25.04.2017, 11:01
Қараулар: 339
Экспедиция сапары

Экспедиция сапары

г-669

Ауданымызға арнайы келген  «ҚазИИТУ» білім  кешенінің ғылыми-зерттеу экспедициясы аудан әкімдігінің мәжіліс залында   «Батыс Қазақстандағы зымыран тарихына – 70 жыл»  тақырыбында   кездесу өткізді. Экспедиция мүшелері «ҚазИИТУ» ҒБК ректоры міндетін атқарушы Әліби Баяхов, Ресейлік «Роскосмос» журналының тілшісі Валентина Полетаева, облыстық «Нарын» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Айболат Сейтақ  Кеңестер одағының сынақ полигонына айналған қасиетті Орда тарихының ақтаңдақ тұстарын еске алып,  ұмыт болған ардагерлердің есімдерін жаңғыртуды, оларды кейінгі ұрпақ жадында қалдыруды мақсат етіпті.   

Кеңес дәуірі кезінде Батыс Қазақстан өңірінің Орда, Жаңақала,  Қазталов, Жәнібек аудандарының кей елді мекендері  «Азғыр» мен «Капустин-Яр» полигондарында жасалған әскер сынақтардан зардап шеккені мәлім. Аталмыш полигондар  тек ғарышқа шығаратын зымырандарды сынайтын аумақ делінгенімен, мұнда ядролық жарылыстар да жүргізілгенін ел біледі.  1947 жылы ашылған сынақ алаңында 19 жер үсті, 10 жер асты жарылысы болған. Бүгінде сол сынақтардың басталғанына 70 жыл.

Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева қонақтарды таныстырып өткен соң, алғашқы болып сөз кезегін алған  «ҚазИИТУ» ҒБК ректор міндетін атқарушы Әліби Баяхов Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасының өзектілігіне тоқталып, іссапардың мақсаты  сонымен үндесетінін  айтып өтті. «Тағдырдың тәлкегіне ұшыраған жандардың, әсіресе, ордалықтардың тауқыметінен  жас өскін хабардар болуы  тиіс. Өткенді білмей, болашаққа болжам жасай алмасымыз анық» деген ол жиналған ақпараттар негізінде монография, оқулықтар жарық көретіндігін жеткізді.  Ресейлік «Роскосмос» журналының тілшісі Валентина Полетаева да  полигон тақырыбында біраз уақыттан бері қалам тартып жүргенін білдік. Атаулы датаға орай  ауқымды жоспарлардың қолға алынатынын тілге тиек ете келіп: «Сынақ алаңының қасіретін тартқан қазақстандықтардың  есімдері  тарих парақтарында ойып тұрып  орын алуы тиіс»,-деді ол. Облыстық «Нарын» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Айболат Сейтақ  Елбасы мақаласындағы  ұлттық құндылықтар турасында әңгімелеп, заманауи Қазақстанның келбеті ұлттық болмыстан ажырамауы керектігін атап көрсетті. Мұндай шаралар жастарды әскери патриоттық тәрбиеге баулитынын да жасырмады.

Өз кезегінде еңбек ардагері Чарльз Қойшыбаев әлі санасында жаңғырып тұрған  1974 жылғы оқиғаны еске түсірді. Бисен құмындағы кезекті жиналыс барысында жақын маңға құлаған зымыран гүрсілі  ауылдағылардың  зәреқұтын қашырғанын мысалға келтіріп, шошынған халықтың біразға дейін есін жия алмағанын баяндады.

Жиын соңында бұл шара әрмен қарай облыстық деңгейде жалғасатындығы сөз болды.

Арайлым ӘЖІҒАЛИЕВА.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар