25.10.2017, 12:34
Қараулар: 455
Айлық қарқынды жүруде

Айлық қарқынды жүруде

а-616

Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасында мүгедектер күнін белгілеу туралы» 1993 жылғы 15 маусымдағы №1224 жарлығын,  Батыс Қазақстан облысының әкімдігінің «Мейірбандық күндері» қайырымдылық айлығын өткізу туралы қаулысына сай біздің ауданымызда да іс-шаралар жоспары белгіленіп, жүзеге асырылуда. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасы мен жалғыз басты аналарға мекеме қызметкерлерінен қаржылай көмек көрсетіліп жатыр.

1 қазан Қариялар күніне арналып аудан орталығында қарияларға мерекелік дастархан жайылды. Түстікті өткізуге 5 мекеме (аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, халықты жұмыспен қамту орталығы, сәулет және құрылыс бөлімі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, электр тарату торабы) бірлесіп, 200,0 мың теңге көлемінде демеушілік көрсетті. Бұл бастама әрбір округтерде де өз жалғасын табуда.

Хан Ордасы ауылындағы бойынша «Қарияларды аялайық» атты кеште округ әкімі Медет Сисенов өз қалтасынан 25 000 теңге қаржылай демеушілік жасап, 16 қарияға  құрмет көрсетті. Мектеп оқушылары мен әлеуметтік сала қызметкерлері жалғызілікті үлкендерді үнемі қамқорлап, үйлеріне тазалық жұмыстарын жүргізіп тұрады.  Мұратсай ауылдық округінің Тайғара бастауыш мектеп ұжымы бастамасымен  «Қария, ақылы теңіз дария» атты мерекелік концерт және 10 қарияға мерекелік дастархан жайылса, Әжен ауылдық мәдениет үйінде де дастархан жайылып,  «Аман жүр асыл қариям» концерттік бағдарлама ұсынылды.

Бисен ауылдық округінде де аталмыш мерекеге арналып, «Қариялар – таусылмайтын қазынамыз» атты мерекелік концерт қойылды және 40 қарияға арнайы дастархан (40 000 теңге) жайылды. Мүмкіндігі шектеулі, көп балалы, аз қамтылған отбасы балаларына арналған «Жан жылуы – жүрек жылуы» атты мәдени-спорттық шаралар оздырылды. «Самат» шаруа қожалығы жетекшісі Бисен Ижанов ауылдасы С.Сарсенғалиев шөп (25 000 теңге), «Заман» шаруа қожалығы жетекшісі Сағындық Сарсенов Н.Катаповқа отын (15 000 теңге) түсірсе, «Даурен» шаруа қожалығы жетекшісі Шынтай Лайқов ауыл тұрғындарына Г.Сағынғалиева, А.Майтақов, А.Ибрагимова отбасыларына қой етінен (30 000 теңге) көмектесті. Сонымен бірге Мұратсай ауылының жас Бақытнұрға (20 000 теңге) қаржылай көмек көрсетілді. «Ораз» шаруа қожалығы жетекшісі Ермек Момынов зейнеткер И.Кенжебаева шөп (25 000 теңге) және  отын (15 000 теңге) түсірсе, А.Момынова төрт жүз мың теңгеге тұрғын үй сатып алып беріп, шөптен және отыннан көмек етті. Ал, З.Сүлейменоваға газ плитасын сыйлады.

Темір Масин ауылдық округіндегі «Нарын» шаруа қожалығы жетекшісі Нағым Тәжімұратов көп балалы, аз қамтылған, ІІІ топ мүгедегі Е.Өтеуовтің жанұясына азық-түлікпен және балаларына киім-кешек пен оқу құралдарын алуға (60 000 теңге), отбасында екі мүгедек баласы бар Қабделовтарға отыннан (25 000 теңге) көмектесті. «Альмира» шаруа қожалығы жетекшісі Асқар Айтмұқанов М.Нұрышевтің отбасына шөп пен отын (100 000 теңге) және жалғызбасты әйел адамға мектеп жасындағы қызына киім, сабақ құралдарын (50 000 теңге) алып берді. «Жаннат» шаруа қожалығы жетекшісі Мирболат Мұсағалиев ІІ топ мүгедегі Э.Молдағалиева отын (75 000 теңге) түсіріп, ауыл қарияларына түстік дайындауға (20 000 теңге) демеушілік жасады. Қариялар күніне арналған түстікке «Жеті жылдық» шаруа қожалығы жетекшісі Қуаныш Жакыбалиев бір қой және ауылдық мекеме басшылары (45 000 теңге) түстікке үлес қосып, 45 қарияға сый-сияпаттар ұсынылды.

Ұялы ауылдық округінде де мәдениет үйінде «Жүректен жүрекке» атты мерекелік концерт өтті. Сол мерекелік концертке шақырылған 20 қарияға сыйлықтар табысталды. 30 000 теңге қаражат жұмсалды. Ш.Жексенбаев атындағы орта мектеп асханасында мүмкіндігі шектеулі балалар мен жалғызілікті адамдарға шай-су берілді. Әрі электр жарығын төлеуге 5 адамға, ауыз су құйдыруға 7 адамға, мал азығымен (шөп) 2 адамға көмек көрсетілді.

Саралжын ауылдық округінде де округі әкімі аппаратының күшімен ауылдық мәдениет үйінде «Қариялар — қазынам» мерекелік дөңгелек үстел өткізіліп, оған 42 адам қатысты, соңынан дастархан (42000 теңге)  жайылды. Округтегі «А.Қангереев» шаруа қожалығы жетекшісі, ІІ топ мүгедегі Алтай Қангереев аз қамтылған және көп балалы жанұяларға 4 тіркеме отын (60000 теңге) түсірді. Кітапхан меңгерушісі Гүлмира Көшкінова мен әлеуметтік қызметкер Сәуле Мұқамжарова ұйымдастыруымен «Бар жақсылық-балаларға» атты арналған қайырымдылық шарасы өтті. Оны ашқан округ әкімі Н.Сабиров оралымды да шебер сөздерімен баршаны қайырымдылық айында игі іс-шаралар жасауға шақырып, жүрекжарды лебізін білдірді. Әсерлі өткен кеште мәдениет үйінің көркемөнерпаздары мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап ән шырқап, қазақтың киелі домбырасымен күмбірлете күй төкті.

Айлық барысында «Батыс Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы» 9 жерлесімізге аудан әкімінің орынбасары Л.Т.Қайырғалиева, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Ж.Ж.Еркегалиев пен кеңесші маман С.К.Молдашевалар барып, хал жағдайларын біліп, сый сияпаттар табыстады. Сонымен қатар осы орталыққа ауданның жетістіктерін айқындап, атқарылып жатқан жұмыстарды көрсететін стенд орнатылды. Қамқорланушылар оны тамашалап, жаңалыққа қанық болып, өздерін назардан тыс қалдырмай,  ілтипат көрсеткендері үшін бөкейліктерге ризашылықтарын білдірді.

Жандары жүдеу, ауру-сырқаулы, мұқтаж адамдарға қашанда қол ұшын беру – адами парыз. Қайырымдылық аясы кең ұғым, осындай игі істер жыл бойына жалғасын таба бермек.

Сұңғат Қойшекенов,

аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің

үйден қызмет көрсету секторының меңгерушісі.