23.05.2017, 12:40
Қараулар: 329
ҰБТ: ұятқа қалмасақ екен…

ҰБТ: ұятқа қалмасақ екен…

р-0136

Бала – адам өмірінің жалғасы. Сондықтан жас ұрпаққа бар білгенімізді, көргенімізді, тіпті, қателіктеріміз бен жетістіктерімізді айтып, жаманнан жирендіруге, жақсыға ұмтылдыруға тиіспіз. Және осынау міндет ең алдымен ата-ана мен мектеп мұғалімдеріне жүктелетіні белгілі. Күні ертең соңғы қоңырау сыңғыры естілмек. Сол сәтте аудан мектептеріндегі 150 шәкірттің (21-і орыс, 129-ы қазақ тілінде оқыған) алтын ұяларындағы бейқам күндері артта қалады. Әрине, осы мезгілді тіптен бейқам деуге де келмес. Өйткені, олар үлкен өмірге қадам басуға әзірленіп, мектепті жақсы бағаға тамамдауға талпынады. Оның үстіне биылғы мектеп түлектері сонау бір кездердегідей алдымен қорытынды аттестаттаудан (емтиханнан) өтеді, ал, жоғары оқу орнында білім алғысы келетіндер ҰБТ тапсыруға бармақ. Бұл үстіміздегі жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының енгізген соны өзгерісі. Аталмыш орталықтың директоры Рамазан Әлімқұловтың мәлімдеуінше, оған соңғы жылдары мұғалімдер 8-9 сыныптардан бастап оқушыларды ҰБТ-ға дайындауға жиірек көңіл бөлетіні, яғни, сұрақ кітапшаларын сатып алып, соны жаттауға мән беретіні, соның салдарынан  ойын ауызша да, жазбаша да еркін жеткізе алмайтын, қарапайым әңгіменің мазмұнынан түсінгенін айтып бере алмайтын жастардың көбейгендігі түрткі болыпты. Қорытынды аттестаттауды тапсыра алмаса немесе нашар баға алса, нәтиже аттестатқа міндетті түрде жазылып, түлек ҰБТ тапсыру құқығынан айырылады. ҰБТ тапсыра алмау – жоғары оқу орнына түсе алмау деген сөз.

Ауданымызда ҰБТ-дан өтуге 105 шәкірт, яғни, түлектердің 70 пайызы ниет білдіріпті. Жастарымыздың білімге құштарлығы қуанарлық жағдай. Десек те, «Көрсеткіш қандай болады?» деген сауал әрбір түлекті ғана емес, кез келген бөкейлікті толғандыруы тиіс. Біз ғылым-білімнің алғаш негізі қаланған тұңғыштар топырағынанбыз. Сондықтан көкейдегі осынау сауалды аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Зинур Мұхтарға қойып, ой бөліскен едік.

– Білім сынақтарына дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Оқушылардың қазіргі көрсеткіштері 72-80 пайыз аралығында. Былайша айтқанда, әзірше ауданымыз облыс бойынша орташа деңгейде,-деді ол.

Иә, білім бөлімінен естігеніміз көкейімізде үміт отын жаққандай болды. Қайтіп қуанбассың… Тек үміт алдамағай! Өйткені, мектеп бітірушілеріміздің бірнеше жыл қатарынан көш соңында келе жатқаны жасырын емес. Сын сағат жақындаған сайын бәйгеге шапқан шабандоз ұлы үшін тақымын қысқан ата-анадай біз де мазасыз күй кешіп, биылғы түлектеріміз еңсемізді көтергей деген тілектеміз.

Раушан БАҚЫТОВА.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар