28.03.2017, 9:56
Қараулар: 323
Ер міндеті – ел қорғау

Ер міндеті – ел қорғау

в-151Отанды қорғау, елге адал қызмет ету – әрбір Қазақстан азаматының қасиетті парызы. Кәмелетке толған жастардың Қарулы Күштер қатарына шақырылып, мерзімді әскери борышын өтеуі қалыптасқан дәстүр. Биыл сарбаздар сапын 1990-1999 жылғы туылғандар толықтырмақ. Әскери міндеттілер жергілікті жерінде, мерзімі үш айдан асса, барған жерінде бір аптаның ішінде уақытша әскери есепке тұруы керек. Және аудандық қорғаныс істері бөлімінің шақыруы қолына тисе, көрсетілген уақытта тиісті жерден табылуы міндетті. Ол дәлелсіз себептермен орындалмаса, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 647, 648 баптарына сай жауапкершілікке тартылады. 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

18 бен 27 жас аралығындағы, еш жерде оқымайтын, әскери қызметте болмаған жастар әскери міндетті саналады. Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» № 561 Заңына сәйкес, некеде тұрып, бір және одан да көп балалары барлар, білім беру ұйымдарының күндізгі нысанында оқитындар және ауыл мұғалімдері мен дәрігерлері әскери қызметке шақырудан кейінге қалдыру құқығына ие. Тек олар осы көрсетілген жайларды растайтын құжаттарды тапсыруы қажет.

Әскерден жалтару жігіттігіңе сын, шақыртқанда келмеу азаматтығыңа мін. Осыны өрендеріміз әрдайым еске ұстап, қалтқысыз орындаса, абыройлары асқақтай берері хақ.

Болат ҚҰРМАНОВ,

аудандық қорғаныс бөлімінің әскерге шақыру

және келісім-шарт бойынша әскери міндеттілерді

жинақтау бөлімшесі бастығы, капитан.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар