4.04.2017, 10:05
Қараулар: 368
Дәстүрлі емес діни ағымдар…

Дәстүрлі емес діни ағымдар…

р-085 2 Бүгінгі мына алмағайып тұрақсыз заманда дәстүрлі, дәстүрлі емес діни ағымдар деп ауыз толтырып айтып жүрміз. Алдымен, осы сөздің астарына үңілсек.

    Дәстүрлі ағым деп, мемлекет және  қоғам тарапынан ресми танылған, нақты қоғамда әлеуметтік-мәдени негізі бар ағымды айтатын болсақ, ал, мемлекеттің аумағында ұзаққа созылған тарихи дерегі жоқ кез келген ағымды дәстүрлі емес деп танимыз. Ислам діні Алла Тағала айтқандай,  ұлттық ерекшеліктерді мойындайтын дін болып табылады. Себебі, дін Алла тарапынан түсті. Ал, адамдарды ұлт пен ұлыстар етіп жаратқан Алланың өзі. Алла Тағала Құран Кәрімде бұл жайында былай дейді:

يَا أَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُم مِّن ذَكَرٍ وَأُنثَى وَجَعَلْنَاكُمْ شُعُوباً وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِندَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ

«Әй, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Шексіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы». Хұжрат сүресі, 13 аят.

Және:

وَمِنْ آيَاتِهِ خَلْقُ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ وَاخْتِلَافُ أَلْسِنَتِكُمْ وَأَلْوَانِكُمْ إِنَّ فِي ذَلِكَ لَآيَاتٍ لِّلْعَالِمِينَ

Көк пен жерді жаратуы, тілдеріңнің, түстеріңнің қарама-қарсылығы да оның белгілерінен. Шексіз бұларда білгендер үшін белгілер бар. Рум сүресі, 22 аят.

Жаратқан Иеміз өзінің құдіретінің белгілері еткен нәрселерді жоюға шақырмайды. Ислам діні кең етек алып, көптеген елдерге жетті. Бірақ, ислам ол елдердің ұлттық ерекшеліктерін жойған жоқ. Мәселен, қайсыбір халықты алып қарасақ әр мұсылман халқының өзіне тән ұлттық ерекшеліктері киім үлгісінде болсын, ғұрпында болсын көрініс табады. Біздің әлімсақтан қазақ болып жаратылуымыздың, дәстүріміздің исламмен біте қайнасатыны, тұнып тұрған асыл дініміз екені расында біле білгенге үлкен нығмет. Біз мұсылман бола тұра өз ұлтымызды, тілімізді, ғұрпымызды қадір тұтуымыз қажет. Бүгінде қоғамда кең етек жайған дәстүрлі емес діни ағымдардың біздің ұлт ретінде сақталып қалуымызға, түбіміздің жоюылуына төніп тұрған қауіп екені айтпаса да айдан анық. Дәстүрлі емес діни ағымдар адамдарды «ұлт», «мемлекет» деген бұғаудан азат ететін жаңарудың жолына шақырады. Бұл негізсіз келген ағымдарға тосқауыл қойылмайтын болса, түбімізге балта шабылады. Дәстүрлі емес діни ағымдардың өкілдері өздерінің нанымдарын таратуда әртүрлі әдіс-тәсілдерді пайдалануда. Негізінен заң аясында тіркеліп, жария түрде жұмыс атқарған сияқты көрінгенімен, астарлы түрде көптеген жұмыстар атқарады. Оған қазіргі тіл үйрету курстарының қайырымдылық қорларының көбейіп кетуі, сол арқылы өздеріне жақтастарды тауып жататындығы куә. Сонымен қатар, заман талабына сай оқу орындарын құру, сол арқылы өздері қалаған мамандар мен адамдарды даярлап шығу да миссионерлердің батыл тәсілдерінің бірі болып  табылады. Бүгінде олардың екі қыры бар: бірі коммерциялық, екіншісі идеологиялық. Олар тек діни ағым ретінде ғана емес, инвестор немесе бизнес өкілі ретінде де еркін жұмыс істейді. Ал, бұған қарсы тұру үшін жеке тұлғаның құқықтық және діни сауаты маңызды рөл атқарады. Жастардың құқықтық және діни сауатын арттыру, жүйелі шаралар өткізу, діни ағартушылық бағдарламалар ұсыну, орта және жоғарғы білім беру саласында аталмыш олқылықтың орнын толтыру үшін жасалып жатқан шараларды одан әрі жетілдіру міндеті тұр.

Елбасымыздың көрегенді «Қазақстан – 2050» Стратегиясында «Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек» деген қағидасын іс жүзінде белсенді жүзеге асыруға дін істері басқармасының басшылығына Ержан Қажы Малғажыұлының келуімен біршама оңды өзгерістер енгізіліп, бірқатар игі істер атқарылып та келеді. Ол дінімізді дәріптеп, дәстүрімізді ұлықтаған «Дін мен дәстүр» оқулығының жарық көруі, имамдардың сауаттылығының  үзбей арттырылуы, РАНТ мүшелерінің құрылуы, мектеп бағдарламасына дінтану пәнінің енгізілуі, т.б.

Ендігі басты міндет – халықтың ұлттық сана-сезімін ояту болып тұр. Өйткені, біз сан ғасырдан бері дініне бекем, салт-дәстүріне мығым халықтың ұрпағымыз .Егер осы ұлттық сезім мен сенім нығаятын болса, жат ағымдарға жастарымызды жіберіп қойып отырмасымыз анық, өзіміздің ұлт ретінде сақталып қалуымызға да мүмкіндік басым. Ұлттық құндылықтарды заманауи дәріптеп, өсіп келе жатқан өскелең ұрпақтың санасын шет елден келген миссионерлер уламас бұрын, өзіміз олардың рухани қазақи тәрбиеленуін жіті қадағалайтын болсақ, жалт еткен ағымның жетегінде кете берушілер саны азаю мүмкіншілігі басым болмақ.

Бүгінде адамдар материалдық қажеттіліктерге қарағанда, рухани кемшін. Бір қуанарлығы жастар арасында дінге бетбұрушылық орта, аға буынға қарағанда басымырақ. Ендеше, ортақ құндылықтарымыз үшін жалпақ ел болып күрескеніміз абзал.

Мұратбек ҚЫСТАУБАЕВ,

облыстық орталық мешіттің найб имамы.