26.09.2017, 12:44
Қараулар: 359
Өрт қауіпсіздігін сақтайық!

Өрт қауіпсіздігін сақтайық!

Қоңыр күздегі мизам шуағы – қысқа қамданысты тиянақтар шақ. Қазан айының ортасында от жағу маусымы басталады. Осыған орай, ауданымызда 15 қыркүйек пен 16 қазан аралығы тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі айлығы болып жарияланды.

Күннің суытуына байланысты тұрғын үй иелері үйді жылыту үшін әртүрлі қолдан жасалған электр жылыту құралдарын қолданады. Мұның өзі электр желілерінде ақау шығуына, сөйтіп, ұшқыннан жалын қаулауына себепші. Сондай-ақ, бірқатар ауылдастарымыз ақаулы ошақ, пештерді салғырттықпен пайдалана береді. Бұл да өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу болып табылды. Жылыту пештерін пайдалану барысында төмендегідей өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажет:

– Пештің горизонтальды және вертикальды бөлігін 38 см-ден кем болмайтындай етіп қалау, пештің алдына еден күймейтіндей көлемі 50х70 см  қаңылтыр қағу;

– Үй жиһаздарын және басқа да  жанғыш заттарды ошақ пен пештен 20 см-ден кем болмайтын қашықтықта орналастыру. Тезек, ағаш сынды отынды пештің қасына кептірмеу;

– Жылу беру мерзімі алдында және осы мезгіл бойы әр 3 ай сайын пеш мұржасын ыс күйеден тазарту керек;

– Газ иісіне уланып қалмау үшін уақтылы жылыту пештерін жөндеу, сылау, ақтау қажет. Газ баллондарды ауыстыру, қолдану кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң ұстанғанның еш артығы жоқ.

Әрқашан есіңізде болсын, өртті сөндіргеннен гөрі алдын алған оңай.

Тұрарбек АПАҚАЕВ,

                                                     аудандық ТЖ бөлімі бастығы,

азаматтық қорғау майоры.