21.11.2017, 9:58
Қараулар: 349
Диабет дерті дендемесін десек…

Диабет дерті дендемесін десек…

Диабет (лат. diabetes mellitus) – қанда қант мөлшерінің көбейіп кетуінен пайда болатын дерт. Онымен жас та, кәрі де ауырады. Әсіресе, жасөспірім кездегісі өте қиын, мұндай жаста диабетпен ауырғандарға арнаулы дәрі (инсулин) қолдану ұсынылады. Әйтсе де, бұл ауру 40-тан асқан, тамақты шектен тыс ішіп, толыса бастаған адамдарға тән. Ол негізінен қимыл-қозғалыстың аздығынан, тұтынатын тағамның сапасыздығынан туындайды. Асқазан асты безінен жеткілікті мөлшерде инсулиннің бөлінбеуінен ағза қант түйіршегін өңдей алмайды. Соның салдарынан қанның құрамындағы қант мөлшері артады. Бұл дертке күні бүгін біздің 171 жерлесіміз шалдығып отыр.

Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күніне орай аудандық мәдениет үйінде оздырылған шарада бас денсаулық сақшысы Әділгерей Ғаббас осыны және өткен ғасырдың 80 жылдары ауданымызда «сусақ» атауымен танылған дертке шалдыққандар саны не бары 25 адам болғанын мәлімдеді. Әрі одан сақтанудың бірден-бір жолы салауатты өмір салтын ұстану, табиғи өнімді пайдалану екенін баса айтты. Ғалымдардың болжамы бойынша 2030 жылға қарай әлемде осындай диагноз жарты миллиард адамға қойылуы мүмкін екен. Дәрігер-эндокринолог Нәсіп Нүркенова осынау дертті уақтылы анықтаудағы скринингтің роліне тоқталып, аурудың асқынуына әсер ететін факторлар мен оның белгілерін баяндады. Жиында сайқындық Жібек Шәкіржанова қант диабетіне шалдыққандарға дүкендерде арнайы бұрыш жасақталса деген өтінішін білдірсе, Ескендір аға Қазиханов қажетті дәрі-дәрмекті мерзімінде ұсыну ісі үзілмеуін сұрады. Айта кетелік, кездесуге келген мекеме басшылары, қант диабеті ауруымен есепте тұрған ауылдық округ тұрғындары және мекеме, ұйым қызметкерлері аудандық аурухана психологтарының жетекшілігімен дертке тосқауыл болатын дене шынықтырумен шұғылдануды осы залдан-ақ бастап кетті. Ал, дәрігерлер нұсқауын қалтқысыз орындап, саулығына шағымданбаған бір топ науқас «Үздік пациент» атанып, емдеушісінің сый-сияпатына ие болды. Аудандық ауруханадағы қант диабеті мектебінен дәріс алғандарға да осы шарада арнайы сертификат табысталды. Әрі ақ халаттылар келушілердің қан қысымын өлшеп, холестерин, глюкоза мөлшерін анықтады. Аталмыш дертке шалдыққандарға глюкометр, арнайы куәлік және бақылау күнделігі тегін үлестірілді. Қайырымды жандар фойеде орналасқан жәшікке қаражат салды, ол науқас жандардың қажетіне жұмсалмақ.

Аудан әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев осындай игі шараны ұйымдастырып жатқан аурухана ұжымының ісіне сәттілік тілеп, кез келген кеселдің алдын алу ғана оң нәтиже беретіндігін сөз етті.

Раушан БАҚЫТОВА.