Облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің ұсынысымен мектеп кітапханаларында «Бір кітап – бір сынып» акциясы оздырылып, оған М.Мәметова атындағы орта мектеп оқушылары да белсене атсалысты.
Кітап оқу баланың ой-өрісін кеңейтіп, жан-жақты жетілуіне, жеке тұлға ретінде қалыптасып, дамуына ықпал ететінін мұғалімдер мен ата-аналар әр жеткіншекке ұғындыруға тырысты. Бірақ, олардың қабылдаулары әрқилы. Ал, сынып болып бір туындыны таңдап, бәрі оқып, бірлесе талқыласа, шығарманың берер тәлім-тәрбиесі жеткіншектерді ілгері ұмтылдырады екен. Биылғы акцияны қорытындылау барысында маған осындай ой келді.
М.Мәметова атындағы орта мектеп кітапханасында жақында өткен шараны негізінен 6-сынып (жетекшісі Динара Сұлтанғалиева) ұйымдастырды. Таңдаулары – Ыбырай Алтынсариннің «Таза бұлақ» жинағы. Қазіргі «Әліппеміздің» негізін қалаған ұлы ағартушының шығармалары толықтай дерлік балаларға арналғаны белгілі. Сынып оқушылары солардың бірқатарын өз түсініктері бойынша баяндап, қайсыбірін сахналады. Мысалы: Аружан Отарбаева «Әке мен бала», Дария Мыңбаева «Жомарт», Айзере Мақсотова «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш», Валентина Березина «Бір уыс мақта», Аида Хайроллина «Асыл шөп» әңгімелерін әрін бұзбастан, шебер жеткізе білді. Шараға атсалысқан 4 «а» сынып оқушылары Виктор Машканов, Бекнұр Жұмабаев, Қуанышбек Каримов және 2 «а» сыныбы оқушысы Саян Өтегенов те Ыбырай аталарының шығармаларымен таныстығын байқатып, оқығандарын қазақша жатық айтып берді.
Тіл – қатынас һәм тәрбие құралы. Кітап оқу сөздік қорды молайтып қоймай, адамгершілік ізгі қасиеттерді де бойға сіңіруге ықпал етеді. Оқырмандар қатарын көбейту жолында болашақта да жұмыстана бермекпіз.
Жанаргүл ҒАББАСОВА,
мектеп кітапханашысы.