28.03.2017, 10:02
Қараулар: 242
Медиатор – дауласқандарды татуластырушы

Медиатор – дауласқандарды татуластырушы

2011 жылдың 8 тамызынан бастап қолданысқа енген Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңына және медиация институтын дамыту туралы Елбасы тапсырмасына сай, өткен жылы барлық ауылдық әкімдіктер жанынан медиация кабинеті ашылды. Дауларды сотқа дейінгі реттеу және өзара қарым-қатынасты жан-жақты нығайту үшін аудан әкімдігі мен аудандық сот арасында өзара ынтымақтастық мәселелері бойынша меморандумға қол қойылды. Бұл ауылдық округ әкімдері ұсынған тізім негізінде іріктелген медиаторлардың белсенділігін арттыра түсті.

Медиация туралы Заң жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық, басқа да құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды, онша ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыстарды қарауда келісім-шарт жасасу арқылы қолданылады. Ол некені жалғастыру, ата-ана құқықтарын жүзеге асыру, балалардың тұрғылықты жерін белгілеу, ата-аналар мен балалардың, ерлі-зайыптылардың арасындағы келіспеушіліктерді, басқа да отбасылық қатынастарда туындаған түйткілдерді реттеуге көмектеседі. Мұндағы негізгі мақсат – дауласушы тараптарды бітімге келтіру, екі тарапты да қанағаттандыратын нәтижеге қол жеткізу, дауласушылардың дауласушылық деңгейін төмендету.

Медиациялық рәсімді медиатор жүргізеді. Олар кәсіби және кәсіби емес болып екіге бөлінеді. Медиатор дауласушы тараптардың мүддесі үшін бейтарап болуы және олардың тең қатысуын қамтамасыз етуі тиіс. Оның қызметіне мемлекеттік органдардың, лауазымды адамдардың, жеке тұлғалардың араласуына жол берілмейді. Ұстанатын басты қағидаты – дауласушы тараптардың ерікті әрі теңдей құқылылығы, медиатордың тәуелсіз және бейтарап болуы, тараптар құпиялығының сақталуы, рәсімнің атқарылуына ешкімнің араласуына жол бермеу; дауласушы тараптар өз қалауларымен материалдық және процестік құқықтарға ие болып, талап мөлшерін ұлғайтуға, азайтуға, не болмаса даулы мәселеден бас тартуға; медиатор қылмыстық процесті жүргізетін орган беретін ақпаратпен, процеске қатысушылар туралы деректермен танысуға, қылмыстық процестік заңға сәйкес кездесулердің саны мен ұзақтығын шектемей, медиация тараптары болып табылатын қылмыстық процеске қатысушылармен оңаша және құпия кездесуге, тараптарға медиация тәртібімен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасауға жәрдемдесуге, тараптардың келісуімен медиация рәсімін қылмыстық құқықбұзушылық туралы арыз бен хабар тіркелген кезден бастап және қылмыстық процестің үкімі заңды күшіне енгенге дейінгі сатыларында жүзеге асыруға құқылы. Сондай-ақ, тараптардың келісуімен ғана әрекет жасауға, медиация басталғанға дейін тараптарға оның мақсаттарын, олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге, медиация рәсімін өткізуге байланысты өзіне белгілі болған мәліметтерді жария етпеуге тиіс.

Медиацияға жүгінуді дауласушы тараптардың өтініші бойынша сот немесе қылмыстық қудалау органы тұрғызады.  Ол үшін дауласушы тараптар дауды медиация арқылы шешуге келісе отырып, жазбаша нысандағы рәсімделген медиация туралы шарт жасайды. Аталмыш шарт сот өндірісіндегі істерді тоқтатуға негіз болады.

Жоғарғы Сот Төрағасының соттардың ақпараттық ашықтығын арттыру, жұртшылықпен және БАҚ-пен жұмысты күшейту тапсырмасы бойынша аудандық сот биылғы наурыз айында ауданның ауылдық округтері тұрғындармен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке қабылдауды бастады. Көтерілген мәселелерге мән беріп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешудің барлық шаралары қарастырылды. Қорыта айтқанда, дауларды соттан тыс реттеу жүйесінің дамуы қоғамның ішкі тұрақтылығын сақтап, азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттыруға ықпал етеді.

Гүлжиһан САҒИТОВА,

аудандық соттың төрайымы.                                                    

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар