21.02.2017, 10:35
Қараулар: 381
Ең әділ шешім – өзара келісім

Ең әділ шешім – өзара келісім

Бүгінгі таңда сот төрелігін жүзеге асырудағы басты назарға алынатын мәселе – ашықтық, айқындық және қолжетімділік. Әлемнің көптеген елдерінде жанжалды шешудің неғұрлым тиімді және балама әдістерінің бірі – медиация қолданылуда. Медиаторлардың көмегімен тараптарды татуластыру рәсімдері азаматтар үшін қолайлы. Азаматтық процессуалдық кодексте татуластыру рәсімдерін сот тәжірибесінде тиімді қолданудың жан-жақты тетіктері жасалған. Алайда, қоғамда түрлі таластардың туындап жататыны белгілі. Олардың бәрін сот арқылы шешу міндетті емес. Еліміздің барлық соттарында дауларды (жанжалдарды) сотқа жеткізбей медиация тәртібімен реттеу енгізілген.

Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 20-бабы 1-тармағының 11 тармақшасына сәйкес, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Қ.Мәмидің 2017 жылғы 26 қаңтардағы өкімімен даулардың жекелеген санаттары бойынша оларды медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу жөнінде пилоттық жобаны іске асыру туралы ереже бекітілді. Ереже бойынша пилоттық жобаны өткізу мерзімі 2017 жылдың ақпан-шілде айлары. Негізгі мақсаты – даулардың жекелеген санаттарын медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеу және азаматтық сот ісін жүргізуді енгізу болып табылады. Міндеттері татуластыру рәсімдерінің қолдану аясын кеңейту; азаматтардың сот шығындарын барынша азайту; халықтың соттан тыс дауды реттеу мүдделілігін анықтау.

Пилоттық жоба бойынша медиация жүргізу тәртібімен дауларды реттеу санатына мына жағдайлар жатады: баланың мүдделеріне орай (баланың тұрғылықты жерін, ата-ананың баламен араласу тәртібін анықтау, баланы басқа адамдардан тартып алу, білім алушылардың білім жүйесінде жалпы орта, кәсіптік-техникалық білім беру, жоғары білім беру жүйесінің күндізгі оқу нысаны бойынша 21 жасқа дейінгі кәмелетке толған балаларды асырауға) алимент өндіріп алу; Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 159-бабының 1 тармағымен міндетті түрде сотқа дейінгі келісім комиссиясына жүгіну тәртібі көзделмеген еңбек даулары; мұрагерлік, көршілердің арасындағы жер учаскесінің шекараларын анықтау, су тасқыны кезінде үйден шығару;  кондоминиумды басқару мәселелері бойынша некені бұзу және мүлікті бөлу; қарыз келісім-шарттары бойынша сақтандыру.

Жоба қағидаттары: еріктілік, тараптардың тең құқылығы, татуластыру рәсімдерін жүзеге асыратын медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы, медиация рәсіміне араласуға жол бермеу; құпиялылық, қолданыстағы заңнамалардың талаптарына сай болуы. Пилоттық жобаға қатысушылар: кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі ауданаралық мамандандырылған және экономикалық соттар, азаматтық істерді қарайтын аудандық және оларға теңестірілген соттар; медиаторлар.

Аталған санаттағы істер түскен кезде судья істі сот талқылауына дайындау барысында тараптарға медиаторлардың тізімін, медиация кабинеттері туралы ақпаратты және істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымның көшірмесін тіркей отырып хабарламаны жолдайды. Медиация рәсімі 10 жұмыс күнінен аспау қажет. Ол медиатормен, сондай-ақ, судьямен жүргізілуі мүмкін. Тараптар медиация жолымен келісімге қол жеткізген кезде заңнама талабына сай іс жүргізу тоқтатылады, ал, келісімге келе алмаған жағдайда іс жалпы тәртіпте қаралуға жіберіледі.

Татуласып, бітімгершілікке келудің басты мақсаты – дауды түбегейлі шешу, тараптардың уақытын, қаражатын үнемдеу. Азаматтардың көпшілігі бітімгершілікке келуді кешірім беру деп қате түсінеді, негізінен ол заң талаптарын сақтау арқылы жүзеге асатын келісім. Екі жақ бітімге келген кезде олар келісім жасақтайды. Сот сол келісімді бекітеді. Әрі бүгінгі өмірде татуласу рәсімінің тиімділігіне көз жеткізу қиын емес. Сол себепті кез келген азамат оны қолдануға құқылы. Ал, сот ұжымдары медиация кабинеттерінің ашылуына мұрындық болып, олардың белсенділігін арттыру бағытында жұмыстана бермек. Қысқасы, ең әділ шешім – өзара келісім.

Гүлжиһан САҒИТОВА,

аудандық соттың төрайымы.