26.09.2017, 12:35
Қараулар: 518
Ақбөкендер азайып бара жатыр

Ақбөкендер азайып бара жатыр

– Жазық далада самал желмен жарысып, жолаушының жолын кесуге құштарлық танытатын киіктер де азайыпты,-деп күрсінді өлкеміздің табиғатына жанашырлық танытқан бір қария. Онысы рас. Халқымыз «ақбөкен», «жез киік» деп әнге қосқан бұл аңның саны шынында да недәуір кеміп кетті. Іргеміздегі қытай елімен сауда-саттық, өзге де алыс-беріс жақсарғалы киік мүйізінен шипалы дәрілерді жасайтын олар заңды-заңсыз жолмен тапсырысты күшейтуде. Ақшаға құныққан кей отандастарымыз ата-бабаларымыз «құралай» деп қадірлеп, жазираның көркіне балаған жануарды жауындай жапыруда. Олардың арасында бөкейліктердің жүруі өкінішті-ақ. Ауданымызда заңсыз аңшылық жасау және дериваттармен айналысу фактілері бойынша сотталғандар саны жылдан жылға өсіп келеді. 2014 жылы – 1, 2015 жылы – 2, 2016 жылы – 6, ал, биыл 8 адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 339-бабымен, яғни, жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз алу, иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, салып жіберу, тасымалдау яки жою сынды әрекеттері үшін қылмыстық жаза арқалады. Бірі үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл төлесе, бірі сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына кесілді. Енді бірінің бас бостандығына үш жылға дейінгі мерзімге шектеу қойылса, қайсыбірі сол мерзімге бас бостандығынан айырылды. Жазаға тартылғандардың арасында киіктің мүйізін тауып алып, бір кәдеге жаратармын деп өзімен бірге қызығушылықпен алып жүргендер де бар.

Сөз орайы келген соң айта кетелік, қылмыстық кодекстің 337-бабында жарылғыш құрылғыларды немесе жануарларды жаппай қырып-жоятын өзге де құралдарды қолданып, сол сияқты авиа, авто, мотокөлік құралдарын, оның ішінде, қарда жүретін техниканы пайдаланып, заңсыз аң аулау белгілі бір лауазымдарды атқару және белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, болмаса бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатыны көрсетілген.

Қоршаған ортаны, әсем табиғатымыз бен ондағы аң-құстарды, ауа тазалығын сақтап, келер ұрпаққа табыстау – жарқын болашақтың кепілі. Ертеңін ойлаған жан осыны естен шығармауы керек.

Руслан ШӘКІРЖАНОВ,

аудандық прокуратураның аға прокуроры,

І санатты заңгер.