21.11.2017, 10:14
Қараулар: 313
Күй құдіреті немесе домбырашылар додасы

Күй құдіреті немесе домбырашылар додасы

Тәңірдің сыйы сан қилы қабілет, дарын арқылы байқалады. Тектілік ұғымының мәні терең. Маңдайы жіпсіп, бесіктегі  баласына дейін күй тыңдайтын Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Сейтектер өмірге келген қасиетті топырақта делебені қоздырып, тұла бойыңды шымырлатқан жас домбырашылар өз өнерлерін бөкейліктер алдында жайып салды.

Қазақтың домбыра аспабына көптеген жаңалықтар енгізген күйші-ұстаз, кіндік қаны қасиетті Орда топырағында тамған Мұхит Айтқалиевтің туғанына 90 жыл толуына орай Хан ордасы ауылында өткен «Домбыра – достық үні» атты облыстық байқауға алыстан ат терлетіп жеткен  қонақтар бабалар кесенесіне зиярат етіп, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтар мен тұңғыш қазақ-кеңес атты әскер полкінің комиссары, ақын Бисен Жәнекешев, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова, күйші Сейтек баба ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды. Айта кетелік, Алматы қаласынан күйшілік-жыраулық өнерді насихаттаушы, қарымды қаламгер Жаулыбай Иманәлиев, ҚР Мәдениет қайраткері Есенгелді Молдағалиев, Ғ.Құрманғалиев атындағы  облыстық «Орал сазы» фольклорлық ансамблінің жетекшісі Асқар Кенжеғалиев, халықаралық, республикалық конкурстардың жүлдегері, ҚР мәдениет саласының үздігі Асылхан Қазиев, Қ.Сағырбаев атындағы музыкалық колледж директоры Нұржан Сертековтер төрағалық еткен бұл байқауға он үміткер қатысты.

Мұхит Айтқалиев домбыра аспабына шетел музыкасын алғаш өңдеп түсірумен қатар, «Қаратау шертпелері» күйлерін  нотаға түсіріп жеткізуші, тұңғыш кәсіби домбырашы-ұстаз екенін музыка мамандары болмаса, қарапайым халықтың бәрі бірдей  біле бермеуі кәдік. Десек те, өз қолымен жазып кеткен өмірбаянында ол Орда ауданының Азғыр ауылдық кеңесінде 1927 жылы әлім кете руынан тараған Өтеулі Қаласовтың отбасында жарық дүние есігін ашқанын, анасы Зияда Ахметқызының ұлты татар екенін айтады.  Азан шақырып қойған есімі о баста Мұқси болыпты. Мақсот атты ағасы, Мүсілім деген інісі болған. 1934 жылы әкесі қайтпас сапарға аттанғанда  Мұхит  жеті жаста екен. Анасы оны Азғырдағы балалар үйіне тапсырады. Ұлы Отан соғысы басталғанда соғысқа алынған Мақсот 1943 жылы Сталинград майданында қаза тауып, Мүсілім жастай өмірден өтеді.

Балалар үйінде тәрбиеленген Мұхит күйшіге жаратушы сан алуан қабілет сыйлапты. Оның сауатты музыкант болуымен қатар, дарынды суретшілік қыры да талайды таңдай қақтырған. Бір ғажабы ол өз туындыларын қылқалам емес, қарапайым қаламсаппен салған екен. Музыканың құдіреті арқылы есімі әлемге танылған Шәмші Қалдаяқовтың жанында жүріп, әндерін нотаға түсірген күйші-ұстаздың енгізген жаңалықтары домбыра әлемін жаңа бір қырынан дамытуға жол ашыпты. Оның қазақ күйлерін нотаға түсірудегі еңбегі тіптен орасан. «Дарынды адам барлық жағынан дарынды» дегендей, ағаштан ойып, арнайы әшекейлеп жасаған домбыра тиегіне дейін хас шебердің қайталанбас қолтаңбасы болып, өнер жанашырлары есінде мәңгі сақталған.

Сонымен, Хан ордасы ауылдық мәдениет үйінде өткен домбырашылар байқауы аудандық ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы Түркештің «Көңілашар» күйімен ашылды. Одан  әрі сайдың тасындай іріктелген  музыка  мамандары  мен студент қыз-жігіттер киелі сахнада бақ сынады. Делебені қоздырып,  нағыз жүйріктер қатарынан қара үзіп, суырылып алға шыққан оралдық Жасұлан Зинединов бас жүлдені жеңіп алса, бөрлілік Азамат Қалиев І орынды иеленді. Ал, ІІ орын тегі бөкейлік Рауан Каспидің (Орал қаласынан) қанжығасына байланса, Берік Шаймардановқа (Орал) ІІІ орын бұйырды. Қалған үміткерлерге ынталандыру сыйлықтары мен Дипломдар табысталды.

Өз кезегінде күйші-термеші һәм қаламгер Жаулыбай ақсақал М.Айтқалиевтің өмірі туралы естеліктерімен бөлісіп, «Сендердің әрқайсың қасиетті топырақта дүниеге келген бақытты  ұрпақсыңдар! Бөкейліктердің алдында басымды ием!»-деп тектілігін танытып, өзі де Сүгірдің «Аққу» күйін төгілтті. Асқар Кенжеғалиевтің домбырашы-ұстаз  туралы баяндамасы  да тыңдарманды бей-жәй қалдырмады.

Өнер сүйер қауымды тұлпар-шабыспен ынтықтырған айтулы күй тартысы соңында аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов жеңімпаздарды жеңістерімен құттықтап, үлкен өнер байқауларында да шашаларына шаң жұқтырмай, алдыңғы лектен көрінулеріне тілектестігін білдірді. Әрі ешкім сый-сыяпаттан кенде қалған жоқ. Бір әттеген-айы жерлестеріміздің осынау додаға қатысулары көңіл көншітпесе, әлдекімдер өңірімізге танымал белгілі домбырашылар бұл сайысқа шақырылуы керектігін айтып жатты. Несі бар, дұрыс  сияқты…

Гүлнар ТАСБОЛАТҚЫЗЫ.