Аудандық кітапхана ұжымы Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын оқырмандарға кеңінен түсіндіру мақсатында дөңгелек үстел өткізді. Онда кітапханашылар Жолдаудан туындайтын міндеттерді саралап көрсетіп, өз пікірлерін де ортаға салды.
Кітапхана директоры Дәржан Сыдықова Жолдаудың еліміздің экономикалық мүмкіндіктерін жақсартуға бағытталғанын, негізгі мақсат дамыған озық елдердің қатарына қосылу екенін атап көрсетіп, еңбек нарығын жаңғырту, адами капитал сапасын жақсарту, салық, бюджет саласын жаңа экономикалық жағдайға бейімдеу сияқты кешенді тапсырмалардың жүйелі жүзеге асуы бәсекеге қабілеттілігімізді арттыруға себеп болатынын нақты мысалдармен айтып берді. Кітапхана әдіскері Л.Мырзагереева ауылдың әлеуетін көтеруге бағытталған кооперативтер құру, субсидиялау мәселесін қайта қарау, еңбек өнімдерін арттыру және азық-түлік өнімдерін ұлғайту мәселесіне тоқталды. Бизнес-ортаны кеңейтуге арналған шаралар макроэкономикалық тұрақтылыққа қол жеткізудің жолы екенін А.Төлеуова тілге тиек етсе, адами капитал сапасын жақсарту саласы туралы аудандық «Арай» туристік-сауықтыру лагерінің әдіскері А.Ерғалиева мен қызметкері Н.Халиоллина өз ойларын білдірді. Басқосу соңында институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты сөз алған аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі А.Батырханова мен басқа да қатысушылар Жолдауды бірауыздан қолдайтындықтарын жеткізді.
М.ГЕРЕЕВА,
орталықтандырылған кітапхана әдіскері.