28.02.2017, 12:22
Қараулар: 231
МАЛДЫ ӨҢІРДІҢ МАШАҚАТЫ

МАЛДЫ ӨҢІРДІҢ МАШАҚАТЫ

в-94-«Ауданымызда мал ұрлығы азайғанымен, әлі тыйылған жоқ». Осы сөз ауыл арасында жиі айтылуда. Қай округте де солай. Қайсыбіреулер тұрғындар жиынында мінбеге шығып алып, нақты факті келтірместен, өріске шыққан малдың бәрі жаппай қолды болып жатқандай қара аспанды төндіреді. Ауыл басшыларын, тәртіп сақшыларын да айыптап, «Олар не бітіріп отыр?» дегенге келтіреді. Ақтамаймыз. Бірі мал бағуды ұйымдастыра алмаса, бірі ізге түсе алмаған шығар. Алайда, «суға батуына алдымен сол адамның өзі кінәлі» деген де бар ғой. Әркім мүлкіне ие болып, сақталуын ең алдымен өзі қамтамасыз етуі керек емес пе?!

Аудандық ішкі істер бөлімінен алынған мәліметтерді кестеге салсақ, соңғы жылдардағы мал ұрлығы былайша өрледі екен:

  2014 ж. 2015 ж. 2016 ж.
Тіркелген мал ұрлығы 46 64 37
Ашылғаны 8 24 15
Ашылмағаны 38 40 22
Ашылу пайызы 17,3 36,4 44,4
Жоғалған ірі қара 32 66 81
Жылқы 21 44 7
Қой 54 25 245
Ешкі 1 36
Түйе 1

Кестеден 2016 жылы 81 ірі қара, 245 қой жоғалғанын көргенде, «Ұрлықтың азайғаны осы ма?» деген ой келіп, телефон тұтқасына жабыстық.

– Иә, өткен жылдың 5 қаңтары мен 2 ақпан аралығында Орда ауылдық округіне қарасты «Жарас» қыстағындағы сиыр табынынан (С.Мұхамбетшиннің қожалығы) -30, 30 қазанда Шоңай елді мекенінен (Сайқын ауылдық округі) Е.Құрымбаевтан-10, 26 қарашада «Нияз» қыстағындағы (Бисен ауылдық округі) Ш.Лайықовтың табынынан-7, 26 желтоқсанда «Қаражұма» (Ұялы ауылдық округі) Ж.Қуановтың қыстағынан-6 ірі қара, былтырғы 15 қаңтарда Орда ауылдық округі жерінде мал қыстатып отырған атыраулық И.Исағалиевтің отарынан 196 қой, 35 қозы, 13 маусымда «Айбас» қыстағынан (Бисен ауылдық округі) А.Каукешевтен -14 қой, 1 қозы өрістен жоғалды. Уақ малдар табылғанмен, ірі қаралар із-түзсіз кетті,- деп түсіндірді аудандық ішкі істер бөлімі бастығы, полиция полковнигі Абай Алдабергенов.

Ашылған ұрлықтар негізінен қорадан, қыстақ басынан қолды болған малдар. Ал, өрістен кеткендерінің табылғаны некен-саяқ. Арнайы бақташы жалдап отырған ірі шаруа қожалықтарының болмаса, шағын шаруашылықтар мен жеке тұрғындардың малы бағылып жатқан жоқ. Қой-ешкіні кезектесіп өріске шығаратын жұрт ұзын аяқты малды өзі кетіп, өзі келітіндей көреді. Сауын сиыр бұзауына оралар, бойдақтар басы ауған жаққа кетіп қалмай ма? Көктем мен күзде шалшықтан су ішіп, апталап жүре береді. Малдың жоғалатын кезі де осы шақ. Ауылдағылардың бәрі демей-ақ қояйық, көбі мал келмей қалған сәтте іле іздеуге шықпайды ғой. «Қайда кетті дейсің, жүрген шығар бір жерде», -деп аптаны өткізеді. Тағы бір апта өрісті аралап, көршілерден сұрап жүреді. Айға таялғанда барып, учаскелік полиция инспекторына хабарлайды.

Заң бойынша, меншік түріне қарамастан мал төл кезінде сырғаланып, бірдейленіп, есепке алынуы, компьютерге түсірілуі, паспорт толтырылуы тиіс. Мұны ауыл әкімдігіндегі мал мамандары атқарады. Сойылған, өлген, сатылған, сатып алынған мал қозғалысы да сырғасы негізінде журналға түсіріліп, есептен шығарылып, иелеріне анықтама беріледі. Егер осы талаптар орындалып жатса, ұрлық та тыйылар еді. Полицейлер жоғалған малдың сырғасы, паспорты арызда көрсетілмесе, арызды қабылдамайтын болып жатыр. Олардың мал алушы мен сатушыға қояр тағы бір шарты – сатылатын малдарды тиетпестен бұрын ветинспектор мен учаскелік полиция инспекторын шақырып, әр малдың сырғасы нақты екені дәлелденгеннен кейін қажетті құжаттарды толтыру. Әйтпесе, машинаға топырлата тиелген малдың сырға нөмірін анықтау қиынға соғуда, жаңсақтық кетуі де мүмкін.

Жоғалған малдың бәрі ұрланған ба? Ертеректе еңбекке қырсыздау шопан қыдырыстап кеткенде отары қараусыз қалып, бөлінген бір тобын қасқыр қуып кетіпті. Жауапкершіліктен жалтармақ болған ол мал ұрланды деп дабыл қағады. Кеңшардың атқамінерлері іле көтеріліп, із кесіп жүргенде «жаман ауыз» тартқан қойлардың қаңқаларын тауыпты. Бағусыз малдың сорға да батуы мүмкін ғой. Шетке шыққан бірен-саран малды өз аяғынан келген олжадай көретіндер де жоқ емес-ау?!

Аудан әкімінің 10 қазан 2016 жылғы өкімімен жекеменшік құқығын қорғау және мүлікті ұрлаумен күресу жөнінде комиссия құрылып (төрағасы аудан әкімінің орынбасары Р.М.Зұлқашев), өткен күзде сол комиссия мүшелері ауылдық округтерді аралап, біраз түсінік жұмыстарын да жүргізді. Меншік иесінің жауапкершілігін көпшілікке ұғындырғандай болды. Бұқараны қырағалық танытып, ұрлықпен бірлесе күресуге, белсенділік көрсетуге шақырды. Енді жағдай түзелер деген үміттеміз.

Каримолла ҒАЙСИН.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар