10.05.2017, 14:44
Қараулар: 515
Дәріптеу – парыз, құрметтеу – міндет

Дәріптеу – парыз, құрметтеу – міндет

р-0119 (2)

«Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық!» акциясы аясында М-С.Бабажанов атындағы орта мектептің акт залында тыл және еңбек ардагерлері жастармен кездесті.

Алғашқы болып сөз алған аудандық мұрағат директоры Қуаныш Елемесов ауданымыз Қазақстандағы соғыс жағдайында болып белгіленген екі ауданның бірі екенін әңгімелеп, нақты деректерге сүйене отырып, көптеген жан түршігерлік мәліметтерді баяндады. Көрермендер сол сұрапыл уақытта белін бекем буған халықтың жайын экраннан, яғни, Бөкей ордасы тарихи музей кешені дайындаған «Жау бомбасы түскен жер» атты деректі фильмнен көріп, Ұлы Отан соғысының ардагері марқұмдар Камал ата Нарболовтың, Мұхамедияр ата Қоштановтың естеліктеріне, тағдыр тәлкегімен қазақ жерінде тұрақ тапқан Людмила Березинаның өміріне қанық болды. Беймаза балалық шағын сөз еткен сайқындық Жәрдем Әбдірахманов, ханордалық Алтын Бисалиева «Өрелі мінез, қайсар қылық танытқан сол кездің ұландары көрген бейнетті сендер көрмеңдер» деген аталы тілегімен өз ойларын тамамдады. Ал, майдангер ұрпағы Сандуғаш Дәуешева аталар сыйлаған бостандықты ту қылып, осындай мәнді шара ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізсе, Еңбек Ері Ескендір Есімов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков еліміздің ертеңі жастар екендігін айтып, болашаққа батыл қадам басуға үндеді. Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов: «Талайлардың қанымен, талайлардың жасымен келген Ұлы Жеңісті жақындата түсуге күш-жігерін аямаған, қанды жылдардан соң да ел экономикасының аяғынан тік тұруына осынау ардақтыларымыздың қосқан еңбегін дәріптеу – парыз, құрметтеу – міндет»,- деді.

Осылайша, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» дегенін орындауды көздеген бұл кездесуден жасөспірімдер мен жастар аға буын өкілдерінің өткен жолдарына шолу жасап, ертеңін екшеуге оймақтай болса да ой түйгені даусыз.

 Раушан БАҚЫТОВА.

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар