұмыс іздеп жүрген адамдар, сондай-ақ, азаматтардың өзге санаттары техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) жөніндегі кадрларды даярлау бойынша мамандықтар тізбесіне және оқытудың екідеңгейлі моделінің модульдік бағдарламаларына тегін қатыса алады. Аудандық комиссияның шешімімен әрбір елді мекенде осы үміткерлер тізімін қалыптастыру бойынша мобильдік топтар құрылады. Олардың құрамына ауылдық округтер, аудан әкімдіктерінің, аудандық деңгейдегі білім беру және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың, жергілікті полиция қызметінің, жастар ұйымдарының өкілдері мен волонтерлер кіреді.

Бағдарламаға қатысушыларды қысқа мерзімді кәсіптік оқыту кадрларды даярлаудың дуальды моделінің элементтерімен білім беру ұйымдарында, оның ішінде мобильді оқу орталықтары арқылы жүргізіледі. Оқудың ұзақтығы кәсіптің ерекшелігіне қарай бір айдан алты айға дейін.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтетін бағдарламаға қатысушылар негізінен 29 жасқа дейінгі жастар мен халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелу-тіркелмеуіне қарамастан жұмыссыздар және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар болып табылады. Бағдарламаға қатысушылар оқуына ақы төлеу бойынша мемлекеттік қолдаумен, стипендиямен, жол жүру ақысымен қамтамасыз етіледі. Басқа қаладан келген қатысушылар үшін тұрғын үйді жалдау (жалға алу) бойынша шығындарды өтеу көзделген. Шалғайдағы ауылдық елді мекендерде тұратын адамдар қысқа мерзімді кәсіптік оқудан мобильді оқу орталықтары арқылы өте алады.

Бағдарламаның екінші бағыты – кәсіпкерлікті дамыту. Ол мынадай міндеттерді іске асыруды көздейді:

1) «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту;

2) кәсіпкерлік бастамаларды қолдау;

3) қалалар мен ауылдарда микрокредиттерге кепілдік беру.

Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бағытындағы микрокредиттер ауылдық елді мекендерде, орталықтарда бизнес-жобаларды іске асыратын немесе іске асыруды жоспарлайтын бағдарламаға қатысушыларға ұсынылады. Жұмыссыздар, кәсіпкерлік әлеуеті бар өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар мен ауыл шаруашылығы кооперативтері және олардың мүшелері бағдарламаға қатысушылар болып табылады. Олар микрокредит алуы үшін міндетті түрде салық органдарында тіркелулі болуы керек.

Ауылдық елді мекендерде микробизнесті ашу, жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін ашу үшін де микрокредит ұсынылады. Ол тұтынушылық мақсаттарға, бұрынғы қарызды өтеуге,  жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акциздік өнім өндіруге берiлмейдi.

Микрокредит беру ұйымдары мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры (АШҚҚҚ)» АҚ-ның қарыз ұсыну шарттары:

1) кредит беру мерзімі – 7 жылдан аспайды;

2) жылдық өтемақы мөлшерлемесі – 0,01 %;

3) игеру кезеңі – 12 ай.

Былтыр ауданымызға 60 млн. қаражат бөлініп, 20 адамға несие беру жоспарланды. Осы бағыт аясында кәсіпкерлік негіздеріне 16 адам оқытылды, 31 адам несиеге қол жеткізді. Соның ішінде 23-і мал шаруашылығын дамытуға, бір-бір  жобадан автокөлік техстанциясын ашуға, дөңгелек жөндеу, тігін цехы, ағаш өңдеу шеберханасы, массаж жасау орталығы, фотосалон, сұлулық салоны, шайхана қызметі. Қайтарылған қаржы есебінен мал шаруашылығын өрістетуге, дөңгелек жөндеу,  дәріхана, дәмхана ашуға 4 адам 6 млн. теңге несие алды.

Үшінші бағыт – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту. Яғни, жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесу, жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаң құру.

Бағдарламаға қатысушыларды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында мынадай мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі:

1) әлеуметтік кәсіптік бағдарлау, кәсіп таңдауда көмек көрсету, оқу және жұмысқа орналасу мәселелері бойынша консультациялар;

2) лайықты бос жұмыс орындарын іздеу және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу;

3) әлеуметтік жұмыс орындарын құру;

4) жастар практикасын;

5) қоғамдық жұмыс орындарын ұйымдастыру.

Жұмыс іздеп жүрген адамдар, жұмыссыздар және заңға сәйкес басым құқықтарды пайдаланатын өзге адамдар жұмыспен қамтамасыз етуде қолдау көрсетілетін бағдарламаға қатысушылар болып табылады. Жүгінген азаматтар үшін лайықты бос жұмыс орындарын іздеуді және жұмысқа орналасуға жәрдемдесуді халықты жұмыспен қамту орталықтары жүзеге асырады. Олар бағдарламаға қатысушыларға:

-дерекқорда бар бос жұмыс орындарына;

-жұмыс берушілер өз бетінше мәлімдеген жұмыс орындарына;

-іске асырылатын мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберінде құрылатын жұмыс орындарына;

-жалақысы ішінара субсидияланатын әлеуметтік, сондай-ақ, жастар практикасынан өтуге арналған жұмыс орындарына орналасуға жәрдем көрсетеді.

