Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Бисен ауылдық округіне қарасты Көктерек және Жамбыл елді мекеніндегі шаруа қожалықтарының ұйымдастыруымен дала қызықтары өтті.
Округ әкімі Қайырсапа Саматов барша жиналған қауымға «Қош келдіңіздер!» айтып, мерекемен құттықтап, бірлігіміз жарасып, еліміз тыныш болып, бейбіт өмірде жарқын күн кешейік деген лебізін білдірді. Көктерек, Жамбыл ауылының ауылнайлары Сағындық Сәрсенов пен Бисен Ижановқа, тағы да басқа бірқатар азаматтарға Алғыс хатын табыс етті. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков, ауданның құрметті азаматы Есқайрат Өтепқалиев және ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайролла Сабыров құттықтау сөз сөйлеп, жерлестеріне ізгі тілектерін білдірді. Игі шара одан әрі ауыл көркемөнерпаздарының «Жайнай бер, Ару далам, жасыл өлкем» атты концертіне жалғасты. Жайлау төсінде оздырылған дала қызықтары – тай, құнан жарыс, аламан бәйге, палуандар белдесуі, қой көтеру, арқан тартыс мерекенің шырайын асыра түсті.
Аламан бәйгеде шабандоз Жасұлан Еділбаевтың (Бисен) жүйрігі мәре сызығын бірінші болып қиса, екінші орын Амантай Құспановқа (Көктерек), III, IV орындар Қайырболат Неғметов (Жетібай) пен Бисенбай Айтасовқа (Көктерек) бұйырды. Құнан бәйгеде сайқындық Қайрат Ықсанов пен Нұржан Есімов және бисендік Жасұлан Еділбаев жүлделерді өзара бөлісті. Тай жарысында Теңізбай Боранбаевтың (Көктерек) «жас тұлпарының» бағы жанса, Ж.Еділбаев (Бисен) екінші, Ғабит Нәсіпқали (Бөрлі) үшінші орындарды қанағат тұтты.
Палуандар белдесуінде сайқындық Нұрбек Ғазезовтің асығы алшысынан түсіп, екінші орынға Рахман Наушин (Көктерек) шықты. Ал, қос палуан Талғат Насимоллин (Сайқын) мен Серік Самодиянов (Жәнібек) үшінші жүлдені еншіледі. Арқан тартыста бисендіктердің командасы жеңісті көктеректіктердің қолынан жұлып алды. Қой көтеруде алдына жан салмаған Серік Самодиянов қанжығасына Шопан ата төлін байлады.
Осылайша, «Майтөбедегі» жайлау тойы көпшіліктің көңілін бір көтеріп тастады.
Айша ҚҰРМАШ.
Суреттерде: аламан бәйге мен палуандар
белдесуінен көрініс.