4.07.2017, 12:18
Қараулар: 212
Сарыптан сақтанайық!

Сарыптан сақтанайық!

Биыл ауданымызда сарып ауруына шалдыққан 1 адам тіркелді.  Сондықтан жануардан (ешкі, қой, сиыр) адамға жұғатын бұл қауіпті дерттен сақтанудың негізгі шаралары туралы толығырақ біле жүріңіз.

Малда сарып ауруы анықталған жағдайда міндетті түрде:

  • Ауру жануарларды 5 күннің ішінде союға тапсыру қажет және ескеретін жайт, оны үй жағдайында союға болмайды;
  • Мал қораны қидан, мал өнімдерінен тазарту, залалсыздандыру шарт;
  • Ауру жануар өлген жағдайда немесе түсік тастаса, ветеринар мамандарға хабарлау;
  • Жануарды күту барысында қорғаныш киімін кию (оны үйге кіргізбеу, әрі басқа киімдерден бөлек жуу), балаларға ауру жануарға жақындауға тыйым салу;
  • Жұмыс жасап болғаннан кейін  қолды ыссы сумен сабындап жуу қажет;
  • Мал тұрған қорада темекі тартуға, төлді кіргізуге және тексерілмеген малдың сүтінен жасалған тағамдарды қолдануға болмайды.

Адам сарып ауруын:

  • Мал төлдегенде жануардың шуынан, шудың суынан және жыныс жолдарынан бөлінген бөлінділерінен, сонымен қатар ауру жануардың зәрі, нәжісі, қаны, еті, жүні, терісінен;
  • Ауру жануардың қайнамаған сүтін және олардан дайындалған тағамдарды (қаймақ, кілегей, сүзбе, ірімшік, брынза және т.б.) қолданған кезде;
  • Шала піскен еттен;
  • Мал өнімдерін өндіргенде және тасымалдағанда;
  • Қырқым кезінде;
  • Бруцелла  қоздырғышы  бар шаңмен дем алғанда жұқтыруы мүмкін.

Бұл дерттің клиникалық симптомдары төмендегідей: науқастың дене қызуы 39-40 С-ға дейін көтерілуі, қалтырауы, түнгі мезгілде тершеңдік, жалпы әлсіздік, бас ауруы, сүйек, буын және бұлшық еттердің сыздауы, ұйқышылдық. Аурудың алғашқы белгілері байқалған кезде-ақ дәрігер көмегіне жүгініңіз.

«Сақтансаң, сақтармын» демекші, қай дерттен де сақтанудың кілті жеке гигиенаны ұстануда екендігін ұмыт қалдырмай, ауруға шалдықпаудың шарттарын орындайық.

Лаура КАРИНА,

аудандық қоғамдық денсаулық сақтау

 басқармасының бас маманы.