Қажетті біліктілігі болмағандықтан, жұмысқа орналаса алмай жүрген қатысушылар бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде ТжКБ бар кадрларды даярлауға және қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберіледі.

2016 жылы «Жастар практикасына» қаралған  қаражат 6 млн. 872 мың теңге. Кешенді жоспар бойынша 30 жас маманды тарту жоспарланып, 50 адам жолданды. Жергілікті бюджеттен бөлінген 1 млн. 146 мың теңгеге 7 адам қызметке тартылды.

  «Әлеуметтік жұмыс орындарына» 3 млн. 81 мың теңге бөлініп, кешенді жоспар бойынша 16 адамды жолдау жоспарланып, 25 адам жіберілді. Жергілікті бюджеттен қаралған 4 млн. 307 мың теңгеге 35 адам жұмысқа орналасты.

    Қоғамдық жұмысқа бөлінген 34 млн. 163 мың теңге де толықтай игерілді. Жоспарланған 417 адам қоғамдық жұмысқа тартылды.

Айта кетелік, жоспар бойынша тұрақты жұмысқа 285 адам орналастырылуы керек-ті. Ол  357  адам болып орындалды. Соның 129-ы жастар.

Сонымен қатар  инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бағыты бойынша ауданымызға ағымдағы жылға Республиқалық резервтік қордан 55137,9 мың теңге қаражат 15 жобаға бөлінді, соның 14 жобасы жұмысын бастап халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 21 адам жұмысқа жолданды. 1 жоба «мердігердің жұмыстан бас тартуы себепті» орындалмады.

Жергілікті атқарушы органдар бағдарлама шеңберінде пайдаланылмаған қаражат қалдығы мен жалпы сипаттағы трансферттерді үнемдеу үшін көрсетілген қаржыны

-әлеуметтік-мәдени объектілерді (білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, ойын-сауық және демалыс объектілерін) күрделі және ағымдағы жөндеуге;

-елді мекендерді абаттандыру (көшелерді, саябақтарды, скверлерді жарықтандыру және көгалдандыру, иесі жоқ объектілерді бұзу, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын, шағын сәулет нысандарын, қоршауларды, балалардың ойын және спорт алаңшаларын жайластыру), мүгедектердің және халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік-мәдени объектілерді, инженерлік-көліктік инфрақұрылымды күрделі, ағымдағы жөндеу; инженерлік-көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу (қалалық автомобиль жолдары, кентішілік және ауылішілік жолдар, кірме жолдар, аудандық маңызы бар жолдар, тротуарлар, бөгеттер, дамбалар мен көпірлер), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін күрделі, орташа және ағымдағы жөндеуге (сумен жабдықтау, кәріз объектілері, газбен, жылумен, электрмен жабдықтау жүйелері) жұмыс объектілері бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға пайдалана алады.

Халықты жұмыспен қамту орталығы бағдарламаға қатысу мәселелері жөнінде азаматтарды хабардар етеді және консультациялық қызметтер ұсынады, құжаттарды дайындауға көмектеседі, үміткерлердің қажеттілігін зерделеу мақсатында оларға консультация береді, әлеуметтік қолдауға мұқтаждығын бағалайды, құжаттарын қабылдайды; қатысушылардың тізімін қалыптастырады және оларды қысқа мерзімді кәсіптік оқуға білім беру ұйымдарына жібереді; қатысушылармен еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру жөнінде әлеуметтік келісімшартқа қол қояды, оның орындалуына және шарттары орындалмаған кезде заңнамаға сәйкес санкциялардың қолданылуына мониторингі жүргізеді; жұмысқа орналастыруға жәрдемдеседі.

Халықты жұмыспен қамту орталықтарынің ауылдық округтерде бағдарламаны іске асыру, жұмыс берушілермен, білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимылын үйлестіру мәселесімен айналысатын өкілдері болуы мүмкін.

2017 жылға бюджеттен жұмыспен қамту саласы, оның ішінде қоғамдық жұмыстарға 34 163 мың теңге, әлеуметтік жұмыс орындарына 5 453 мың теңге, кәсіби оқытуға 1 340 мың теңге бөлініп, барлығы 475 адамды уақытша жұмыспен қамту жоспарлануда. Республикалық бюджеттен трансферт есебінен жастар практикасына 11 572 мың, әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін 4 223 мың теңге қарастырылды.

Тұрғындар толық мағлұмат алу үшін халықты жұмыспен қамту орталығында 21-3-66, 40-0-27 телефондары орнатылған. Сөйлесіңіздер, келіңіздер. Еңбек етіп, тұрмыстарыңызды түзеуге ұмтылыңыздар.

Берқайыр ҚАРАҒОЙШИН,

аудандық жұмыспен қамту

 орталығының директоры.