4.04.2017, 9:54
Қараулар: 200
Қосымша білімдегі жаңа үрдістер

Қосымша білімдегі жаңа үрдістер

Жаңа педагогикалық  технологияларды енгізу бүгінде білім сапасын жақсартудың негізгі тетіктері болып табылады. Әсіресе, кәсіби шеберлігін жетілдіруге ұмтылған  маман иесі білім берудің жаңа жолдарын іздестіруі заңдылық. Осы мақсатта  аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинеті және мектептен тыс тәрбие орталығының ұйымдастыруымен «Қосымша білім берудегі технологияның жаңа үрдістері» тақырыбында  семинар оздырылды. Оған Қ.Сағырбаев, А.Құсайынов, Б.Жәнекешев және Т.Масин атындағы орта мектептерден басқа білім ұяларының технология пәні мұғалімдері, қосымша білім беру педагогтары қатысып, оқыту бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті.

Аталмыш шара  үш бөлімнен тұрды.  Теориялық бөлімде аудандық әдістемелік кабинет меңгерушісі З.Мұхтар сөз алып, семинардың өзектілігі жөнінде ой өрбітсе, «Қосымша білім берудің маңызы» тақырыбында баяндама жасаған мектептен тыс тәрбие орталығы директорының орынбасары А.Күлекеева «Үздік үйірме жұмысын топтастыру» жобасын да таныстырды. Практикалық бөлім «Театрланған ринг», яғни,  топқа бөлу әдісімен ұйымдастырылды. І раунд «Сәлемдесу» тренингінен кейін педагогтар үш топқа бөлініп, ІІ раундта «Шеберлік сыныптар» шеруіне қатысты. Орталықтың  қосымша білім беру педагогтары Б.Талипов сіріңке қалдықтарымен жұмыс,  А.Нарегей қарағай жаңғағынан (окола, шишка) түрлі бұйымдар мен мүсін жасаудың түрлі тәсілдерін көрсетті. А.Күлекеева кішкентай балаларға арналған «Дамыту планшеті» мен оның маңызына жіті тоқталды. ІІІ раундта қатысушылар «Суреттер сөйлейді» комикс тәсілімен семинардың өту деңгейін суреттесе, «Рефлексия»  бөлімінде өздерінің алған әсерлерін смайликтермен бағалады. Шара соңында  педагог мамандарға сертификаттар табыс етілді. Мұғалімдер осындай семинарлар жиі оздырылса деген ұсыныстарын да білдірді.

Арайлым ӘЖІҒАЛИЕВА.

 

 

 

 

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар